Қазақстанда киберқауіп анықталған телефондар 48 сағаттан кейін бұғатталмақ

0
218

Егер осы мерзім ішінде құрылғыдағы қауіп жойылмаса, интернет қызметі уақытша өшірілуі мүмкін.


Қазақстанда киберқауіп анықталған телефондар 48 сағаттан кейін бұғатталмақ

Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда интернетке қосылған құрылғыдан киберқауіп анықталған жағдайда абоненттің байланысын уақытша шектеу тәртібі енгізіледі. Жаңа талап 11 қазаннан бастап күшіне енеді. Оператор алдымен азаматқа SMS арқылы ескерту жіберіп, мәселені жоюға 48 сағат уақыт береді, деп жазады Stan.kz.

Егер осы мерзім ішінде құрылғыдағы қауіп жойылмаса, интернет қызметі уақытша өшірілуі мүмкін. Бұл талап смартфондарға ғана емес, интернетке қосылатын компьютер, теледидар және басқа да ақылды құрылғыларға қатысты.

Мұндай шектеуге құрылғыға вирус жұғуы немесе оның киберқылмыскерлердің бақылауындағы "ботнет" желісіне қосылуы себеп болуы мүмкін. Бұл жағдайда құрылғы иесі өзі байқамай-ақ, өзге сайттарға жаппай шабуыл жасауға пайдаланылуы ықтимал.


Мамандардың айтуынша, қауіптің алдын алу үшін құрылғылардың бағдарламалық жасақтамасын уақытылы жаңартып, күрделі құпиясөз қолдану қажет. Сондай-ақ күмәнді сілтемелер мен белгісіз файлдарды ашпаған жөн.

Киберқауіпсіздік маманы Гүлдана Жұматайдың айтуынша, құрылғыдан зиянды бағдарламаны жою үшін кей жағдайда оның жадын тазалап, зауыттық баптауларға қайтаруға тура келеді.

"Құрылғымыздың жадын тазарту және зауыттық баптауларына дейін түсіру керек. Кейін телефонды интернетке қайта қосқаннан кейін оператор құрылғыдан күдікті трафик шықпай жатқанын көрсе, оны карантиннен шығарады", – деді Гүлдана Жұматай.

Маманның айтуынша, Android және iPhone құрылғыларына арналған антивирустық және киберқауіпсіздік шешімдері бар. Олардың ішінде тегін ресурстар да жеткілікті. Кибергигиена ережелері туралы ақпаратты eGov Mobile қосымшасынан да табуға болады.

Егер абонент SMS арқылы келген ескертуден кейін 48 сағат ішінде құрылғыдағы мәселені жойса, байланыс қызметі шектелмейді. Ал қауіп сақталған жағдайда оператор интернетті уақытша өшіруі мүмкін.

Құрылғыдағы ақау жойылып, оның қауіпсіз екені тексерілгеннен кейін байланыс қайта қосылады. Қызметтің нақты қашан қалпына келтірілетіні тексеру процесіне байланысты болады.