«Росатом» Ирандағы атом электр станциясына мамандарын қайтарды

0
146

Корпорация күзде жоба бойынша қызметкерлер санын 100-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр.


«Росатом» Ирандағы атом электр станциясына мамандарын қайтарды

Фото: Anadolu

ERNUR.KZ. Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Ирандағы «Бушер» атом электр станциясының (АЭС) құрылыс алаңына мамандарды қайтара бастады. Қазіргі уақытта нысанда 25 ресейлік маман жұмыс істеп жүр, деп жазады inform.kz.

«Росатом» бас директоры Алексей Лихачевтің айтуынша, Ирандағы «Бушер» атом электр станциясына алғашқы бес инженерлік-техникалық қызметкер келді. Осылайша, нысандағы ресейлік мамандардың жалпы саны 25 адамға жетті.
– Біз алдағы екі апта ішінде тағы бірнеше ондаған қызметкерден тұратын топты жіберуді жоспарлап отырмыз. Әрине, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс одан әрі ушығып кетпесе, – деді Лихачев.

Оның айтуынша, корпорация күзде жоба бойынша қызметкерлер санын 100-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр.

— Әрине, біз бұрын ислам республикасынан эвакуацияланған барлық маманды мүмкіндігінше тезірек қайтаруды жоспарлап отырмыз. Алаңда № 2 және № 3 энергоблоктардың негізгі және қосалқы ғимараттарының құрылысы жалғасып жатыр, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарда дайындық жұмыстары басталды, — деп атап өтті ресейлік мемлекеттік корпорацияның бас директоры.