​ВАННА әлде ДУШ: адамдардың таңдауы нені білдіреді?

0
209

Құрсақта жатқанда өзін жақсы сезінген адамдар ваннаны таңдайды


​ВАННА әлде ДУШ: адамдардың таңдауы нені білдіреді?

Сурет: ЖИ

Жуынатын бөлме тек тазалық сақтау орны, асығыс жуынып-шайынатын жер ғана емес. Қазіргі заман адамы бұл бөлмеде шынайы жан тыныштығын таба алады. Тірліктен, жұмыстан, тіпті өмірден шаршағанда, тынығатын жайлы орынға айналдыра алады. Су процедураларының ағза саулығына, психологиялық жай-күйге оң әсер тигізетін кереметі де бар.

Адамдар неліктен су процедураларын жақсы көреді? Неге кейбіреу ваннаны қалайды, енді біреулер одан ат-тонын ала қашып, душты таңдайды? Жылы су күйзеліспен күресуге қалай көмектеседі? Суға бір түссең, қайта шыққың келмей қалады, мұның себебі неде? Осы сұрақтардың жауабын және басқа да қызықты фактілерді баяндаймыз.


Су процедураларының пайдасы

Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, жылы су мен контрасты душ қабылдау тек бұлшықетті босаңсытып қоймай, терінің физиологиялық жағдайына әсер етеді. Судың әсерінен қан тамырлары кеңейіп, қан айналымы жақсарады. Бұл тері жасушаларына оттегі мен маңызды қоректік заттардың қарқынды жеткізілуін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде терінің табиғи сау жылтыры мен серпімділігі қалыпқа келеді.

Ванна бөлмесін жеке SPA-салонға айналдыру оңай. Ол үшін суға теріні терең жұмсартатын теңіз тұздарын, хош иісті эфир майларын (лаванда немесе бадам) немесе түймедақ сияқты шөп тұнбаларын қосса болғаны. Бұл құрамдар теріні жібектей жұмсақ етіп, құрғақтықтан қорғайды.

Ыстық су мен жылы бу тері саңылауларын жұмсақ түрде ашады. Дәл осы сәт күтім жасаудың ең тиімді кезеңі. Саңылаулары ашық теріге жағылған нәрлендіретін май, денеге арналған скраб, шашқа арналған маска, басқа да күтім құралдарының сіңімділігі бірнеше есе артады. Кәсіби салонға барғанмен бірдей нәтижеге қол жеткізесіз.

Жасартушы және релаксациялық әсерін де айтпасқа болмайды. Психологтар мен косметологтардың пікірінше, қартаюға қарсы ең үздік құрал – сапалы релаксация. Су арқылы жүйке жүйесін тынықтырып, ішкі гармонияға жету сырт келбеттің жастығы мен сергектігін ұзақ сақтауға тікелей әсер етеді.


Неліктен судан шыққымыз келмейді?

Кейде өзіңізді ванна немесе душ қабылдауға әрең көндіресіз. Ал су процедурасын қабылдап жатып, суық әлемге шыққыңыз келмейтінін түсінесіз. Осындай әдет сізде де бар ма? Психологтар бұл құбылысқа көбінесе босаңсу мен жан тыныштығы себеп болатынын айтқан. Жылы суда бұлшықеттердегі кернеу кетеді. Барлық мазасыз ойлар ұмытылып, бойыңызды тыныштық билейді. Адамға соншалықты жайлы болғандықтан, бұл жағымды сәттерді үзгісі келмейді.

Кей жағдайларда әлемнен жасырыну қалауы болуы да мүмкін. Жуынатын бөлмеде адам оқшауланады. Мұнда есік құлыптаулы, ешкім мазаламайды. Жалғыз, өзіңмен-өзің оңаша болу үшін ешқандай сылтау ойлап табудың да қажеті жоқ.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ! Ыстық суды 20 минуттан артық қабылдау терінің табиғи қорғаныш қабатын шайып жіберуі мүмкін. Сондықтан ұзағырақ болғыңыз келсе, ванна суына бір ас қасық табиғи өсімдік майын (мысалы, кокос, зәйтүн майы) немесе теңіз тұзын қосып жіберіңіз. Ал душқа түссеңіз, соңғы жағында аталған күтім құралдары қосылған су дайындап алып, теріңізді шайып жіберіңіз. Осы арқылы терінің ылғалдылығын сақтап қаласыз.


Дәрігерлер мен косметологтар су процедураларының тиімділігі тәулік уақытына және судың градусына тікелей байланысты екенін айтады.

