ТОП-5: Әлемдегі ең қымбат моторлы үйлер

0
637

Қиялыңыз қазір мақсатыңызға, кейін меншігіңізге айналар.


ТОП-5: Әлемдегі ең қымбат моторлы үйлер

Сурет: drive2.ru

Автокөлікпен саяхаттау әрқашан ұмытылмас әсерлер сыйлайды. Ал көлігің – өте жайлы үй-жай болса, бұл сапардың әсерін бірнеше есеге арттырады.


Енді елестетіп көріңізші, ұзақ сапарға не табиғат аясындағы демалысқа шықтыңыз. Мінгеніңіз – тар көлік немесе ішін кішігірім бөлмеге айналдырған автокемпинг емес. Астыңызда қала орталығындағы, барлық жағдайы жасалған бірнеше бөлмелі пәтер немесе таңдаулы қонақүйлердің вип-нөмірінен кем түспейтін сарай. Дөңгелекті, жылжымалы, кез келген жерге өзіңізбен әкете алатын пәтер немесе қонақүй. Ғажап емес пе?!


Елестету, қиял қазіргіден де айқынырақ болуы үшін бірнеше моторхоумдарды алдыңызға тартқалы отырмыз. Олар – әлемдегі ең қымбат, ерекше және сән-салтанатты дөңгелекті сарайлар. Кім біледі, қиял күйінде қалмай, қазір мақсатыңызға, кейін меншігіңізге айналар.


Variomobil Perfect 1200 Platinum

Неміс Variomobil компаниясы инженерлерінің туындысы. Онда жайлы бөлмелер ғана емес, бірнеше көлікке арналған гараждар да біріктірілген. Гаражға шағын қала көлігі мен бірнеше велосипедтен бастап, толыққанды спорткар да сыйып кетеді. Бұл жолаушылар салонындағы орынды еш тарылтпайды, себебі гараж негізгі жатын бөлменің астында орналасқан.

Сәнді дөңгелекті үйдің ұзындығы 8-ден 12 метрге дейін. Кей бөліктерінің шатырларында жылу жүйесі бар, барлық бөлмелері жылы еденмен жабдықталған. Сондықтан қыста да қиналмай сапар шегуге болады. Ал салондағы жайлылықты «ақылды үй» жүйесі басқарады.

Авто-үйдің ішкі дизайны тапсырыс берушінің талғамына сай орындалады. Тек қана жоғары санатты материалдар мен табиғи былғары қолданылады.

Осындай сән мен салтаналқа, жайлылыққа ие Variomobil Perfect 1200 Platinum-ның бастапқы бағасы — 1 164 710 еуро.


Brabus Big Boy 1200

Brabus ательесі Бельгияның STX Motorhomes компаниясымен бірлесе отырып, Mercedes-Benz Actros негізіндегі капотсыз жүк көлігінен люкс апартаменттер жасайды. Ұзындығы 12 метр, салмағы 26 тонна болатын бұл автокөлікте 530 аттың күші бар. Көлемі 12,8 литр дизель қозғалтқышымен жабдықталған.

Салонда төрт адамға арналған 30 шаршы метрлік тұрғын-жай кеңістігі бар. Жуыну бөлмесі табиғи мәрмәрмен әрленген, жылы еденмен жабдықталған. Ал орындықтар сәнді италиялық жиһаз үйінен. Асүйде ыдыс жуғыш машина, индукциялық плита және басқа да премиум техникалар орнатылған.

Байланыс үшін Starlink спутниктік интернеті жұмыс істейді. Көліктегі жайлылықты автоматты кондиционер және бөлек Webasto жылытқышы реттейді.

Бұл моторхоумның бағасы 1,26 миллион еуродан басталады.


Dembell Motorhome L

Ұзындығы 9,5 метрлік моторхоумның мінсіз тегіс алюминий корпусында ешбір шығып тұрған элемент жоқ. Төрт метрге дейінгі көліктер сыятын жеке гаражы бар. Жылы едендер мен қабырға радиаторларынан, сонымен қатар шынылардан да жылу бөлінеді. Асүйде, ваннада және жатын бөлмеде температураны бөлек реттеуге болады.

Dembell кемперлері үш түрлі өлшемде, сол жақты немесе оң жақты рульмен ұсынылады. Ең қымбат нұсқасының бағасы — шамамен 1 400 000 еуро.


Newmar King Aire

Егер бұл моторхоум екенін алдын-ала білмесеңіз, оны жақсы жабдықталған пәтер деп ойлап қалуыңыз мүмкін. АҚШ-та жасалған ұзындығы 14 метрлік бұл авто-үй 55 шаршы метрден астам тұрғын кеңістікке ие!

Жайлылық үшін екі санитарлық торап, душ, екі кең италиялық былғары диван, екі есікті тоңазытқышпен жабдықталған толыққанды асүй, киім ілетін бөлме, қойма, екі 4К теледидар, кір жуғыш, кептіргіш және ыдыс жуғыш машиналар қарастырылған. Барлық техниканы 12,5 кВт қуатты дизель генераторы қамтамасыз етеді. Ашық ауада демалу үшін автоматты түрде ашылатын тент орнатылған. Едендері жылытылады, ал салқындату жүйесі шатырға орнатылған үш қуатты кондиционермен атқарылады.

605 аттың күшіне ие алып дөңгелекті үйдің бастапқы бағасы — 1 637 500 доллар.


2026 Newell Coach P50

Суперлюкс авто-үйде төрт сырғымалы аймақ, табиғи былғарыдан жасалған жиһаз, премиум техникалармен жабдықталған үлкен асүй, жұмсақ дивандар, «ақылды» құрылғылар, қалдықты ұсақтайтын раковина, бірнеше теледидар және екі проектор бар. Еден керамикалық плиткамен, ал ванна бөлмелері (бұл жерде де екеу) импорттық мәрмәрмен әрленген. Жүк пен керек-жарақтарды кемпердің екі жағындағы сырғымалы жәшіктерге орналастыруға болады.

Кемпердің барлық жүйелері сенсорлық экран арқылы басқарылады. Корпус сыртқы шудан жақсы оқшауланған.

Бұл авто-үйде ішкі гараж жоқ. Бірақ оның қажеті де шамалы, өйткені Newell Coach P50 моторхоумы 11 тоннаға дейінгі көлікті тіркеме ретінде сүйрей алады.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Қытайлықтар қашан тоқтайды? Шанхай автосалонының ең жарқын премьералары