Жапонияда көлік жүргізушінің жай-күйін бағалайтын технология әзірленді

0
198

Жүйе адамның жағдайы жасына сәйкес қалыпты екенін, жеңіл когнитивтік бұзылыстар немесе деменция белгілері бар-жоғын анықтауы тиіс.


Жапонияда көлік жүргізушінің жай-күйін бағалайтын технология әзірленді

Фото: pexels

ERNUR.KZ. Жапонияның Mazda, Subaru және Suzuki автокөлік өндірушілері Eisai фармацевтикалық компаниясымен және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, жүргізушінің рөлдегі әрекеттері арқылы оның когнитивтік жағдайын бағалай алатын бағдарламалық жасақтамаға патент алды, деп жазады zakon.kz.

CarMoses басылымының жазуынша, жүйе адамның жағдайы жасына сәйкес қалыпты екенін, жеңіл когнитивтік бұзылыстар немесе деменция белгілері бар-жоғын анықтауы тиіс.

Портал мәліметінше, бағалау тәсілдерінің бірі – рөл дөңгелегінің қозғалысын талдау. Мысалы, технология жүргізушінің бұрылыстар кезінде көліктің бағытын қаншалықты жиі түзететінін бақылайды. Бұдан бөлек, жүйе газ және тежегіш педальдарын пайдалану жиілігін, жылдамдықты, басқа көліктерге дейінгі қашықтықты, адамның бет әлпетін және жүрек соғу жиілігін ескеруі мүмкін.

Деректерді жинау үшін камералар, микрофондар, радарлар және қозғалыс датчиктері қолданылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жүйе смартфоннан қосымша ақпарат ала алады. Атап айтқанда, адамның сөйлеу қарқынын, жүру жылдамдығын, қадам ұзындығын және сұрақтарға жауап беру ерекшеліктерін талдайды.

Әзірлеушілердің мәліметінше, көлік жүргізу кезіндегі көрсеткіштерді смартфон деректерімен біріктіру когнитивтік бұзылыстарды тек адамның жасы, жынысы және телефон мәліметтері арқылы бағалағаннан гөрі дәлірек анықтауға мүмкіндік береді.

Алгоритмді оқыту үшін медициналық тексеру, арнайы тестілер және ми сканерлеу нәтижелері арқылы жағдайы расталған жүргізушілер туралы деректер пайдаланылған.

Жүйе бағалау нәтижесін жүргізушінің өзіне немесе туыстарына жібере алады. Алайда әзірлеушілер кейбір көрсеткіштер бойынша қателіктер әлі де кездесетінін мойындайды. Мәселен, когнитивтік бұзылыстары бар адамдардың бір бөлігі анықталмай қалуы мүмкін, ал дені сау жүргізушілердің кейбіріне күмәнді баға беріледі.

Авторлардың пікірінше, бұл технология арнайы тест тапсырып, дәрігерге бармай-ақ, ықтимал мәселелерді анықтауға көмектеседі. Бұл әсіресе араласуға әлі мүмкіндік бар бұзылыстардың бастапқы кезеңінде маңызды.

Жапонияда 75 жастан асқан жүргізушілер көлік жүргізу куәлігін ұзартқан кезде когнитивтік тексеруден өтеді. Ал АҚШ-та мұндай жалпыұлттық міндетті рәсім жоқ.

Дегенмен әзірлеме әзірге сериялық көліктерге енгізілген дайын функция емес. Біріктірілген жүйенің дәлдігін әлі де растау қажет. Өйткені көлік жүргізу кезіндегі әрекеттерге қарап, деменция болуы мүмкін деген асығыс қорытынды жасау қате медициналық бағалауға әкелуі ықтимал.