​Дүкендердегі садақа жәшігіндегі ақша кімдерге тиесілі?

0
5 693

Кез келген мұсылман білуі тиіс сүннеттің бірі - садақа. Мұсылман қалтасынан қаржы шығарып, оны мүмкіндігінше мұқтаж жандарға беретін болса, Алланың мейіріміне бөленері анық. Алайда, Алла разылығы үшін берілетін садақаны қайда және қалай берген дұрыс? Көше бойына қатарынан тізілген дүкендердегі «садақа жәшігі» кімге тиесілі? Оған түскен тиындар кімдерге беріліп жатыр?


​Дүкендердегі садақа жәшігіндегі ақша кімдерге тиесілі?

Кез келген мұсылман үшін садақа - сүннет. Мұсылман қалтасынан қаржы шығарып, оны мүмкіндігінше мұқтаж жандарға беретін болса, Алланың мейіріміне бөленері анық. Қасиетті Құранда Алла жолында садақа беру мен мал сарп ету жайы 200 жердебаяндалады. Алайда, Алла разылығы үшін берілетін садақаны қайда және қалай берген дұрыс? Көше бойына қатарынан тізілген дүкендердегі «садақа жәшігіндегі» ақша кімге тиесілі? Оған түскен тиындар кімдерге беріліп жатыр?

Әр адам күнделікті тұрмысқа қажетті затын алу үшін жол бойындағы дүкендерге бас сұғады. Сонда келушілер көз алдында тұратын «садақа жәшігіне» азды-көпті тиындар тастап жатады. Ал адамдардың көбі «ол қайда кетеді, не үшін бұл жерде тұр?» деген сауалдарға мән бере қоймайды. Дәл осы сұрақтарды сатушылардың өздеріне қойған кезде түрліше жауап алдық. Олардың көбі жәшіктің оң жағындағы жазуды көрсетіп, «солар біледі» деп бастарын ала қашты.

Біз де бір дүкеннен көрген «Ақ шаңырақ» қайырымдылық қорының «садақа жәшігінде» көрсетілген Ануаров Дилшат есімді азаматқа хабарласып көрген едік.

«Ақ шаңырақ» жаңадан құрылған қайырымдылық қорының атқарар басты міндеті - панасыз жандарды баспанамен қамтамасыз ету екен. Осы мақсатта жоғары билік өкілдері мен жомарт жандарға хат жолдап, хабарын күтіп жүргенін айтты. Ал дүкендерге қойылған садаққа жәшігінің себебін сұрағанда:

- Теңіз де тамшыдан құралады, ол да болса үйдің бір кірпішін алу үшін көмек болар деп, адам көп келеді ғой деген үмітпен қойылған. Қазіргі таңда баспаналы болудан үміттеніп 10 отбасы кезекте тұр. Олардың тұрмыс жағдайына қарап бірінші кімге үй тұрғызып берерін ойласып, қолы ашық адамдардан қайырымдылыққа қаражат күтуде..., - деді.

Бұл жәшіктің дүкенде тұрғаны үшін сатушыға еш пайда келмейтін көрінеді. Оны өзінің арнайы адамдары келіп айына немесе аптасына бір рет алып кетіп отырады екен.

Бұдан бөлек «Арман» дүкенінің иесі Меруерт ханым:

«Мен бұл жәшікті әдейі қойдым. Құдайға шүкір, дүкеніме келушілер көп, жұмысым да жақсы жүріп жатыр. Содан ойланып өзгелер үшін де, өзім үшін де пайдалы дүние жасағым келіп, дүкеніме садақа жәшігін қойдым. Оған келушілер тиын-тебендерін, қайтарым ақшаларын тастап жатады, өзім де арасында салып отырамын. Түскен ақшаны толықтай менің дүкеніме үнемі келіп сауда жасап тұратын 4 балалы жалғыз басты анаға беріп тұрамын. Ол қатты қуанып рақметін айтып алады, сол кезде мен де ерекше қуанамын. Садаққа жәшігіне ақшасын тастаған әр адамға алғысымды айтып, ырзалығымды білдіріп отырамын», - дейді.

Тағы бір жақсылық жасауға асыққан жан Е. есімді азамат. Ол өзінің кішігірім жеке емханасында садақа жәшігін орналастырып, одан түскен ақшаны жағдайы нашар, емделуге қалтасы көтермейтін адамдарға жәрдем ретінде дәрі-дәрмегін алып беріп отыратынын айтты.

«Мен ешқашан адамдарды тегін емдемеймін. Тегін емдеуге де болады, бірақ адамдар ол кезде емнің, денсаулықтың қадірін білмейді. Сол үшін де келген әр адамды тексеріп көрген соң ауруының түріне қарай қаралуын талап етемін. Ал көп адамдар денсаулығына салғырт қарағаны соншалықты «өй, оған қаралуға менде қаражат қайдан болсын» деп қолын бір сілтеп жатады. Мен соған қарамастан оларға денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп, қаражаттан қиналған, ауруы асқынып кеткен адамдарға садақаға түскен ақшадан дәрі-дәрмегін алып көмектесіп отырамын. Бұл емхана болған соң келушілер де емделемін деген үмітпен келіп, садақаға да ақшаларын аямай салып жатады. Түскен ақшаны түгелімен жағдайы төмен науқас адамдардың сауығуына жұмсаймын», -деді дәрігер.

Бұрын садақаға ақша салу үшін мешітке апарып немесе базар маңын торлап қандай мақсатпен жүргені белгісіз қайыршыларға қолда бар теңгені төгіп бере салатын едік. Енді бұл күнде кез келген дүкен, дәріханаларда садақа жәшігінің тұрғанына қуанамыз. Тек сол сауабы мол садақаға салынған ақша адал жолмен қайырымды адамдардың арқасында көмекке шын мұқтаж жандардың қолына жетсе екен.

Назерке Бимахан,

ERNUR.KZ