Қандай құжат қажет? Отбасының табысы қалай есептеледі?
Табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған «Бақытты отбасы» несиелендіру бағдарламасы іске қосылғандығы туралы жарияланған болатын. Осынау бағдарлама аясында оқырмандардан келіп түсіп жатқан сауалдар көп болғандықтан, толық ақпаратты ұсынамыз.
ЕГЕР СІЗ ӘКІМДІКТЕ БАСПАНАҒА МҰҚТАЖ ТҰЛҒА РЕТІНДЕ КЕЗЕКТЕ ТҰРСАҢЫЗ ЖӘНЕ КЕЛЕСІ МӘРТЕБЕГЕ ИЕ БОЛСАҢЫЗ, яғни:
- көпбалалы отбасы
- толық емес отбасы
- мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы
СОНДАЙ-АҚ:
Сіздің атыңызда және Сізбен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмаса
Сіз «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» бағдарламасы бойынша өз үйіңізді сатып алуға заем ресімдей аласыз.
БАҒДАРЛАМА ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?
- Заем мөлшерлемесі жылдығы – 2% (ЖТСМ 2,1%-дан бастап)
- Ең төменгі бастапқы жарна - заем сомасының 10%-ы
- Заем мерзімі – 20 жылға дейін
- Заем сомасы – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында – 15 млн. теңгеге дейін
- Басқа аймақтарда – 10 млн. теңгеге дейін
ҚАНДАЙ БАСПАНАЛАР САТЫП АЛУҒА БОЛАДЫ?
- Жаңа салынған үйден жаңа пәтер
- Қолданыста болған пәтер
- Жеке тұрғын үй
ЕСКЕРТУ! Тұрғын үйді сіз әкімдікте кезекте тұрған аймақта ғана сатып алуға болады
ТАБЫС ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?
Соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) артық болмауы керек (2019 жылы ЕТЖ 42 500 теңгеге тең)
КІРІС РЕТІНДЕ НЕ ЕСКЕРІЛЕДІ?
Сіз негізгі кіріс көзі болған жағдайда несие ала аласыз. Негізгі кіріске еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс жатады.
Егер сіздің негізгі кірісіңіз жеткіліксіз болса, онда сіз қосымша табысты қосып есептей аласыз.
Негізгі кіріске жататындар:
- Айлық жалақы
- Жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс
- Өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс
- Тұрғын үй төлемдері
- Оқу орындарында білім алатын ұйым қызметкерлерінің шәкіртақысы
Қосымша кіріске жататындар:
- Зейнетақы және зейнетақы аударымдары (негізгі кіріс болған жағдайда)
- Экологиялық төлемдер
ЕСКЕРТУ! Кез-келген жәрдемақы кіріс ретінде есептелмейді
Мысалы, отбасында алты адам болса, бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беретін ең жоғарғы табыс келесідей болады.
Мәселен, 6 адамнан тұратын отбасы болса, 6 адам х 42 500 теңге = 255 000 теңге
- 2 адамнан тұратын болса, айына 85 000 теңгеден артық емес
- 3 адамнан тұратын отбасында - айына 127 500 теңгеден артық емес
- 4 адамнан тұратын отбасы - айына 170 000 теңгеден артық емес
- 5 адамнан тұратын отбасы - айына 212 500 теңгеден артық емес
- 6 адамнан тұратын отбасы - айына 255 000 теңгеден артық емес
- 7 адамнан тұратын отбасы болса, айына 297 500 теңгеден артық емес
ҚОСАЛҚЫ ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫ ТАРТУ ЖОЛДАРЫ
Егер сіз өтінім берген кезде жұмыссыз болсаңыз, онда жұмыс істейтін жұбайыңызды тартуға болады. Егер сіздің кірісіңіз жеткіліксіз болса, онда 2 қосалқы қарыз алушыға дейін тартуға болады.
ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?
- Егер пәтердің бағасы 10 млн. теңге болса, заем сомасы 10 млн. теңгені құрайды.
