Жапонияда зілзаладан кейін үш күн өткенде үйінді астынан қарт әжей құтқарылды

0
638

Алдын ала мәлімет бойынша, эпицентрі Ното түбегінде орналасқан 7,6 балдық жер сілкінісі кем дегенде 82 адамның өмірін қиды және 330-дан астам адам жарақат алды.


Жапонияда зілзаладан кейін үш күн өткенде үйінді астынан қарт әжей құтқарылды

ERNUR.KZ. Жапонияда құтқарушылар зілзаладан үш күн өткенде қарт әйелді үйінді астынан алып шықты. Ваджима қалашығында әжейді құтқару кадрларын NHK мемлекеттік жаңалықтар агенттігі таратты, деп жазады inform.kz.

Бейсенбі күні Жапония премьер-министрі Фумио Кисида құлаған ғимараттардың қирандысынан 150 адам шығарылғанын айтты, құтқарушылар жұмысты жалғастырып жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, эпицентрі Ното түбегінде орналасқан 7,6 балдық жер сілкінісі кем дегенде 82 адамның өмірін қиды және 330-дан астам адам жарақат алды.

Зардап шеккен аудандарда 30 мыңнан астам адам әлі де арнайы жабдықталған баспанада отыр, ал кей қалаларда су, электр және интернет бірде бар, бірде жоқ.

Негізінен Сузу мен Ваджима қалаларында көп адамдар әлі күнге дейін үйлерінің қирандысының астында қалып отыр.

Құтқарылған әйел де жер сілкінісінен бері үйінді астында жатқан.

Оның құтқарылуы күтпеген ғажайып болды. Бейсенбіде 72 сағатқа созылатын мүмкіндік барынша азайды.

Жер сілкінісінен үш күннен кейін тірі қалғандарды табу мүмкіндігі күрт төмендей бастайды.

Премьер-министр Фумио Кисида бейсенбіде құтқарушыларға былай деді:

«Жағдай өте қиын, түсінем. Бірақ дәл бүгін кешке, апаттан бері 72 сағат өткенде мүмкіндігінше көп адамның өмірін құтқаруға бар күш-жігеріңізді салуыңызды сұраймын».

Жапонияда ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігіне жаңа талаптар енгізілгенге дейін, яғни 1981 жылға дейін салынған көп ағаш үйлер қирады.

Қазіргі заманғы темірбетон конструкциялары да зардап шекті, олар бүкіл көшелерді басып қалды.

Қала тұрғындарының кейбірі, негізінен қарттар үйін жаңа талапқа сай қалпына келтіре алмады, салдарынан 2018 жылғы мәлімет бойынша, қаладағы ғимараттардың жартысынан көбі заманауи қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейді.

23 мың халқы бар Ваджима елес қалаға ұқсайды, өйткені тұрғындардың көбі цунами жайлы ескертуден кейін қаладан кетіп қалған. Соған қарамастан ең көп өлім дәл осы жерде болды — осы уақытқа дейін 48 жағдай расталды.

Дегенмен бұл көрсеткіш әлі де артуы мүмкін, өйткені көшкін мен жолдардың бүлінуіне байланысты қала маңымен байланыс үзілген.

Ваджима мэрі Шигеру Сакагучидің айтуынша, әзірге қаладан эвакуацияланған 10 мың тұрғынның 2 мыңы ғана азық-түлік пен басқа да гуманитарлық көмек алды.

13 мың халқы бар көршілес Сузу қаласының мэрі Масухиро Изумия бір де бір үй аман қалмағанын айтты.

Жер сілкінісінен бір минут өткен соң қалаға шағын цунами соқты, үйлердің 90% толығымен немесе ішінара қирады.

Жапония — әлемдегі ең сейсмикалық белсенді аймақтардың бірі және Ното түбегіндегі сейсмикалық белсенділік 2020 жылдан бері үнемі өсіп келеді.

Соңғы үш жылда елде 500-ден астам шағын және орташа жер сілкінісі тіркелді.