Ұлыбритания барлық құрылғыларды USB-C арқылы қуаттауға міндеттеуі мүмкін

0
278

Деректерге сәйкес Ұлыбританияда 600 миллионнан астам қоқысқа тасталатын кабель бар.


Ұлыбритания барлық құрылғыларды USB-C арқылы қуаттауға міндеттеуі мүмкін

Фото: Kazinform/Ғалымжан Қараманұлы

ERNUR.KZ. Ұлыбритания үкіметі жаңа электронды құрылғылардың барлығына ортақ қуаттау кабелі ретінде USB-C-ді енгізудің ықтималды артықшылықтарын қарастырып жатыр. Осыған ұқсас заңды жақында Еуропалық Одақ қабылдағаны белгілі, деп жазады inform.kz.

Қазан айында үкімет қоғам және өнеркәсіп өкілдерінің басын қосып, заманауи электроникада кеңінен қолданылатын USB-C кабелінің артықшылықтарын талқылады.

2022 жылы Еуро Одаққа мүше мемлекеттер дәл осындай бастама көтергені белгілі. Жаңа заң шағын және орта электронды құрылғыларды USB-C қуаттау кабелімен жабдықтауды міндеттейді және 2024 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге асуы тиіс. Бұл бастама электронды қалдықтарды азайтуға бағытталған.

Бастапқыда Ұлыбритания көрші елдердің көшіне ілесуді жоспарламағанымен, тұтынушылық сұраныс пен экологиялық мәселелерді ескеріп, өз ұстанымын қайта қарауды жөн деп тапты

Бастапқыда Apple компаниясы бұл өзгеріске ұзақ уақыт келіспей, заңға қарсылық білдіргенімен, 2023 жылы iPhone 15 сериясымен шыққан смартфондар үшін lightning кабельдерін USB-C порттарына ауыстырды.

Тұтынушылар барлығына ортақ әмбебап қуаттау кабельдеріне көшу бастамасын электронды қалдықтарды азайтудағы маңызды қадам ретінде жоғары бағалады.

Деректерге сәйкес Ұлыбританияда 600 миллионнан астам қоқысқа тасталатын кабель бар. Materials Focus сияқты экологиялық ұйымдар тұтынушыларды пайдаланылмаған кабельдерді қайта өңдеуге шақырып жатыр.