"Жалғызбасты болған": Алматыда жұмбақ жағдайда қаза болған ер адам туралы көршілері айтты

0
214

Басына пакет кигізіп алып шыққан бейнекамерадағы жазбаны бірінші болып көрші әйел көрген.


фото: Polisia.kz

ERNUR.KZ. Алматыда жұмбақ жағдайда қайтыс болған 61 жастағы ер адамның өліміне қатысты көршілері мән-жайды айтты. Марқұм ешкімге зияны жоқ, жалғызбасты адам болған дейді олар, деп жазады sputnik.kz.
Көпқабатты үйдің камерасына түсіп қалған бейнежазба қоғамның талқысына түсті. Онда ер адамды басына пакет кигізіп, иығына салып көтеріп шығып бара жатқанын көруге болады. Көпшілікке күдік тудырған бейнежазбадағы көрініс шынымен адамның мәйіті болғанын полиция кейіннен растады.

Бейнекамерадағы жазбаны бірінші болып көрші әйел көрген. Пошта жәшігінің кілтін жоғалтып алған әйел бейнекамера арқылы іздеген. Сол сәт иығына адам көтеріп шығып бара жатқандарды көрген. Күдіктілер 29 қыркүйекте үйге кіріп, 30 қыркүйекте басына пакет кигізіп бір адамды көтеріп шыққан.

Көршісінің айтуынша, марқұм ешкіммен ісі жоқ, тыныш қана өмір сүрген.
"Тыныш өмір сүрген адам, ешкіммен шаруасы жоқ. Күн сайын дүкенге баратын, жалғызбасты. Біз сенбі күні заттар шығарып жатқанын көрдік. Содан кейін бейнекамераны қарадық. Онда иығына қой сияқты көтеріп салып, шығып бара жатқанын көрдік. Пәтерді өз аттарына жазып алғаны анық", - деді көршісі Надежда Сычева.
Марқұм бұл пәтерде ұзақ жыл тұрған, ешкіммен араласпаған. Сыртқа тек дүкенге барған кезде ғана шыққан.
"Ол ешкімді мазаламайтын. Өте жалғыз болды. Бір өзі ғана жүретін", - деді тағы бір көршісі Ирина Лимарева.
Оның айтуынша, кісі өлтіруден біраз уақыт бұрын белгісіз адамдар кіреберісті тексеріп, содан кейін бесінші пәтердің пошта жәшігінің кілттері жоғалып кеткен. Кейінірек тұрғындар Сергейдің пәтері сатылып кеткені естіген.
Алматы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов төрт адамның ұсталғанын растады.
"Қылмыстың мән-жайы, күдіктілер және олардың жәбірленушінің пәтерін заңсыз иемденуге қатысуы анықталды. Төртеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Науатов.
Тергеу үшін ішкі істер министрлігі арнайы жедел-тергеу тобын құрды. Іс министрдің жеке бақылауында.

Еске сала кетейік, Алматыда көпқабатты үйдің бірінде ер адамды өлтіріп, мәйітін алып шыққан бейнежазба тарады. Қылмысты жасады деген күдікпен төрт адам ұсталды.