БАЙҚАҢЫЗ: Көлік жүргізгенде жануарды соғып кетуден сақтайтын кеңестер

0
247

Күтпеген жерден жолға шығатын жануарлармен соқтығысудың және жол апатының ауырлығы мынадай факторларға байланысты...


БАЙҚАҢЫЗ: Көлік жүргізгенде жануарды соғып кетуден сақтайтын кеңестер

Егер сіз кем дегенде бір рет қала сыртына сапарға шықсаңыз, жануарлардың жолға шығатынын ескертетін жол белгілерін көресіз. Тиісінше, мұндай жол белгісіне мән бермеген жүргізушілер жануарлармен соқтығысып, жарақат алып, жолаушылардың денсаулығы мен көлікке айтарлықтай зақым тиюі мүмкін. Ал, осындай жайсыз жағдайға тап болғыңыз келмесе, біз ұсынған ақпараттарды есте сақтап, кеңестерге құлақ түріңіз.


Жалпы, күтпеген жерден жолға шығатын жануарлармен соқтығысудың және жол апатының ауырлығы мынадай факторларға байланысты:

автокөлік жылдамдығы;

жол жағдайы;

жануардың түрі мен денесінің көлемі;

олардың кенеттен пайда болуы және жүргізушінің реакциясы.


Көп жағдайда орын алатын оқиғалар жүргізушінің реакциясына байланысты болмайды, өйткені жануарлар күтпеген жерден пайда болады және жылдам қозғалады. Егер осындай сәтте сәттілік серігіңіз болса, көлігіңіз аздап зақымданғанымен, жануарға соқтығыспай өтуіңіз мүмкін. Ал, нашар сценарий бойынша жол апаты орын алса, жануарды қағып, көлікке едәуір зақым келтіріп, жарақат алып, тіпті қайғылы жағдайға душар болуыңыз ықтимал.


Көбінесе далада еркін жүрген жануарлардың қатысуымен болатын жол апаттары қараңғыда немесе таңертең жолда машина аз жүретін кезде орын алады. Жануарлардың аталықтары мен аналықтары жыныстық жұптасуға түсетін кезеңде де оқыс оқиғалар саны артады.


Еліміздің әр аймағындағы географиялық жағдайға байланысты жолға шығып кететін жануарлар да әртүрлі болады. Мысалы орманды алқаптарда елік, бұлан, жабайы қабандар кездессе, жазық, ауыл шаруашылығы дамыған өңірлерде жылқы немесе сиыр жиі тап болады. Солардың ішіндегі ең қауіптілері – жылдам қозғалатын жылқылар мен тұяғы қатты жануарлар. Себебі жылқы жолға бірер секундта ғана шыға алатын болса, тұяқты жануарлардың табаны алдың терезені тесіп өтіп, адамдарға зақым тигізуі мүмкін.


Жабайы немесе далада жайылатын үй жануарларына соқтығысып қалмас үшін мынадай ережелерді қаперіңізде сақтаңыз:

Қала немесе елдімекен маңындағы жолдарда, әсіресе орман-тоғай, суатқа жақын жерлерде қырағылықты жоғалтпаңыз. Қандай да бір жануар жолға шыққан кезде бұл ереже өте маңызды рөл ойнайды.

● Жабайы аңның мінез-құлқын болжауға тырыспаңыз. Егер жануар жол үстіне шығып, тұрып қалса, көлікті дереу тоқтатуға тырысыңыз. Кей жүргізушілер жануарларды айналып өтіп кеткісі келетін жағдайлар болады, ал үлгермей қалса, нәтижесінде орны толмас оқиға болуы мүмкін.

● Жануарды көргенде көлік дабылын басып, айқайлап үркітуге тырыспаңыз. Себебі кейбір жануарлар өзін-өзі қорғау үшін көлікке шабуыл жасайды.

● Егер сіз жануарды соғып құлатсаңыз, полицияға қоңырау шалыңыз және нұсқауларды орындаңыз. Басқа апат сияқты төтенше жағдай белгісін қойыңыз. Өзге көліктердің қозғалысына кедергі келтірмеу үшін жануарды жолдан алып тастауға тырысқан жөн.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Автомобиль қозғалтқышының нөмірі НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Қазақстандағы жанармай бекеттері: НЕСІМЕН ТИІМДІ?