Баланың жанбай қалған сүйектерін қапқа салып, Шыршық өзеніне лақтырып жіберген.
ERNUR.KZ. Ташкентте ата-анасы 5 жасар қызын ұрып-соғып, артынша өртеп жіберген, деп жазады Stan.kz.
Өзбекстан астанасының прокуратурасының мәліметінше, 4 қарашада әйел құқық қорғау органдарына шағымданып, сауда кешенінде 5 жасар қызы жоғалып кеткенін айтқан. Прокуратура мен ішкі істер басқармасындағылар жедел тергеу тобын құрып, қызды іздестіру шараларын қолға алады.
Алайда жоғалып кеткен қыздың анасы мен оның азаматтық некедегі күйеуінің жедел тергеу тобына берген жауаптары күмән тудырыпты. Күні бойы жүргізілген іздестіру шаралары нәтиже бермегендіктен, 5 жасар қыз көз жұмған болуы мүмкін деген нұсқа бойынша «Қасақана адам өлтіру» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Жедел тергеу амалдарының нәтижесінде анықталғандай, 25 қазанда түнгі сағат 3-тің шамасында ерлі-зайыпты жалдамалы пәтерде ішімдік ішіп, артынша қызын өлгенше сабап тастаған. Мұнан кейін қылмысын жасырып, жазадан сытылу үшін, ата-анасы мәйіттен арылуды ұйғарыпты. Осылайша, олар мәйітті жолға арналған сөмкеге салып, Бостанлық ауданындағы жалдамалы саяжайға алып барып, сол жерде оны өртеп жібереді. Ал жанбай қалған сүйектерді қапқа салып, Шыршық өзеніне лақтырып жіберген.
Ата-анасы жасаған сұмдық әрекетінен кейін құқық қорғаушыларды шатастырып, мән-жайды жасырып қалу үшін, қызының жоғалып кеткені туралы өтірік айтқан.
Оқиға орынын тексеру барысында қыздың сүйектері табылып, заттай айғақ ретінде тәркіленді. Ерлі-зайыпты қылмыстық-процессуалдық тәртіпте тұтқындалды.
Тергеу жалғасып жатыр.