Қайғылы оқиға кезінде ғимарат қайта жөндеу жұмыстарынан өтіп жатқан.
ERNUR.KZ. Сенегалдың батысындағы Туба қаласында үш қабатты ғимараттың құлауы салдарынан кемінде 11 адам көз жұмды. Бұл туралы жергілікті Dacaractu басылымы билік өкілдеріне сілтеме жасап жариялады, деп жазады baq.kz.
Қайғылы оқиға кезінде ғимарат қайта жөндеу жұмыстарынан өтіп жатқан. Құрбандар қатарында тас қалаушылар мен кафе қызметкері бар. Тағы жеті адам ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Құтқарушылар үйінді астында тірі қалғандарды іздестіруді жалғастыруда.
Құлаудың нақты себебі әзірге анықталмағанымен, аймақтың тұрғын үй бас директоры Мусса Тине құрылыс нормаларының сақталмауы, атап айтқанда, арқалықтардың дұрыс өлшемде болмауы және сапасыз материалдардың қолданылуы ықтимал себептер екенін мәлімдеді. Ол болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тергеу жүргізіліп, немқұрайлылыққа жол берген тараптар анықталуы тиіс екенін атап өтті.
Куәгерлердің айтуынша, ғимарат құлаған сәтте ішінде 17-18 адам болған. Қазіргі уақытта қаза тапқандар мен жараланғандардың нақты саны нақтылануда. Реанимация бөлімінде жатқандардың жағдайына байланысты құрбандар саны өсуі мүмкін.
Қайта құру жұмыстарына жауапты мердігердің кім екені әлі анықталған жоқ. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.