- Бастапқы жарна – 1 млн. теңге (заем сомасының 10%-ы)
- Заем мерзімі – 19 жыл
- Алдын ала заем бойынша 8 жыл бойына ай сайынғы төлем – 52 700 теңгеден
- Тұрғынүй заемы бойынша 11 жыл бойына ай сайынғы төлем – 36 000 теңгеден.
КЕҢЕС: бастапқы жарнаны 10%-дан артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем бұдан да төмен болады!
БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША ҮЙДІ алудың нақты 9 қадамы
1. Әкімдікте кезекте тұру.
Ол үшін Сізге әкімдікке барып, кезекке тұрып, отбасы мәртебесін (көпбалалы отбасы, толық емес отбасы немесе мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы) растайтын құжат алу керек.
2. Тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісім-шарт бекіту.
Келісім-шартты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кез келген бөлімшесінде немесе Сізге ыңғайлы уақытта және ыңғайлы жерге келетін кеңесшінің көмегімен бекітуге болады. Кеңесшіні www.hcsbk.kz сайтындағы «Сіздің кеңесшіңіз» бөлімі арқылы немесе ұялы телефоннан 300 нөміріне хабарласып шақыра аласыз (қоңырау шалу тегін).
Келісім-шарт бекіту үшін жеке куәлік жеткілікті.
3. Төлем қабілеттілігін бағалаудан өту.
Ол үшін Сізге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне келесі құжаттарды тапсыру керек:
- отбасыңыздың мәртебесін растайтын әкімдік берген құжат
- кәмелеттік жасқа толған отбасы мүшелерінің жеке куәліктері және балалардың туу туралы куәліктері
- неке қию немесе неке бұзу туралы куәлік
- соңғы 6 ай ішіндегі табыстарды растайтын құжаттар, оның ішінде ерінің немесе әйелінің, сондай-ақ қажет болған жағдайда қосалқы заемшының атына берілген құжаттар
Атыңызда несие бар болса, ол төлем қабілеттілігіңізге әсер етуі мүмкін.
Басқа несиелер бойынша уақтылы өтелмеген қарыз болса, оларды жабуға кеңес береміз.
4. Тұрғын үй таңдау.
Бұл кезеңде Сізге тұрғын үй іздеп, таңдап, кез келген бағалау ұйымы арқылы таңдалған баспананы бағалап, сатушыдан тұрғын үйдің құқық белгілеуші құжаттарының көшірмелерін алу қажет.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ: жылжымайтын мүліктің бағалау нәтижелерін және құқық белгілеуші құжаттарды төлем қабілеттіліктен өткендігі туралы хабарламаны алған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт ішінде тапсыру керек.
5. Заем ресімдеуге мақұлдау алу (мақұлдау мерзімі 10 жұмыс күнінен аспайды).
Ол үшін Сізге жылжымайтын мүліктің бағалау нәтижелерін, құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелерін алып, банк бөлімшесіне келіп, заем ресімдеуге және Сіз таңдаған үйдің кепілі бойынша мақұлдау алу керек.
6. Бастапқы жарнаны аудару.
Ең төменгі бастапқы жарна заем сомасының 10%-на тең. Ақшаны банк бөлімшелері, интернет-банкинг, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төлем терминалдары немесе банктің серіктес ұйымдарының интернет-банкингі мен төлем терминалдары арқылы аударуға болады.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ: банк кеңесшілері жарна қабылдамайды.
7. Сатушымен сатып алу-сату келісім-шартын бекіту.
Мақұлдау алған соң Сізге нотариуста сатушымен сатып алу-сату келісім-шартын бекітіп, жұбайыңыздың кепілге рұқсатын (қажет болған жағдайда) алып, Банкке өткізу керек.
8. Заем алу.
Банктік заем келісімшартын жасау және кепілді Халыққа қызмет көрсету орталығында немесе нотариуста тіркеу керек. Осыдан соң заем беріледі.
9. Өз пәтеріңізге немесе үйіңізге көшіп кіру!
МАҢЫЗДЫ! ҚР заңнамасына, ішкі құжаттарға және бағдарлама шарттарына сәйкес, қажет болған жағдайда банк қосымша құжаттар сұратуға құқылы.
Дереккөз: hcsbk.kz