Гүл не тәтті орнына қандай гаджет берген дұрыс?
фото: ЖИ
Педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні таяп қалды. Ұстазға құрмет көрсеткісі келген әр адам «Не сыйласам болады? Қандай сыйлық дұрыс?» деп бас қатыратыны анық. Дәстүрге айналып кеткен гүл шоғы мен тәтті шоколад, қаламсап пен қойын кітапшасы, кейде ыдыс-аяқ ойға бірінші оралады. Бірақ мұғалімге ұзақ уақыт бойы пайдасын тигізетін, күнделікті жұмысына қажет заманауи гаджеттер – әлдеқайда ұтымдырақ таңдау.
Заманауи технология, гаджеттер мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, күнделікті міндеттерін тиімді орындауға көмектеседі. Сондықтан мерекеге орай сыйлық іздеп жүрсеңіз, электронды құрылғылардың бірнеше түрін қарастырып көріңіз. Олар әдемі ғана емес, күнделікті өмірде де кәдеге жарайды.
Ысытылатын ланчбокс
Егер мұғалім дұрыс тамақтануға мән беретін немесе асханадан тамақтанғаннан гөрі үйде дайындалған асты ұнатса, ысытылатын ланчбокс жақсы сыйлық болады. Сыйымдылығы үлкен модельдер тағамды кез келген жерде жылытып жеуге мүмкіндік береді. Ол үшін ланчбокс сымын электр көзіне қосу жеткілікті. Кейбір үлгілердің жиынтығында қасық, шанышқы сияқты ас құралдары да болады. Бұл – құрылғының ыңғайлылығын арттыратын шағын, бірақ пайдалы қосымша.
Аяққа арналған массаж ваннасы
Бұл сыйлық күнұзаққа сыныптар арасында жүріп шаршайтын, кешкісін аяғын айрықша демалдырғысы келетін мұғалімдерге арналған. Сабақ бойы тақта алдында тұрып, бір кабинеттен екіншісіне жүріп-тұратын педагог үшін аяққа күтім жасау артық емес.
Массаж жасайтын аяқ ванналарының көпшілігінде бірнеше жұмыс режимі болады. Діріл арқылы аяққа жеңіл массаж жасап беретін түрлері бар. Су температурасын да тексеріп әуре болмайды, кей үлгілерде өздігінен қыздыратын, бегілі бір жылулықта ұстап тұратын мүмкіндіктер қарастырылған.
Үстел шамы немесе түнгі шам
Жарықты реттеуге болатын үстел шамы – басқалар ұйқыға жатқанда кітап оқуға не жазуға отыратын мұғалімдер үшін практикалық сыйлық. Ал оның ішінде сымсыз зарядтау құрылғысы немесе кеңсе заттарын салатын шағын ыдысы болса, одан да ыңғайлы.
Егер сыйлықтың жылы әрі жайлы болғанын қаласаңыз, түнгі шамды таңдауға болады. Жылы жарық режимін қосса, үйде демалу үшін аса жайлы атмосфера қалыптастырады. Ал жарығын күшейтсе, үстел үстін ғана кітап оқуға не жазуға жетерлік жарықпен толтырады. Отбасы мүшелерінің мазасын қашырмай жұмыс істеуге таптырмас құрал.
Ұйқыны жақсартуға көмектесетін гаджет
Күнделікті күйзеліс адамның ұйқысына да әсер етуі мүмкін. Ал жақсы ұйқы – келесі күнге күш жинаудың маңызды бөлігі. Мұндай жағдайда ақ шу генераторы сияқты арнайы гаджеттер көмектесе алады. Ол бөлмеде бірқалыпты жағымды дыбыс қалыптастырады. Кейбір құрылғыларда құстардың сайрауы, жапырақтың сыбдыры, теңіз толқынының дыбысы сияқты табиғи әуендер де болады. Ұйықтар алдында осындай тыныш дыбыстарды тыңдау бөлмені жайлы етуге көмектеседі.
Power bank – сыртқы аккумулятор
Сыртқы аккумулятор – сыйлық таңдауда қателікке ұрындырмайтын нұсқалардың бірі. Өйткені қазір көп адамның смартфоны, құлаққабы немесе басқа да күнделікті қолданатын электронды құрылғылары бар. Power bank таңдағанда сыйымдылығы кемінде 10 000 мАсағ болатын модельдерге назар аударған дұрыс. Ал жылдам қуаттау функциясын қолдаса, мұғалім смартфонын немесе басқа құрылғысын қысқа уақытта қуаттап ала алады.
