Ыстанбұл билігі соңғы 72 сағатта алкогольден уланудың 80 оқиғасы тіркелгенін, оның 30-ы өліммен аяқталғанын хабарлады.
Фото: www.ntv.com.tr
ERNUR.KZ. Түркияда жалған алкогольден зардап шеккендер саны әлі артып, соңы қайғылы жағдайға ұласып отыр, деп жазады inform.kz.
Ыстанбұл билігі соңғы 72 сағатта алкогольден уланудың 80 оқиғасы тіркелгенін, оның 30-ы өліммен аяқталғанын хабарлады. Қалалық ауруханаларда 49 адам емделіп жатыр, оның 31-і жалған алкогольден уланып, жансақтау бөлімінде жатыр. Жалпы, жыл басынан бері қаза тапқандар саны 41 адамға өсті.
Тергеу барысында контрафактілік алкоголь өнімінің қай жерде сатылғаны анықталды. Белгілі болғандай, Ыстанбұлдың Башакшехир ауданында «Түркімен асханасы» деген жазумен кәдімгі ауыз су атын жамылған жалған алкоголь бөтелкелері 30 түрік лирасынан (шамамен 455 теңге) сатылып жатқан. Улы алкогольді заңсыз сату нәтижесінде дәмхананың жұмысы тоқтатылып, үй-жайлары мөрленді.
Қала билігі тексеру жұмыстарын жалғастырып, тұрғындарды алкогольдік өнімдерді сатып алғанда абай болуға шақырды. Мұндай қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін алкогольді тек сенімді жерлерден сатып алу ұсынылды.
Бұған дейін Ыстанбұлда сертификаты жоқ алкогольді ішімдіктерді ішіп, бірнеше күн ішінде 19 адам қайтыс болғаны, тағы 65 адамның ауыр улану белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны хабарланған болатын.