Коронавирустың "үнділік" штамы: Адамдар саңырау болып қалуы мүмкін

0
2 356

​Коронавирустың «Дельта» штамы («үнділік» штамм) туралы не білеміз және оның қаупі қандай?


Коронавирустың

ERNUR.KZ. «Дельта» коронавирус штамы аса контагиозды және анықталған штамдарға қарағанда жұқпалылығы 60%-ке жоғары, қазіргі айналымдағы штамдар 1 адамнан орта есеппен 3-4 адамға таралатын болса, бұл штамм 5-6 адамға бірден жұғады және 7 күнге созылатын қысқа инкубациялық кезеңмен сипатталады, деп жазады ҚазАқпарат.

Сонымен қатар індетті жұқтырғандар буындар мен іштің қатты ауырсынуын сезінеді, жүрек айнып, лоқсиды, ауру салдарынан адам саңырау болып қалуы әбден мүмкін және аяқтардың микротромбозына әкеледі.
Соңғы зерттеулер көрсеткендей, коронавирустың «үнділік» штамы ауруханаға жатқызу мен өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен байланысты.
Осыған орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әрбір қазақстандықты өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарауды сұрайды.

Инфекциядан қалай қорғануға болады?
Инфекциядан қорғану мен ауруханаға жатудан аман қалудың бірден бір жолы COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның толық курсын алу. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-ге қарсы екпе алуға қарсы көрсетілімдері жоқ әрбір азаматқа қысқа мерзімде вакциналануға кеңес береді. Сондай-ақ вирус таралуының алдын алу мақсатында барлық профилактикалық шараларды қатаң орындау қажет: маска тағу, әлеуметік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету, т.б.
Бұған дейін Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирустың үнді штамы анықталған жоқ екендігін айтты. Алайда бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі айналымда «үнділік» штамның болу ықтималдылығын анықтады.
Нұр-Сұлтан қаласында коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық деңгейінің күрт өсуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі КВИ жұқтырған науқастардан алынған оң зертханалық үлгілердің ПТР скринингін өткізді. Скрининг нәтижелері бойынша «Дельта» штамына («үнділік» штамм) тән мутацияға күдікті жағдай анықталды. Мутацияның болуын және оның «Дельта» штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ үлгілерін толық геномдық секвенирлеу аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Айта кетсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 20 маусымдағы мәліметтері бойынша SARS-CoV-2 «Дельта штамм» әлемнің 174 елінде анықталған.