Жоба толық қуатына шыққан сайын курорттар мен туристік қызметтердің саны көбейе береді.
Фото: hotelsmag.com
Сауд Арабиясы туристердің назарында ең алдымен қасиетті қалалары, шөлді даласы мен мұнай өнеркәсібі арқылы танылып келді. Алайда соңғы жылдары ел туризм бағытын түбегейлі өзгертіп, әлемдік саяхат картасында жаңа орын алуға ұмтылып отыр. Осы мақсаттағы ең ірі жобалардың бірі – Қызыл теңіз жағалауында салынып жатқан The Red Sea туристік бағыты.
Бұл жоба қарапайым курорт салумен шектелмейді. Мұнда сәнді қонақүйлер, аралдар, табиғи жағажайлар, су астындағы әлем, шөлді аймақтар, ойын-сауық пен сауықтыру нысандары біртұтас туристік бағытқа біріктірілмек. Жобаны Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қорының компаниясы – Red Sea Global жүзеге асырып жатыр.
The Red Sea – Сауд Арабиясының батыс жағалауындағы ауқымды туристік бағыт. Жоба табиғаты салыстырмалы түрде аз өзгерген аралдар мен жағалау аумақтарын қамтиды.
Red Sea Global мәліметінше, толық іске асқан кезде бағытта 20-дан астам курорт пен 50-ден астам түрлі ойын-сауық пен туристік қызмет ұсынылуы жоспарланған. Компания жобаны дәстүрлі «люкс туризмнен» бөлек, табиғатты қалпына келтіруге бағытталған регенеративті туризм қағидаттарымен дамытуды көздейді. Жобаның негізгі идеясы – туристерге жоғары деңгейдегі демалыс ұсынумен қатар, табиғи ортаны барынша сақтап қалу.
Шура аралы – жобаның басты орталығы
The Red Sea аумағындағы ең маңызды нысандардың бірі – Шура аралы. Оның пішіні теңіздегі маржан рифтері концепциясына негізделген. Арал толық іске қосыған кезде 11 халықаралық курортты қабылдайды.
2025 жылдың соңына қарай аралда алғашқы үш курорт пен Шура Линкс гольф алаңы іске қосылды. Ал 2026 жылдың басында жоба құрамындағы «ADRENA» ойын-сауық және шытырман оқиғалар ауданы жұмысын бастады. Мұнда судағы және құрлықтағы 20-дан астам ойын-сауық түрлері бар. Алғашқы курорттық нысандары туристерді қабылдай бастады. Қонақтарды қабылдап жатқан қонақүйлер қатарында шөлдегі Desert Rock және Six Senses Southern Dunes, аралдардағы St. Regis Red Sea Resort пен Nujuma, Ritz-Carlton Reserve, сондай-ақ Shura Island-дағы InterContinental, SLS және The Red Sea EDITION бар. Бұл тізім алдағы жылдары тағы да кеңеймек.
Туристерге қандай демалыс ұсынылады?
The Red Sea тек жағажайда жатып демалуға арналған орын болмақ емес.
Мұнда туристерге:
- маржан рифтерін тамашалау;
- дайвинг және теңіздегі экскурсиялар;
- шөлді аймақтарға саяхат;
- сауықтыру және wellness бағдарламалары;
- жоғары деңгейлі мейрамханалар;
- аралдардағы демалыс;
- спорттық және ойын-сауық бағдарламалары сияқты түрлі мүмкіндіктер ұсынылады.
100 пайыз жаңартылатын энергияға сүйенеді
The Red Sea жобасының бір ерекшелігі – энергиямен қамтамасыз ету жүйесі. Red Sea Global мәліметінше, 100 пайыз жаңартылатын энергиямен жұмыс істеуге бағытталған. Жоба аумағында жүздеген мың күн панелі орнатылған. Бұл шешім туристік инфрақұрылымның қоршаған ортаға әсерін азайтуға бағытталған. Яғни люкс қонақүйлер мен заманауи технологияларды табиғи ортаға барынша ұқыпты орналастыру идеясы жобаның негізгі қағидаларының бірі.
Әлеммен байланыстыратын жеке әуежайы бар
The Red Sea туристік бағытының жеке әуе қақпасы – Red Sea International Airport. Әуежай 2023 жылы ішкі рейстер үшін жұмысын бастады, ал 2024 жылы халықаралық бағыттарға шықты. 2025 жылы Qatar Airways Дохадан тікелей рейс аша бастады. Сол жылдың қарашасында Миланнан Red Sea International Airport-қа алғашқы тікелей еуропалық рейс те орындалды.
Болашақта туристерді не күтіп тұр?
Жоба толық қуатына шыққан сайын курорттар мен туристік қызметтердің саны көбейе береді. Red Sea Global The Red Sea-ді әлемдегі ең ірі регенеративті туризм бағыттарының біріне айналдыруды көздеп отыр. Компанияның қазіргі мәліметінде болашақта **8 мыңға жуық қонақүй нөмірі** болуы жоспарланғаны көрсетіледі.
Бұл бағыттың біртіндеп ашылып жатқаны оның туристік нарықтағы орнын да өзгертіп келеді. 2026 жылы сұраныстың өсуіне байланысты қосымша рейстердің саны артқан. Мысалы, 2026 жылғы мамырдағы Құрбан айт кезеңінде бағытқа 42 қосымша рейс қосылған.
Сауд Арабиясындағы The Red Sea – әлемдік туризм картасында жаңа бағыт қалыптастыруға арналған аса ірі жоба. Оның ерекшелігі – шөл мен теңізді, заманауи сәулет пен табиғи ландшафтты, жоғары деңгейдегі қонақжайлық пен экологиялық мақсаттарды бір жүйеге біріктіруге талпынысында.
Ең маңыздысы, бұл жоба енді тек болашақтағы жоспар емес. Алғашқы курорттар ашылып, халықаралық рейстер іске қосылды, туристер жаңа аралдар мен шөлді курорттарға бара бастады. Ал алдағы жылдары Шура аралы мен басқа да аумақтардағы жаңа қонақүйлер іске қосылған сайын The Red Sea-дің ауқымы одан әрі ұлғая түспек.
Сауд Арабиясы осылайша туризмге жаңа бетбұрыс жасап отыр: табиғаты ерекше Қызыл теңіз жағалауын әлемнің ең таңдаулы туристік бағыттарының біріне айналдыру. The Red Sea жобасының ең үлкен сынағы да осы – сәнді демалыс пен табиғатты қорғаудың арасындағы тепе-теңдікті іс жүзінде сақтай алу.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,


