Қар жауып тұрған кезде көлікті ҚАЛАЙ БАСҚАРУ КЕРЕК?

0
276

Мұндай кезде жолды көру, айналаны бақылау қиындай түседі.


Қар жауып тұрған кезде көлікті ҚАЛАЙ БАСҚАРУ КЕРЕК?

Ауа райы құбылып, қар жауып тұрған кезде көлікті басқару қиындай түседі. Сондықтан осындай мезетте жолға шығатын жүргізушілерге тиімді кеңестерімізді ұсынамыз.


Өзгелер сізді көруі керек

Мұндай кезде жолды көру, айналаны бақылау қиындай түседі. Сол себепті сіз өз көлігіңіздің өзгелерге көрінуін ойлауыңыз керек. Сонда жолдағы басқа да жүргізушілер қауіпсіз маневр жасай алады. Ол үшін көліктің барлық шамдарын сүртіп, негізгі және тұманға қарсы жарықты қосыңыз, бұрылыс сигналдарын қолданыңыз. Сондай-ақ өзіңіз де бәрін жақсы көруіңіз керек. Ол үшін терезе жууға арналған арнайы сұйықтықтың жеткілікті екендігін тексеріп, терезені жылыту тетігін пайдаланыңыз. Көліктің барлық терезесін таза ұстасаңыз, айналаны бақылау соғырлұм жақсы болады.


Жылдамдық пен арақашықтық

Қар жауған кездегі қозғалыстың ең басты негізі — жылдамдық пен арақашықтықты сақтау. Қар мен мұз жол мен дөңгелектің жанасу қасиеттерін төмендетіп, бұл тежеу жүйесінің қалыпты қызметіне теріс әсер етеді және сырғанауға соқтырады. Егер қандай да бір жолақтың қары аршылып тасталса, жол жабыны біркелкі бетімен жүруге тырысыңыз. Ал қар құрсауынан өтер кезде (мысалы, қар тазалайтын техника сүріп кеткен қардан өткенде) рөлді мықтап ұстаңыз. Өйткені мұндай сәтте көлік тізгінінен айырылып қалуыңыз бек мүмкін.


Артқы доңғалақ тартатын болса...

Артқы доңғалақтары тартатын көліктер қар басқан жолда жиі тайғанайды. Егер осындай оқыс жағдай орын алса, рөлді артқы дөңгелектер тайған бағытқа қарай бұрып, жылдамдықты өте мұқият қалпына келтіру керек. Алдыңғы доңғалақтары тартатын көліктер көп сырғанамайды. Бірақ бұрылатын кезде қиындық туындауы мүмкін. Яғни рөлді бұрып отырғаныңызбен, көлік тіке қозғала береді. Төрт доңғалағы да тартатын көліктер қозғалысы тұрақты болады, бірақ жылдамдық баяулаған кезде оларда да белгілі бір проблемалар байқалады.


Кенеттен қозғалыс жасамаңыз

Рөлмен де, педальмен де күрт қозғалыстар жасамаңыз. Тежеу де, жылдамдықты үдету де бірқалыпты орындалуы тиіс. Педальды күрт басу немесе жіберу көліктің сырғанауына соқтырып, басқару қиындауы ықтимал. Егер сіздің көлігіңізде ABS жүйесі болмаса, онда тайғақ жолда тежеу процесін педальмен де, қозғалтқышпен де (редукторды төмендету) бір уақытта орындаңыз. Сонда көлік бірқалыпты баяулайды алады. Ең бастысы – бұл әрекетті бірте-бірте орындаңыз. Себебі мұндай әрекетті дұрыс орындамасаңыз, көлік жол бетінде шыр айналуы мүмкін. Егер көлік ABS-пен жабдықталған болса, онда сіз жай ғана сол қызметті пайдаланыңыз. Сонда жылдамдық бірқалыпты баяулайды, бірақ тежеу жолы ұзаруы мүмкін.


Қардың кесірі

Тағы бір мәселе — ұзақ жолда доңғалақ доғаларының астына қар толып қалады да, бұрылыс кезінде кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайда да сіз өзіңіз ойлаған траекторияға қол жеткізе алмайсыз. Сондықтан тоқтайтын ойыңыз болса жылдамдықты алдын ала төмендетіңіз.


Айналадағы жағдай

Айналаңыздағы жағдайды мұқият бақылаңыз және алдын ала екі қадамды ойлап отырыңыз. Мысалы, мұз қатқан жолдағы жүк көліктері биікке шыға алмай, артқа қарай құлдилауы ықтимал. Немесе ауладан, кішігірім жолдардан үлкен трассаға шығатын кезде қар үйінділері кедергі болуы мүмкін. Жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындағанда да сақ болыңыз. Жаяу жүретін адамдар қарлы ауа-райында көлікті басқару қаншалықты өзгеретінін білмейді және әдеттегі жағдай бойынша әрекет етеді. Одан бөлек басын бұғып алып, жан-жағына мән бермейтін адамдар да кездеседі. Жолдағы «зебраның» жолақтарын да абайлаңыз, олар зат өте тайғақ қоспадан құйылады.


Қосымша

Жүргізушілер эстакадалар, көпірлер және өткелдер арқылы қозғалатын кезде ерекше назар аударуы керек, өйткені дәл осындай жерлерде көктайғақ болуы мүмкін. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтердің жұмысына кедергі келтірмеу үшін тоқтау және тұраққа қою ережелерін мүлтіксіз сақтау қажет.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Қазақстандағы жанармай бекеттері: НЕСІМЕН ТИІМДІ?


БАЙҚАҢЫЗ: Көлік жүргізгенде жануарды соғып кетуден сақтайтын кеңестер