Президент зейнет жасын ұзартатын заңға қол қойды

0
5 308

Елдегі азаматтардың зейнетке шығу жасы ұлғайтылуда


Президент зейнет жасын ұзартатын заңға қол қойды

сурет: stan.kz

ERNUR.KZ. Ресей президенті Владимир Путин зейнетақы реформасы туралы заң жобасына қол қойды. Бұл туралы Кремльдің ресми сайты хабарлады.

Заң бойынша, ерлердің зейнетке шығу жасы кезең-кезеңімен 65-ке дейін, ал әйелдердің зейнет жасы 60-қа дейін ұзарады. Мерзімінен бұрын зейнетке шығу үшін ерлердің 42 жыл, әйелдердің 37 жыл еңбек өтілі болуы тиіс.

Заңды қазанның 3-інде Ресей Федерация кеңесі, қыркүйектің 26-сында Мемлекеттік дума мақұлдаған.

Шілдеде Ресей парламенті елдегі азаматтардың зейнетке шығу жасын ұлғайтуды, яғни әйелдер үшін - 63 жас, ал ерлерге - 65 жас деп белгілеуді көздейтін үкімет әзірлеген заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Үкімет реформасына қарсылық танытқан тұрғындар Ресейдің ондаған қаласында наразылық акцияларына шыққан. Қоғамдық сауалнама нәтижелері Ресей президенті Владимир Путиннің рейтингі күрт төмендегенін көрсеткен. Путин 29 тамызда өткен тікелей эфир кезінде әйелдердің зейнетке шығу жасын үкімет жоспарлаған сегіз жылдың орнына бес жылға ұзартуды және үш немесе одан да көп балалы аналарды зейнетке ертерек шығаруды ұсынған.

Қазан айының басында Путин зейнетақы реформасына өзі енгізген түзету бюджет қаржысын үнемдемейтінін, керісінше, қосымша шығынға батыратынын мәлімдеген. Үкімет әуелде зейнеткерлік жасын ұлғайтудан үнемделген қаржыны қазіргі зейнетақы көлемін көбейтуге жұмсамақ болған.


Дереккөз:azattyq.org/a