Маймыл шешегіне зертханалық зерттеу. Фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Санкт-Петербургте бес адам маймыл шешегін жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылып, медициналық бақылауға алынды, - деп жазады TengriHealth:
Басылымның мәліметінше, бұл туралы Роспотребнадзордың Санкт-Петербург және Ленинград облысы бойынша өңіраралық басқармасы мәлімдеді.
"Эпидемиологиялық тергеу барысында қарым-қатынаста болған адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 5 адам ауруханаға жатқызылды және медициналық бақылауда. Дезинфекция жүргізу туралы нұсқама берілді", – делінген хабарламада.
Басқарма мамандардың жедел түрде санитарлық-эпидемиологиялық тергеуді бастап, індетке қарсы іс-шаралардың толық кешенін ұйымдастырғанын айтты.
Диагностика үшін Роспотребнадзор әзірлеген және тіркеген, вирусты аз уақытта анықтауға мүмкіндік беретін тест-жүйелері қолданылып жатыр. Тергеу жалғасып жатыр, жағдай ведомствоның бақылауында.
Сондай-ақ, 15 қазанда Мәскеу облысында маймыл шешегін жұқтырған болуы мүмкін адаммен байланыста болған бес адам профилактикалық мақсатта ауруханаға жатқызылғаны хабарланды. Өңірлік денсаулық сақтау министрлігі түсіндіргендей, оларда ауру белгілері болмаған, жағдайлары қанағаттанарлық деп бағаланды. Науқастардан сараптама алынып, медициналық бақылау орнатылды.


