Полиция сәбидің әкесін де, сатып алған ер мен әйелді де қамауға алды.
ERNUR.KZ. Қытайда жаңа туған қызын сатып жіберген ер адам түрмеге қамалды. Қытай ұлды болуды қатты армандаған екен, деп жазады sputniknews.kz.
Оқиға Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясында Иу қаласында болды. Қыркүйек айының ортасында 42 жастағы Сяохуэй Лидің екінші қызы дүниеге келеді. Ер адам бұған қатты налып, қыркүйек айының соңында нәрестені баласы жоқ ерлі-зайыптыға 4 мың юаньға (200 мың теңгеден астам) сатып жібереді.
Баланың жоқтығын Лидің анасы байқаған, әже немересін бағу үшін ұлының үйіне көшпек болыпты. Бірақ Ли анасының бұл шешімінен бас тартқан екен.
"Екінші немеремді бір-екі-ақ рет көрдім. Содан соң ұлым үйіне кіргізбей қойды", — дейді әже.
Қазан айының басында әжей Ли жоқта келініне кіріп шығады. Баланы таппаған ол бірден ұлына хабарласқан, бірақ Ли жауап бермей қояды. Сол кезде әйел полицияға хабар береді.
Ер адам полицияға жасаған ісін мойындады. Ол ұлды болуды күтіп жүріпті. Жұмысы жоқ Ли екі қызды өсіре алмаймын деп шешсе керек.
Қазан айының ортасында сәби табылды. Полиция баланы қылмыскерлер сатып алуы мүмкін деп күдіктенген еді. Алайда олар он жыл бойы сәби сүйе алмаған ерлі-зайыпты екен. Бала сату туралы хабарландыруды желіден тауып алған көрінеді.
Полиция сәбидің әкесін де, сатып алған ер мен әйелді де қамауға алды. Нәресте қазір анасы мен әжесінің қолында.
Қытай заңы бойынша, әйелдер мен балаларды сату және ұрлау ауыр қылмыс болып саналады, ауқымына байланысты бес-он жылға бас бостандығынан айыру, өмір бойына соттау немесе өлім жазасы тағайындалуы мүмкін.