  • Таңғы душ – сергіту және ісікті қайтару үшін. Егер таңертең бетіңіз ісіңкі оянсаңыз, температурасы 20–25°C болатын салқын немесе контрасты душ қабылдаңыз. Бұл лимфа ағынын жылдамдатып, терінің бұлшықет тонусын бірден көтереді. Қымбат патчтар мен кремдерден кем түспейтін табиғи лимфодренаж.
  • Кешкі ванна – мелатонин және жастық гормоны үшін. Ұйықтар алдында жылы ванна (37–38°C) қабылдау дене температурасын жоғарылатып, бөлмеге шыққанда қайта төмендеуіне әкеледі. Бұл миға «ұйықтайтын уақыт келді» деген табиғи сигнал беріп, мелатонин бөлінуін күшейтеді. Мелатонин – ұйқыны сапалы ететін гормон. Ал сапалы ұйқы – тері жасушаларының регенерациясы мен жастықтың кепілі.


Жуынатын бөлмедегі ароматерапия айрықша күшке ие. Иістер мидың эмоция мен жадқа жауап беретін бөлігіне күшті әсер етеді. Ванна қабылдағанда қолданылатын майлардың косметикалық және психологиялық әсері білсеңіз, таңдауды дұрыс жасайсыз.

  • Лаванда майы – стресс гормоны кортизолды азайтып, терінің қабынуын басады. Безеуге бейім теріге өте пайдалы.
  • Цитрус майлары (апельсин, грейпфрут) – сергітіп қана қоймай, терінің микроциркуляциясын жақсартып, целлюлитті азайтуға көмектеседі.
  • Түймедақ немесе роза майы – сезімтал теріні тыныштандырып, ішкі мазасыздықты басады.


Неліктен адамдар душта ән айтады?

Душта ән айтқысы келу – көптеген адамдардың қызықты әдеті. Тіпті ешқашан әнге қызығушылығы болмаған, «Менің даусым жаман», «Ән айта алмаймын» деп ойлайтындар мен ұялшақтар себезгі астында өзін әнші сезініп кететіні бар. Бұл мәселе бойынша психологтардың пікірі мынадай.

Эмоцияны білдіру қалауы. Күнделікті өмірде бұған әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Ал душта адам қалағанының бәрін, соның ішінде ән айтуды да орындай алады.

Душқа кіргенде дауысыңыз құлаққа жағымды, әдемі болып кететінін байқадыңыз ба? Бұл ешқандай сиқыр емес, таза физика. Кафельденген қабырғалар дауыс толқындарын кері қайтарып, акустикалық жаңғырық тудырады. Нәтижесінде дауыс жұмсарып, ноталардың биіктігі мен әуезділігі бір-біріне ұштасып, кәсіби микрофонмен ән айтқандай әсер қалдырады. Еш ұялмай, бар дауыспен ән салып, еркін шырқауға бұл да бір себеп.

Шығармашылыққа деген ұмтылыс. Көптеген адамдардың ішінде ешкімге айтылмайтын ерекше арман, қалаулары болады. Ең жиі кездесетіні – танымал өнер адамы, көптің сүйіктісі болу, қошеметке бөлену, журналистке сұхбат беру. Бірақ бұл қалауына бәрі бірдей рұқсат бере бермейді. Тек кейде душ астында шабытын шақырып, шығармашылығын алға жылжытатыны болмаса...

Душта емін-еркін ән айтудың тағы бір түсіндімесі – аққан судың фондық шуы. Ол адамның дауысын ешкім естімейтіндей жағдай жасайды. Демек, «Біреу естісе, ұят», «Нотаға дәл түсе алмаймын» дейтін ойларды өшіреді.


ВАННА ӘЛДЕ ДУШ: таңдау неден туындайды?

Кейде мұндай таңдауға өмір ырғағы итермелеуі де мүмкін. Бірақ көбінесе жеке қалаулар мен мінез-құлық ерекшеліктері негіз болады.

  • Психологтардың пікірінше, ваннаны сабырлы, асығыстық пен қарбаласты ұнатпайтын адамдар қалайды. Олар үшін жылы суда бір сағат өткізу уақытты босқа кетіру емес, демалудың ең жақсы тәсілі.
  • Ал душты су процедураларына артық уақыт жұмсағысы келмейтін, энергиясы тасыған адамдар таңдайды.
  • Тағы бір пікір бойынша, ана құрсағындағы даму кезеңінде өзін жақсы сезінген адамдар ваннаны таңдайды. Жылы суда олар анасының ішінде өмір сүрген, ешқандай мазасыздық болмаған кезге қайта оралғандай болады.
  • Ал душты іштегі даму кезеңінде-ақ күйзелісті бастан кешіргендер таңдайды. Мысалы, болашақ ананың аурулары немесе жүйке жүйесінің күйзелістері салдарынан.

Дайындаған: Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ЖЫЛ МЕЗГІЛІ ауысқан сайын КОСМЕТИКАНЫ да ауыстыру керек пе?

ЖҰЛДЫЗНАМА БОЙЫНША: Кім сізден СЕЗІМІН жасырады?

«6 жапырақ» диетасы:салмақ тастаудың ерекше тәсілі