Ресей ғалымдары жасанды жылқы етін өсіріп шығарады

0
1 459

Бұл жобаны Татарстан ғалымдары қолға алған.


Ресей ғалымдары жасанды жылқы етін өсіріп шығарады

ERNUR.KZ. Ресей ғалымдары жасанды жылқы етін жасап шығармақ. Оны жасауға антибиоток және басқа да адам денсаулығына зиян препараттар қажет болмайды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ғалымдар етті арнайы инкубаторда жануарлардың бағаналық жасушасынан өсіріп шығарады. Жасанды жылқы етінің дәмін үш жылдан кейін тата аламыз, ал биопринтердің көмегімен кесекті ет алу 5 жылдан кейін мүмкін болады.

Еттің бұл түрі келешекте ауыл шаруашылығы өніміне пайдалы балама бола алады. Өйткені жасанды тамақты қолдан жасау кезінде жануарлардың жасушасы пайдаланылады және ол вирустар мен бактериялардан қорғалған, зарарсыздандырылған нәрлі ортада өсіріледі. Қазір әлемде ет өсіру технологиясын дамытып жатқан 30-ға жуық жоба бар. Соның бірі Қазан қаласында іске асырылып жатыр. Татарстандық ғалымдардың сөзінше, жылқының етін таңдауға осы етті сүйіп жейтін татар халқының дәстүрі ықпал еткен.

«Ет жасау үшін биопсия көмегімен құлыннан бұлшық ет ұлпасының үлгілерін аламыз. Өйткені құлынның етінде бізге қажет бағаналық жасуша көп. Сосын биологиялық материалды арнайы инкубаторға саламыз. Бұл техника дұрыс температуралық режим мен атмосфера құрамын қамтамасыз етеді, сондай-ақ жасушалардың өсуіне қажетті тағамдық заттарды жеткізеді» - дейді ArtMeat компаниясының бас директоры Асқар Латышев. .

Ғалымдардың қазіргі кезеңдегі басты мақсаты – бұлшық ет компоненттері барынша жылдам өсуі үшін оңтайлы жағдай мен нәрлі орта табу. Мамандардың айтуынша, жасушалық даму белсенділігі – технологияның әрі қарайғы ауқымын арттыруға қажет ең маңызды сипаттың бірі. Ол бұл технологияны өнеркәсіптік ауқымда қолдануға мүмкіндік береді. Жалпы, ғалымдар жасанды жылқы еті мен кәдімгі жылқы етінің дәмінде айырмашылық болмайды деп отыр.

«Алынған өнімнің дәмі табиғи жылқы етінікіндей болады. Бірақ бұл пайдалы балама бола алады. Инкубаторлардың тазалығының арқасында жасанды етті өсіретін кезде фермада жиі қолданылатын антибиотик қажет болмайды» - дейді Қазан федералды университеті прециозды және регенеративті медицина ғылыми клиникалық орталығының директоры Альберт Ризванов..

Фарш жасағаннан кейін жасушадан кесекті ет өсірудің де ауылы алыс емес. Дегенмен, ол аддитивті технологиялар барынша дамыған жағдайда ғана мүмкін, себебі жасанды стейк алу үшін оны өсірілген жасушадан басып шығаратын өте күшті биопринтер қажет.

3D Bioprinting Solutions компаниясы құрылтайшыларының бірі және басқарушы серіктесі Юсеф Хесуанидің айтуынша, оған бес жылдай уақыт керек. Сарапшының сөзіне сенсек, бұл салада жетістікке жету үшін ғалымдар бұлшық ет және май жасушаларымен бірге біріктіруші ұлпа жасушаларын да пайдалануы тиіс. Олардан стейк қатпарлары қалыптасады.

«2014 жылы өсірілген жасушаның килограмы $1 млн болса, қазір ол $1,5 мыңға дейін түсті. Бірақ бұл өнім ресторанға дейін жетуі үшін оны тағы 100 есе арзандату керек, яғни $15 дейін. Менің ойымша, бұл әбден мүмкін», - дейді Юсеф Хесуани.

ArtMeat өсірген алғашқы фарш шамамен үш жылдан кейін дайын болады. Содан кейін еттің бұл түрі қымбат ресторандарда және дүкендерде пайда болуы мүмкін.