"Мен ырысты нанның қиқымына жасырғам".
иллюстрациялық фото: 1tandir.kz
Бала күнімізде «нан қиқымын шашпаңдар», «жерде нан жатса теріп алыңдар», «адам аяғы баспайтын жерге қойыңдар, ит пен құс жеп кетеді» дегенді көп естуші едім. Үлкендердің айтқаны заң еді ғой, бұлжытпай орындайтынбыз. Нанның қиқымын жеп отырған кішкентайларды көрсе, үлкен әжелеріміз «мына бүлдіршіннің болашағы кемел, бай болады. Қолы ашық, дәулеті тасыған болады» деп жоритын. Мұны есіме түсірген тұңғыш қызым. Кеше аялдама маңынан нан үзімін тауып алып, биіктеу жерге қойды. Қарап тұрып марқайып қалдым. Байқасам, өзім ешқашан ұл-қыздарыма нанның қадірі туралы айтпайды екенмін. Жаныма жақындап келді де:
«Нан қиқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар,
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар» деп бетіме қарап күлді. Сөйтті де «Анашым нан қиқымын жесе, адам бай бола ма?» деп сұрақты төтесінен қойды. Тап сол кезде жауап бере алмадым. Бірақ міндетті түрде осы жөнінде ізденіп, жауап беретінімді айттым.
Ертеңіне жұмысқа келе салысымен ғаламтор мен кітаптарды ақтарып жүріп, мынадай мәліметтерді таптым.
Ас атасы – нан екенін біліп өссек те, оның қасиеті жайлы білетініміз аз екен.
Бірде Ыбырайым пайғамбар Құдайға:
– Уа, Жаратушы Ием! Өзімді бай еттің, төрт түлігімді сай еттің. «Алмақтың да салмағы бар» деген. Мыңғырған малдың сұрауы қиын бола ма деп қорқамын. Артығын қайтып ал. Мен азға қанағат қылайын! – дейді. Алла оған:
– Ей, Ыбырайым, берекем қашып, малым сарқылсын десең, бұдан былай нанды отырып емес, аттың үстінде же. Нанның қиқымы шашылып, жерге түссін. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Мен ырысты нанның қиқымына жасырғам. Сен ас жегенде бір түйірін де жерге түсірмей, етегіңе салып жинап аласың. Сондықтан береке дарып, саған дәулет тез бітті, – дейді.
Міне, «Нан қиқымын теріп же, бай боласың» деген сөз Ыбырайымнан қалыпты деседі.
Осы тыйымға орай ел ішінде мынадай да қызық аңыз сақталған екен.
Ертеде ағайынды жалшы жігіттер байдың қойын бағатын көрінеді. Бай олардың еңбек ақысына бір жапырақ нан мен бір кесе сүт береді екен. Бір күні ағасы нан жеп отырып, оның қоқымын жерге түсіріп алады. «Ысырап болды ғой» деп, нанды іздей бастайды. Кеш батып, қас қарайып қалған кез екен. Ол нанның қоқымы түскен жерге таяғын қадап кетеді де, «ертең жарық кезде келіп, тауып алармын» деп ойлайды.
Ертесіне келсе, таяғы қап-қатты, ауыр темірге айналып кетіпті. Оны жерден әрең дегенде суырып алады. Қараса, темір дегені алтын екен. Жігіт бір күнде байып шыға келеді. Ертесіне інісі қалай байығанын сұрайды. Ағасы болған жайтты айтып береді. Інісі де ертесіне нанды жерге шашып, қоқым түскен жердің бәріне ағаш қадап кетеді. Таңертең келіп қараса, ағаштары алтынға емес, сом темірге айналыпты. Ниетінде кінәраты бар інісі ақжүрек ағасы сияқты бай бола алмапты.
Нанның қиқымын қадірлеу туралы ғибратты аңыздар миғраж оқиғасында да айтылады. Мұхамбет пайғамбар миғражға барғанда бір адамды көреді. Ол түйенің үстіне мініп алыпты. Қолында ұзын, инедей жұқа таяғы бар екен. Сонымен тау-тасты шұқып, бір нәрсе іздеп жүреді. Әлсін-әлсін бір құс келіп, оның басынан шұқып өтеді екен. Пайғамбар Жебірейілден:
– Бұл кім? Не қылған пенде? – деп сұрайды. Жебірейіл періште:
– Бұл адам пәни дүниеде нанның қиқымын бейберекет шашып жеген. Ысырап, обал дегенді білмеген. Ысырапшылығы үшін Алла тағала ол адамға махшар алаңында жер бетінде өзі түсірген нанның қиқымын түйенің үстінде тұрып тергізеді, – дейді.
– Ал құс не үшін оның басын қайта-қайта шұқып кетеді?
– Ол нанның қиқымын таптап жүре беретін еді. Жинауға ерінетін. Нанның обалы қара құсқа айналып, төбесінен осылай шұқып кетеді, – деп жауап береді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз ұрпақтарына нанның қиқымын шашпау, теріп алып қастерлеу туралы өсиет айтқан екен.
Біздің қазақ нанды қастерлеп, қадірлеуі сондықтан болар. Бар байлықтың, құт пен ырыстың бәрі нанда екенін «Дастарқаныңда нан болса, сен байсың» деп бір ауыз сөзбен жеткізген ата-әжелеріміз көреген ғой шіркін.Ләззат Ахметова,