Суасты қайығы экипажының өліміне жарылыс себеп болуы мүмкін – АҚШ Әскери-теңіз күштері

0
669

Қазіргі кезде марқұмдардың мәйітін іздеу жұмысы жалғасып жатыр.


Суасты қайығы экипажының өліміне жарылыс себеп болуы мүмкін – АҚШ Әскери-теңіз күштері

ERNUR.KZ. «Титан» батискафы суға батқан аумақтағы акустикалық деректердің талдауы көрсеткендей, қайықпен байланыс үзілген сәтте «ішкі жарылысқа ұқсас құбылыс» байқалған. Бұл туралы АҚШ Әскери-теңіз күштері мәлім етті, деп жазады Azattyq Ruhy.

Әскери-теңіз күштерінің өкілі қадағалау құрылғыларының желісі жарылыстың ықтимал орнын анықтауға және іздеу аумағын нақтылауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

АҚШ жағалау күзетінің «тырс-тырс» етіп естілген әлдебір дыбыс туралы хабарламасына түсініктеме берген Әскери-теңіз күштерінің өкілі «ол құтқару операциясына қатысқан басқа кемелерден шыққан дыбыс болуы мүмкін» деді.

Ал «Титаникке» туристік экспедициялар жіберумен айналысқан OceanGate Expeditions компаниясы батискафтың бес жолаушысы «өкінішке қарай, қаза тапты» деп мәлімдеді.

АҚШ жағалау күзеті «Титанның» сынықтары табылғанын растады.

Жағалау күзетінің контр-адмиралы Джон Маугердің айтуынша, операция барысында батискафтың бес ірі сынығы табылған. Сынықтар кемеде жарылыс болғанын көрсеткен.

Қазіргі кезде марқұмдардың мәйітін іздеу жұмысы жалғасып жатыр.

АҚШ жағалау күзетінің хабарлауынша, «Титан» суасты қайығы «Титаниктен» 500 метрдей аумақта жарылған.

Еске салсақ, 19 маусымда «Титаник» кемесіне бет алған «Титан» суасты қайығы Атлант мұхитында жоғалып кеткен болатын. Жолаушылар арасында британдық миллиардер Хэмиш Хардинг, сондай-ақ OceanGate Expeditions негізін қалаушы Стоктон Раш, француз океанографы және «Титаниктің» жетекші сарапшысы Пол-Анри Наржоле, пәкістандық кәсіпкер Шахзада Дауд пен оның 19 жастағы ұлы Сүлейман болған.