​Қай елде бензин су тегін бағада сатылады?

0
1 450

Гонконг – бензинді ең қымбат бағалайтын ел, литрі – 1630 теңге тұрады


​Қай елде бензин су тегін бағада сатылады?

Сурет: avto-babilon.a1sc.ru

Қазіргі кезде әлемде 1,5 млрд-қа жуық автокөлік бар. Олардың жартысынан көбі бензинмен жүреді. Сондықтан көлік жүргізушілер бекет жанынан өткен сайын жанармай бағасына қарауды естен шығармайды.

Жанармай – көлігі бар жандардың күнделікті тұтынатын қажеттілігі. Оның бағасы отбасы бюджетіне айтарлықтай әсер етеді. Қымбаттаса қамығып, 1-2 теңге арзандаса, соның өзіне алақайлаймыз.

Тауардың құны оның өндірілетін орны, әдісі, жеткізу жолдары, т.б. түрлі факторларға байланысты белгіленеді. Сондықтан әр өңірде, елдерде баға сан алуан. Кей мемлекеттерде салыстырмалы түрде біздікінен әлдеқайда төмен екен. Мәселен, мына елдердегі бензиннің бағасы біз үшін су тегін.


1. Иран

Иранда 1 литр бензин –14-15 теңге. 60 литрлік бакты толтыру үшін 900 теңге төлесе болғаны. Қазір Иран үкіметі бензин бағасын көтеруді ойластыруда. Сондықтан, жақын арада 2,5 есе өсуі ықтимал.


2. Ливия

Ливияда демократия орын алғаннан кейін халықтың тұрмыстық жағдайы күрт нашарлады. Бірақ жанармай бағасы арзан күйінде сақталды. Қазіргі кезде онда көлік отынының құны 15-16 теңгені құрайды.


3. Венесуэлла

Дәл қазір Венесуэлада жанармай – 17-18 теңге болып тұр.Тұрғындарының күнкөріс деңгейінің төмендігін, табыстың аздығын ескеретін болсақ, бұл баға өз тұрмыс-тіршіліктеріне сай. Бензин бағасын тұрақты ұстап тұруға ел территориясында мұнай қорының көптігі де әсер етеді. Дегенмен, елдің экономикалық хал-ахуалы аса жоғары емес. Соған байланысты халықтың тек аз ғана бөлігінің жеке автомобилі бар. Венесуэладағы 1000 тұрғынның тек 145-і ғана көлік сатып ала алады.


4. Ангола

Ангола – Африканың тағы бір мұнай өндіруші елі. Мұндағы бензиннің бағасы литріне 162 теңге. Елде саяси тұрақсыздық болса да, мұнай өндірісі біртіндеп аяққа тұрып жатыр.


5. Кувейт

Кувейт – әлемдік мұнай индустриясы алпауыттарының бірі. Мұнда қазіргі уақытта 1 литр бензин 168 теңгеге бағаланады. Мұнайдың көп бөлігі құрлықта өндіріледі, бұл бағаның төмен болуына мүмкіндік береді.


6. Алжир

Алжирде көлік жанармайының бағасы литріне 169 теңге. Үкімет бензиннің бағасын көтермеуге уәде берген. Алайда, мұнай экспортындағы нарық жағдайы бензиннің қымбаттауына алып келуі мүмкін.

Бүгінгі таңда Қазақстан әлем бойынша ең арзан бензин рейтингінде 10-шы орында тұр. Ресми дереккөздің ақпаратына сәйкес, елдегі 1 литр жанармайдың құны 0,507 доллар ( 250 теңге).


Ал ең қымбат бағалар картасына келсек...

1. Гонконг

Әлемдегі ең қымбат бензин Гонконгта. Онда жанармай литрінің бағасы – 1640 теңге. Бұл елдегі өмір сүру көрсеткіштерінің жоғары болуымен тығыз байланысты. Гонконг тұрғындарының орташа айлық табысы 2200 долларды құрайды.


2. Монако

Монако – миллиардерлер мекені. Мұндағы тұрмыс көрсеткіші өте жоғары. Сәйкесінше, баға да қымбат. Бір ғана бензинді айтатын болсақ, литрі – 1133 теңге. Бұл мемлекеттегі тұрғындардың көбісі спорттық көлік айдайды.


3. Исландия

Исландия заманауи әлемдегі дамыған елдердің қатарына кіреді. Экономикасы скандинавиялық үлгімен құрылған. Мұнда жұмыссыздық мәселесі жоқтың қасы. Бензин құны 1094 теңгені құрайды. Тұрғындардың табысы мен шығынының арақатынасы тиімді реттелген. Экономикалық өсім қарқыны айтарлықтай белсенді. Басқа да тұтынушылық тауарлары секілді, бензиннің де қымбат болатыны түсінікті.


4. Барбадос

Барбадоста да өмір сүру деңгейі жоғары. Бұл елде жиһаз, сабын және т.б. заттар өндірісі жақсы дамыған. Ал жанармайдың бүгінгі бағасы – 1028 теңге.


5. Сингапур

Салық түрінің көп және пайызының жоғары болуының әсерінен жанармай бағасы қымбаттаған. Бұл кішкентай мемлекентте 1 литр бензин 1024 теңге тұрады.

Кез келген тауар секілді, бензиннің де бағасы бір орында тұрмайды. Оның арзан не қымбат болуы валюта курсына, мұнай бағасына, экономикалық жағдайлар мен үкіметтің саясатына, басқа да факторларға қарай құбылып тұрады.

Аударған: Б. Ерман,

ERNUR KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Көліктен ТОҚ ҰРМАУЫ үшін НЕ ІСТЕУ керек?