Олар қайсы? Не істеу керек?
Фото: stock.adobe.com
Әйелдің жас болуы – тек сыртқы сұлулық емес, ішкі энергия, өмірге деген құштарлық пен рухани тепе-теңдіктің үйлесімі. Бірақ күнделікті өмірдің қарбаласында, кейбір әдеттер мен жағдайлар әйелді физикалық және психологиялық тұрғыда тез қартайтады. Олар қайсы? Не істеу керек?
1. Үнемі күйзеліс пен уайым
Кейде күйзеліске түсіп, уайымдау - қалыпты жағдай, бірақ ол ұзаққа созылмауы керек. Өйткені күйзеліс кезінде кортизол гормоны шамадан тыс бөлінеді, ол терінің серпімділігін бұзып, әжімдердің пайда болуын тездетеді. Сонымен қатар, стресс ұйқының сапасын төмендетіп, ішкі энергияны сарқады.
Кеңес: Күніне 10-15 минут тыныштықта өзіңізбен бірге болыңыз. Медитация, терең тыныс алу немесе шүкіршілік дәптерін жүргізу кортизол деңгейін төмендетуге көмектеседі. Мысалы, кешке 5 минут "бүгін не үшін ризамын?" деп жазып көріңіз.
2. Ұйқының жетіспеушілігі
Ұйқы – жасушалардың жаңаруы мен қуаттың қайта қалпына келуі үшін өте маңызды. Егер түнде 6 сағаттан аз ұйықтасаңыз, тері бозарып, көз астында қара шеңберлер пайда болады, ал ұзақ мерзімде бұл иммунитеттің әлсіреуіне әкеледі.
Кеңес: Кешкі 23:00-ге дейін ұйықтауға тырысыңыз, өйткені түнгі 23:00-ден 02:00-ге дейінгі уақыт – мелатонин гормонының ең белсенді бөлінетін кезеңі. Ұйықтар алдында телефонды алыстатып, бөлмені желдетіңіз. Сондай-ақ күндізгі ұйқы түнгі ұйқыны алмастыра алмайтынын да есте ұстаңыз.
3. Дұрыс тамақтанбау
Қант пен трансмайларға бай тағамдар коллаген мен эластинді бұзады, бұл терінің әжімденуіне және серпімділігін жоғалтуына әкеледі. Витаминдердің жетіспеушілігі де энергияны төмендетеді.
Кеңесі: Рационыңызға антиоксиданттарға бай тағамдарды қосыңыз: көкөністер (брокколи, шпинат), жемістер (көкжидек, апельсин), жаңғақ, авокадо және майлы балық. Күніне 1,5-2 литр су ішуді ұмытпаңыз – бұл теріні ылғалдандырады.
4. Өзіне көңіл бөлмеу
Әйел өзін тек "ана", "жұбай" немесе "қызметкер" рөлінде ғана көріп, жеке қажеттіліктерін ұмытса, әйелдік энергиясы әлсірейді. Бұл өз-өзіне деген сенімділікті және өмірге деген құштарлықты төмендетеді. Ал өмірге қызуғышылығы жоғалған адам барлық тұрғыда тез қартая бастайды.
Кеңес: Өзіңізге уақыт бөліңіз: аптасына бір рет сүйікті хоббиіңізбен айналысыңыз, ай сайын жаңа киім немесе бұйым сатып алыңыз. Айына бір рет достарыңызбен серуендеңіз. Әр күні көңіл-күйді көтеретін жағдайларға назар аударыңыз.
5. Іштей реніш пен өкпе
Жиналған негативті эмоциялар психикалық және физикалық денсаулыққа зиян келтіреді. Реніш иммунитетті әлсіретіп, көздегі нұрды, жүректегі жылулықты жояды. Ал бұл теріге, есте сақату қабілетіне әсер етіп, қаратю процесін жылдамдатады.
Кеңес: Кешірім – бұл ең алдымен өзіңізге жасалған сый. Психологпен сөйлесу, жазбаша рефлексия (мысалы, ренішті қағазға жазып, өртеу) немесе жақын адаммен ашық әңгіме негативтен арылуға көмектеседі.
6. Мақсатсыздық
Адамды әрекетке итермелейтін және ертеңгі күнге асықтыратын - мақсат. Ал өмірде мақсат болмаса, адам ішкі отын жоғалтады. Бұл депрессияға, мотивацияның төмендеуіне және рухани шаршауға әкеледі.
Кеңес: Кішкентай, бірақ шынайы мақсаттар қойыңыз. Мысалы, "бүгін бір адамды қуантамын" немесе "жаңа дағды үйренемін". Мақсаттар сіздің өміріңізге мән беріп, бойыңызға қуат сыйлайды.
7. Қимыл қозғалыстың аздығы
Дене белсенділігінің болмауы қан айналымын баяулатады, бұлшықеттерді әлсіретеді және терінің оттегімен қамтылуын азайтады. Бұл жалпы денсаулыққа және сыртқы келбетке кері әсер етеді.
Кеңес: Күніне кем дегенде 20 минут қимылдаңыз: серуендеңіз, йогамен айналысыңыз немесе билеп көңіл көтеріңіз. Бұл тек денеңізді ғана емес, көңіл-күйіңізді де жақсартады.
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз: