Таңғы асқа картоптан құймақ дайындаңыз

0
3 432

Картоп қосып та құймақ пісіруге болатынын білесіз бе?


Таңғы асқа картоптан құймақ дайындаңыз

Таңғы асқа пайдалы тағам жеу керек. Ал, картоп қосылған құймақ таңдағы көңіліңізді көтеріп, бойыңызға қуат береді. Ендеше ерекше құймақтарды дайындауға Сіз де асығыңыз!


Картоп пен аскөк қосылған құймақ


Қажетті өнімдер:

  • 400 гр. картоп
  • 300 мл. сүт
  • 1-2 дана жұмыртқа
  • 1-2 тіс сарымсақ
  • 1 шай қасық толтырылған қант
  • 1 шай қасық тұз
  • 4 ас қасық өсімдік майы + табаға жағатын азырақ май
  • 150 гр. ұн
  • 0,5 бума аскөк


Дайындалу тәсілі:

  1. Картопты аршып, жұқалап турайсыз. Сосын кастөлге салыңыз.
  2. Туралған картопқа су құйып, кастрөлді отқа қойып қайнатасыз. Су қайнаған соң, отты жай қойып, 0,5 шай қасық тұз салып, картоп піскенше қайнату керек. 20 минутта картоп та пісіп қалады.
  3. Картоп піскен соң суын төгіп тастап, езбе жасайсыз. Әбден езілген картопқа аршылған әрі майдаланған сарымсақты, жарты шай қасық тұз бен қантты саласыз. Барлығын жақсылап араластырыңыз.
  4. Сүтті ысытып, осы қалпында картоп араласпасына құйыңыз. Сөйтіп араластырасыз. Жұмыртқаны жарып салып, тағы да жақсылап араластыру керек. Енді өсімдік майын қосыңыз. Ұнды салып, венчикпен араластырасыз.
  5. Аскөкті жуып, майдалап турап дайындап алу қажет.
  6. Содан соң табаны майлап, барынша қыздырыңыз. Қажетінше картоп араласпасын құйып, құймақты пісіріп аласыз. Құймақтың беті пісейін дегенде аскөкті себелеп, сосын екінші бетін аударыңыз. Дәл осы көлеммен жасайтын болсаңыз, 13-14 құймақ шығады. Дайын құймақтарды қаймақпен ұсынуға болады.


Кілегей қосылған дәмді құймақ


Қажетті өнімдер:

  • 600 гр. картоп
  • 200 мл 10%-дық кілегей
  • 250 гр. ұн
  • 4 ас қасық өсімдік майы
  • 1 шай қасық тұз
  • 1 шай қасық қант
  • 100 гр. сары май
  • Дәміне қарай даршын.


Дайындалу тәсілі:

  1. Қабығы аршылған картопты жуып, қайнатамыз. Сосын піскен картоптың суын төгіп, езбе жасаймыз. Езбені суытуды ұмытпаймыз.
  2. Енді бір табаққа ұн, қант, тұз, 2 ас қасық өсімдік майын және кілегей мен езілген картопты салып араластырамыз. Сөйтіп жұмсақ қамыр илейміз. Қамырды барлығы біркелкі шығатындай етіп кішірек-кішірек бөліктерге бөліп домалақтаймыз.
  3. 15 минуттай мұздатқышқа салып алып, жаясыз. Май құйылған табаға салып, құймақтардың екі жағын бірдей қызарта пісіріп ала бересіз.
  4. Дайын болған құймақтарды сары маймен майлап, даршынды себелеп, орап жей беруге болады. Құймақтарды ыстықтай дастарханға ұсыныңыз.


Сүттен дайындалған құймақ


Қажетті өнімдер:

  • 3 дана картоп
  • 400 мл сүт
  • 3 дана жұмыртқа
  • 60 гр. ұн
  • Шым-шым тұз
  • Қуыру үшін 2 ас қасық өсімдік майы
  • Әсемдеу үшін:
  • 50 гр. қаймақ
  • 1 тал аскөк


Дайындалу тәсілі:

  1. Картоптың барлығын аршып, ірілеп тураймыз. Сосын кастрөлге су құйып, картопты саламыз да отқа қойып қайнатамыз. Су қайнағаннан кейін 15 минутта картоп та дайын болады.
  2. Қайнаған картоптың суын төгіп, табаққа салып аламыз да арнайы құралмен езбе жасаймыз. Содан соң оған сүтті құйып жақсылап араластырамыз. Ұнды, жұмыртқа мен тұзды салып, венчикпен біркелкі болғанша жақсылап араластыру керек.
  3. Табаны қыздырып, өсімдік майын жағамыз. Сөйтіп табаға құймақты құйып, әр бетін 2-3 минуттан пісіріп ала береміз.Қалған қамырлардан да дәл соылай құймақ пісіреміз. Әрбір құймақты пісірерде табаны майлауды ұмытпаңыз.
  4. Картоп пен сүт қосылған құймақтар дайын. Қажетінше қаймақ пен аскөкпен әсемдеп, дастарханға ұсынамыз.


Газдалған су қосылған құймақ


Қажетті өнімдер:

  • 10 дана картоп
  • 150 мл газдалған су
  • 125 гр. ұн
  • 1 шым-шым бұрыш
  • Тұз, қуыру үшін ерітілген май қажет.
  • Тұздығына:
  • 200 гр. ашытылған қырыққабат
  • 30 гр. пияз
  • 0,5 стақан сорпа
  • 2 ас қасық сары май
  • 30 гр. аскөк.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен тұздықты дайындап алайық. Ол үшін қырыққабатты жуып, дуршлагқа салыңыз. Сосын жақсылап суын сығып тастап, майдалап турайсыз. Пиязды майдалап турап, майды табаға құйып, қуырамыз.
  2. Пияз қуырмасына қырыққабатты салып, дәмдеуіштерді қосып, бұқтырып қою қажет. Азырақ сорпа қосамыз. Дайын болуына 1-2 минут қалғанда майдалап туралған аскөкті саламыз.
  3. Табаққа газдалған суды құйып, отқа қойып қыздыру керек. Су жылыған кезде електен өткізілген ұн мен тұзды салып, венчикпен араластырамыз. 10 минутқа қалдырып, картопты үккіштен өткізіп аламыз. Сосын аз-аздан қамырға қосып, жақсылап араластырамыз да, 10 минутқа тағы қалдырамыз.
  4. Противень табаға майды ерітілген майды құйып, оның бетіне картоп араласпасының жартысын құямыз.
  5. Осылайша дайындалған құймақты қыздырылған пеште 7-8 минуттай пісіреміз. Пісіп шыққан соң арасына қырыққабат бұқтырмасын салып ұсына беруге болады.

Дайындаған: Қ. ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Мына салаттарды міндетті түрде жауып алыңыз


Кәді мен қызанақтан ерекше АДЖИКА қайнатуға болады