Жапонияда қабығы суда еритін экологиялық таза отшашу әзірленді

0
81

Жобаның мақсаты — отшашудың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайту.


Жапонияда қабығы суда еритін экологиялық таза отшашу әзірленді

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

ERNUR.KZ. Жапониядағы отшашу өндіруші компания Рюкоку университетінің ғалымдарымен бірлесіп, суға еритін қабықпен қапталған экологиялық таза отшашу әзірледі, деп жазады inform.kz.

Мұндай қабықтар ұшырылғаннан кейін бір тәулік ішінде толық еріп кетеді. Соның арқасында мерекелік отшашудан кейін қалатын қоқыс көлемі айтарлықтай азаяды.

Жаңа технологияны Сига префектурасындағы Kakinoki Fireworks Industry Co. компаниясы профессор Такахико Накаокимен бірлесіп әзірлеген. Жобаның мақсаты — отшашудың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайту.

Дәстүрлі отшашулар қағаз қабыққа оралған бірнеше қабат оқ-дәріден тұрады. Жарылыстан кейін қабық бөлшектеніп, жерге немесе суға түседі. Кәдімгі крафт-қағаздың толық ыдырауына шамамен 6 ай қажет.

Зерттеушілер қабықтың бір бөлігін суға еритін шайырмен алмастыруды ұсынған. Сынақ нәтижесі көрсеткендей, диаметрі шамамен 12 сантиметр болатын стандартты отшашудың қабығы қолайлы жағдайда келесі күні-ақ толық еріп кетеді.

Өндірісте тұқым қабықтары мен топыраққа арналған қоспаларды жасауға қолданылатын биоыдырайтын шайыр пайдаланылады. Әзірлеушілердің айтуынша, бұл материал тірі ағзалар үшін қауіпсіз және қоршаған ортаға зиян келтірмейді.

Су тиген қабық жұмсарып, қыздырылған кәмпитке ұқсас күйге келеді. Ал ағынды су бар өзендерде ол бір тәулік ішінде толықтай еріп кетеді.

Kakinoki Fireworks Industry Co. компаниясы 25 жылдан бері экологиялық таза отшашуларды әзірлеумен айналысып келеді. Бұған дейін өндіруші басқа да биоыдырайтын материалдарды сынақтан өткізген, алайда микропластик түзілу қаупіне байланысты олардан бас тартқан.

Профессор Такахико Накаокимен бірлескен жұмыс 2018 жылы басталып, нәтижесінде жаңа суға еритін қабық жасалды.

Компания президенті Хироюки Какинокидің айтуынша, биыл кәсіпорын шамамен 20 мың отшашу шығаруды жоспарлап отыр. Оның жартысы жаңа экологиялық технология бойынша өндіріледі.