Сәбилердің салмағы ретімен 990, 1020, 970, 1030 және 870 грамм.
Фото: canva
ERNUR.KZ. 26 ақпанға қараған түні Қытайдың Ухань қаласындағы перзентханалардың бірінде 24 жастағы Дилхумар Мәметжан өмірге бесем әкелді, деп жазады inbusiness.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, табиғи жолмен бесем табу ықтималдығы жер жүзінде 60 миллион адамның біріне ғана бұйырады екен. Қытайлық БАҚ бұл оқиғаны өте сирек кездесетін медициналық мұғжиза ретінде жарыса хабарлап жатыр.
Қытайлық Дасян ақпараттық порталының жазуынша, кесарь отасын Қытайға танымал акушер-гинеколог, Ухань университетіне қарасты Чжуннань ауруханасының маманы Ли Цзяфу жүргізген.
Оның сөзінше, бірден бес бала табу өте сирек құбылыс әрі қауіп-қатері де көп. Алғашқы тексеру кезінде ана мен туашақтардың қауіпсіздігін ескере отырып, мамандар құрсақтағы сәбидің санын азайту туралы ұсыныс жасаған. Алайда жас жұбайлар бұл ұсыныспен келіспеген. Болашақ ананың таңдауына құрмет еткен дәрігерлер оны дер кезінде жан-жақты тексеруден өткізіп, босандыруға мұқият дайындық жасаған.
Дилхумар Шыңжаң ұйғыр автономиялық регионы Хотан уәлаятының Қарақаш ауданының тұрғыны, ұлты ұйғыр. Өзінің бірден бес балаға жүкті екенін білгеннен кейін, жергілікті медициналық мекемелердің біліктілігі шекті екенін ескерген Дилхумар мыңдаған шақырым жол басып, Ухань қаласындағы мамандандырылған аурухананың көмегіне жүгінген.
25 ақпан күні кешке қарай Дилхумардың қағанағы мерзімінен ерте жарылып, жедел медициналық жәрдем көрсетуге тура келеді.
Қытайлық БАҚ-тың жазуынша, айналасы 15 минут ішінде акушер, неонатолог, анестезиолог мамандар тас-түйін дайындалып, толық құрамда жұмысқа кіріскен. Ота барысында бес сәби кезек-кезегімен аман-есен дүниеге келген.
Сәбилердің салмағы ретімен 990, 1020, 970, 1030 және 870 грамм. Алғашқы медициналық бағалау көрсеткіші 6 балдан жоғары болған.
– Қырық жылға жуық еңбек жолымда мұндай жағдайға алғаш рет тап болып отырмын, – дейді Ли Цзяфу.
Оның айтуынша, Қазіргі таңда нәрестелердің өмірлік көрсеткіштері салыстырмалы түрде тұрақты. Дегенмен оларды алда еркін тыныстау, көлденең дерттен қорғану, дұрыс қоректену секілді бірнеше күрделі сынақ күтіп тұр. Қазіргі күнде әдеттегі палатаға ауыстырылған сәбилердің өсуі мен дамуын мамандар жіті бақылауда ұстап отыр.
Бірден бес баланың әкесі атанған Абдулла Ахаттың айтуынша, ерлі-зайыптылар ақылдаса келе сәбилердің тұңғышына Юнус, екіншісіне Миһрия, үшіншісіне Миһрима, төртіншісіне Зәмирә, кенжесіне Зәфифе деп ат қойған.