Wi-Fi бар шағын камера
Бұл гаджет сыныптағы маңызды сәттерді жазып алғысы келетін немесе сабақ барысын кейін талдап көргісі келетін мұғалімге пайдалы болуы мүмкін. Шағын камераны орнату оңай, көп орын алмайды және сапалы бейне түсіреді. Жазбаларды жад картасына немесе бұлтты сақтау жүйесіне сақтауға болады. Мұндай құрылғы сабақ барысын кейін қайта қарап, оқу процесін талдауға мүмкіндік береді.
Ақылды колонка
Дауыстық көмекшісі бар ақылды колонкалар көптеген күнделікті тапсырманы орындауға мүмкіндік береді. Олар ауа райын айтып, жаңалықтарды оқып, музыка қосып, будильник орнатып, түрлі сұрақтарға жауап бере алады. Мұндай құрылғы мұғалімге сабақ барысында да пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, дауыстық көмекші арқылы сұрақтарға жауап алып, викторина ұйымдастыруға немесе үзіліс кезінде музыка қосуға болады.
Кейбір модельдерде экран да болады. Ол уақытты, бөлме температурасын және басқа хабарламаларды көрсетеді. Құрылғы Wi-Fi және Bluetooth арқылы жұмыс істеп, түрлі гаджеттерге қосылады.
Портативті проектор
Портативті проекторды телефонға, ноутбукке немесе басқа құрылғыға қосуға болады. Оның көмегімен презентацияларды, бейнесабақтарды және оқу фильмдерін үлкен экранға шығаруға мүмкіндік бар. Құрылғының ықшам болуы оны әртүрлі көлемдегі сыныптарда пайдалануға ыңғайлы етеді. Проекторды бірнеше минут ішінде баптап, бейнені арнайы қолданба немесе кабель арқылы көрсетуге болады.
Телефонға арналған шағын принтер
Мұндай құрылғы кез келген мұғалімге көп пайдасын тигізеді. Оның көмегімен көрнекілік үшін түрлі жапсырма-бағалар, суреттер, стикерлер және басқа да үлестірмелі материалдарды жылдам басып шығаруға болады. Кейбір жинақтардың ішінде термоқағаз бен жапсырмалы парақтары бірге келеді.
Портативті сканер
Бұл гаджет репетиторлар мен оқу материалдарын жиі цифрландыруға тура келетін мұғалімдерге ыңғайлы. Оның көмегімен мәтіндерді, суреттерді, фотосуреттерді және құжаттарды жылдам сканерлеуге болады. Дайын файлдарды жад картасына сақтауға мүмкіндік бар. Портативті сканерлердің көлемі көбіне шағын болып келеді, оны сөмкеге салып алып жүру оңай. Тағы бір артықшылығы – ол компьютерге үнемі қосылып тұруды қажет етпейді және өздігінен жұмыс істей алады.
Ауа ылғалдандырғыш
Сынып бөлмесінде ұзақ уақыт бойы жиырма-отыз адам болатындықтан, ауа ылғалдылығына да көңіл бөлген жөн. Сондықтан ауа ылғалдандырғыш мұғалімге пайдалы сыйлық болуы мүмкін.
Шағын ультрадыбыстық модельдердің кейбірінде 3 литрлік суға арналған ыдыс, дауыспен басқару және «ақылды үй» жүйесімен жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Яғни құрылғыны қосу немесе жұмыс режимін өзгерту үшін дауыстық көмекшіні пайдалануға болады. Кейбір модельдерде эфир майларына арналған арнайы бөлік пен бөлмені жұмсақ жарықтандыратын шам болады. Мұндай құрылғыны әрі ылғалдандырғыш, әрі хош иістендіргіш, әрі шам ретінде пайдалануға болады.
Сымсыз қуаттайтын сағат
Мұғалімнің үстеліне жарасатын тағы бір практикалық сыйлық – бірнеше функцияны бір құрылғыға біріктірген үстел сағаты. Мұндай гаджетте сағатпен бірге оятқыш, термометр, динамик, сымсыз қуаттау және әуен тыңдау функциясы болуы мүмкін. Экран жарықтығының бірнеше деңгейі және энергияны үнемдеу режимі қарастырылған модельдер де бар. Яғни бір ғана құрылғы сағаттың, будильниктің, термометрдің, FM-радионың, қуат көзінің, қуаттағыш сымның және Bluetooth колонкасының қызметін атқара алады.
Мұғалімге сыйлық таңдағанда оның күнделікті жұмысын және жеке қажеттілігін ескерген дұрыс. Бір педагогқа портативті проектор пайдалы болса, екіншісіне сапалы үстел шамы немесе сыртқы аккумулятор көбірек қажет болуы мүмкін.
Сондықтан сыйлықтың бағасынан бұрын оның қаншалықты пайдалы екеніне мән берген жөн. Күн сайын қолданылатын қарапайым гаджеттің өзі мұғалім досыңыз немесе туысыңыз үшін ұзақ уақыт есте қалатын әрі қажет сыйлыққа айналуы мүмкін.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


