Зерттеу нәтижесі бір де бір министрде салмақ жетіспеушілігі жоғын көрсеткен.
ERNUR.KZ. Бірнеше шетелдік басылым Монпелье бизнес мектебінің экономика профессоры Павел Блаватскийдің зерттеуі туралы жазды. Ол саясаткерлердің артық салмағы мен елдегі жемқорлық деңгейінің арасында байланыс барын анықтаған, деп жазады Азаттық.
Intellinews.com іскерлік жаңалықтар сайтына шыққан "Семіз мысықтар: жаңа зерттеу жемқорлықты килограммен өлшеуге болатынын көрсетті" деген мақалада Блаватскийдің зерттеуі 15 постсоветтік мемлекеттегі 299 министрдің портретіне жасалған сараптамаға негізделгені айтылған. Зерттеушілер дене массасының индексін анықтау үшін "компьютерлік көз" алгоритмін қолданған. Бұл көрсеткішті жемқорлықты бағалаудың халықаралық индекстерімен (Transparency International халықаралық ұйымының жемқорлыққа көзқарас индексі, Бүкіләлемдік банктің әлемдегі жемқорлықты бақылау жөніндегі индексі және Мемлекеттік қызметкерлердің адалдығы мен ақша сатылмайтынын көрсететін индекс) салыстырған. Бұдан таңғаларлық қорытынды шыққан: саясаткерлердің артық салмағы көп болған сайын, елдегі жемқорлық деңгейі де жоғары болатыны анықталған.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, шенеуніктерінің дене массасы төмен мемлекеттер қатарына Балтық елдері (Латвия, Литва мен Эстония) және Грузия жатады. Ең үлкен дене массасы Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстанда тіркелген.
Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин (сол жақта) және Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин. 31 қаңтар 2020 жыл.
Зерттеу нәтижесі бір де бір министрде салмақ жетіспеушілігі жоғын көрсеткен. Өзбекстан министрлерінің 54 пайызы, Тәжікстан министрлерінің 44 пайызы және Украина министрлерінің 42 пайызы семіздік ауруына шалдыққан. Одан бөлек, Қазақстандағы министрлердің 15 пайызы және Украинадағы министрлердің 8 пайызы шектен тыс толық болып шыққан.
"Нәтижеден саясаткерлердің дене массасының индексі сияқты физикалық сипаттамасын елдегі саяси жемқорлықты өлшеуге қажетті прокси айнымалы ретінде қолдануға болады деген қорытынды шығады" дейді Блавацкий.
Ағылшынтілді Eurasianet.org сайтындағы "Зерттеу: семіз саясаткерлер жемқорлықтан хабар береді" деген мақала авторы Блаватскийдің қорытындысына тоқталып, өңірдегі ең жемқор мемлекеттер ең кедей саналатынын, ондағы халықтың басым бөлігінің салмағы аз, ал үкімет мүшелерінің салмағы артық екенін жазады.
"Үлкен саяси жемқорлық <...> семіздік деңгейінің (халықтың аз бөлігін ғана құрайтын) шенді саясаткерлер арасында жоғары, ал жалпы халық арасында төмен болуымен байланысты. Жемқорлық деңгейі төмен елдерде шымыр денелі саясаткерлер мен толық сайлаушылар көп кездеседі" - деп жазады Eurasianet.org.
Қырғызстан, Ресей және Молдова премьер-министрлері Еуразиялық үкіметаралық кеңестің Алматыдағы отырысы алдында. 31 қаңтар 2020 жыл
Британдық Economist журналындағы "Артық салмақтағы саясаткерлерге сенім аз бола ма?" деген мақалада Блаватский зерттеуінің нәтижесі талқыланып, 2018 жылы "Барқыт революциясы" болған Армения мысалға келтірілген. Блавацкий Арменияның Transparency International ұйымының жемқорлыққа көзқарас индексіндегі позициясы өзгермегенін, бірақ жаңа үкіметтегі министрлердің дене массасының индексі революцияға дейінгі ескі үкімет мүшелерінің көрсеткішіне қарағанда азайғанын айтады. Блаватский "Бұл елдің жемқорлықты ауыздықтай бастауымен байланысты болса керек" деп топшылайды.
Economist "Аталған корреляция – себеп-салдарлық байланыс емес. Яғни, бұл семіздік ауруына шалдыққан саясаткерлер арық әріптестеріне қарағанда әділетсіз дегенді білдірмейді. Бірақ бұрынғы шығыс блогындағы саясаткерлер арықтаса дұрыс болар еді. Зерттеулер сайлаушылардың толық кандидаттарды таңдауға бейім емесін көрсетеді" деп қорытындылайды.