фотоколлаж: ЖИ
Қазіргі уақытта Қазақстанның автокөлік нарығында қытайлық брендтер өте танымал және олардың көбінің атауында терең мағына, философия немесе қытай мәдениетінің элементтері жатыр.
Біздің жолдарда жиі кездесетін негізгі қытайлық автокөлік маркаларының қазақша мағынасы мен шығу тарихы мынадай.
1. BYD (Build Your Dreams)
Мағынасы: «Арманыңды орында» немесе «Өз арманыңды жүзеге асыр».
Бұл көлік атауының дыбысталуында кп адам шатасады, басқаша айтып жатады. «БиУайДи» деп дыбыталатын бұл атау бастапқыда жай ғана қытайша атаудың аббревиатур
асы болған. Бірақ кейін компания халықаралық нарыққа шығу үшін оған осындай әдемі ағылшынша ұран-мағына берді. Қазір бұл бренд әлемдегі және Қазақстандағы ең танымал электромобиль өндірушілердің бірі.
2. Chery (Qirui – Ци Жуй)
Мағынасы: «Ерекше бата» немесе «Күтпеген сәттілік/Бақ».
Қытай тілінде «Ци» — ерекше, таңғажайып, ал «Жуй» — бақыт, сәттілік, бата дегенді білдіреді. Сондай-ақ, оның халықаралық атауы ағылшынның «cherry» - сөзіне және француздың «chеri» - сүйіктім, қымбаттым сөзіне ұқсас етіп таңдалған.
3. Geely (Jílì)
Мағынасы: «Құтты», «Сәтті» немесе «Бақыт әкелуші».
Қытай мәдениетінде бұл сөз өте жағымды мағынаға ие. Ол иесіне сәттілік пен бақ-береке тілеу мақсатында қойылған.
4. Haval (Hāfú)
Мағынасы: Ағылшын тіліндегі «Have all» (Бәрі бар) тіркесінен шыққан.
Қытайша дыбысталуы жай ғана транслитерация, ал негізгі идеясы «бұл көлікте жайлылық пен қауіпсіздіктің барлық элементтері бар» дегенді меңзейді. Ол Great Wall (Ұлы қорған) концерніне тиесілі.
5. Changan (Cháng'ān)
Мағынасы: «Мәңгілік тыныштық» немесе «Ұзақ уақыт бойы қауіпсіз болу».
Қытай тілінде «Чан» - ұзақ, мәңгілік, ал «Ан» - қауіпсіздік, тыныштық дегенді білдіреді. «Ан» иероглифінің тағы бір мәні – ежелгі қытай жазуында «шаңырақ астында отырған әйел» деген мағына береді. Қытайлықтар үшін үй ішінде әйелдің аман-есен отыруы — отбасының, демек, көліктің де ең жоғарғы қауіпсіздігі мен тыныштығының белгісі. Бұл өте көне қытай сөзі, сонымен қатар Қытайдың ежелгі астанасының (қазіргі Сиань қаласы) тарихи атауы. Көлік шығарушылар бұл атау арқылы брендтің сенімділігі мен қауіпсіздігін көрсеткісі келген.
6. Jetour (Jiétú)
Мағынасы: «Жеңісті саяхат» немесе «Жылдам жол».
Көбіне саяхатқа және белсенді өмір салтына арналған бұл брендтің аты екі сөзден тұрады: «Цзе» - жеңіс, жылдамдық және «Ту» - жол, саяхат. Ағылшынша нұсқасы «Jet» - реактивті ұшақ, жылдам және «Tour» - саяхат сөздерінің қосындысынан құралған.
7. Zeekr (қытайлықтар Жи Кы дейді)
Мағынасы: «Жаңа заманның (Z ұрпағының) құпиясы, көшбасшысы».
Бұл екі ұғымның бірігуінен шыққан атау: «ZE» — Zero, яғни, нөл, бәрін басынан бастау, электромобильдердің таза парағы және «Generation Z» - жаңа технологиялық ұрпақ. Ал «KR» бөлігі Криптон (Krypton) – жарық шығаратын сирек газ дегенді білдіреді.
8. Exeed (Xīngtú)
Мағынасы: «Жұлдызды жол» (қытайша) және «Асып түсу, озу» (ағылшынша).
Қытайша атауы «Синту» жұлдыздарға баратын жолды білдірсе, халықаралық атауы ағылшынның «exceed» (шектен шығу, күткеннен де асып түсу) сөзінен алынған, бұл брендтің премиум деңгейін көрсетеді.
9. Li Auto / Lixiang (Lǐxiǎng)
Мағынасы: «Армандағы», «Мінсіз» немесе «Идеал».
Қазақстанда оны еркелетіп, қысқартып «Лисян» немесе «Лишка» деп атайды. «Li» - ой, ақыл, логика, «xiang» - арман, қиял, ойлау. Біздің жолдарымызда соңғы кездері L6, L7, L9 үлгілері өте көптеп кездесетін бренд. Атауы қытай тілінен тікелей аударғанда «Идеал» немесе «Арман» дегенді білдіреді. Сондай-ақ оның негізін қалаушының тегі де Ли (Ли Сян).
Қытай автокөліктеріндегі сандардың да мағынасы бар екенін айту өте қызықты. Қытай мәдениетінде 8 саны — байлық пен сәттілік, ал 4 саны — сәтсіздік белгісі.
Сондықтан қытайлық көліктердің үлгілерінде (модельдерінде) 4 саны өте сирек кездеседі (мысалы, Li Auto-да L6, L7, L9 бар, бірақ L4 немесе L8 жоқ).
Байқасаңыз, қытайлық автоөндірушілер өз көліктеріне атау таңдағанда міндетті түрде сәттілік, қауіпсіздік, арман және жоғары технологиялар ұғымдарын негізге алады. Бұл олардың шығыс философиясы мен маркетингтік стратегиясының ұштасуын көрсетеді.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
МОТОР МАЙЫН САҚТАУ және ЖАРАМДЫЛЫҚ МЕРЗІМІ: Біраз уақыт бұрын өндірілген майды алуға бола ма?


