Бұл бала өскенде үйде отырмайтын, дала кезіп жүретін кезбе болмасын деген сенімнен туындаған.
Мұның сыры неде? Мұндай наным-сенім қайдан келіп шыққан? Тереңіне үңіліп, түбірін қазатын болсақ, әртүрлі аңыздар (бәлкім ақиқаттан да алыс емес) шыға келеді.
Бала күнімде мен марқұм әжемнен көптеген тәлімді-тағылымды аңыз әңгімелерді, ертегілерді естуші едім. Өкінішке орай, олардың ешқайсысын жазып алмағандықтан, есімде қалғандарын ғана бүгінде тәрбие көзі ретінде балаларға айтып жүремін.
Солардың бірі осы жаңа туған нәрестенің табанынан сүюге болмайтыны жайлы тақырып сай келгендіктен, айтарыма тұздық болсын, неліктен әжелеріміз, аналарымыз сәбиді қаншалықты еміреніп жақсы көріп тұрсаң да, оның табанынан немесе желкесінен сүюге болмайтыны жайлы айтатындығының мәнін ұғынып көрейік.
Негізі қазақ халық ежелден ырымшыл халық қой. Сол себепті әр нәрседен мағына іздеп, астарына үңіледі.
Егер жас сәбидің желкесінен сүйсең, бала өскенде біл алмайтын қырсық болады, кесірлігі артады деп сенеді. Бұл жерде ең негізгісі сәбидің мінезінде емес, ол Алланың қолындағы құзырет екенін ата-бабаларымыз да жақсы білген.
Сөйте тұра бұл ырымның шығуы сәбидің жүзі иілмесін, жоғары қарап тұрсын деген ниеттен шыққан.
Ал, «табанынан сүйме!» дегені, бала өскенде үйде отырмайтын, дала кезіп жүретін кезбе болмасын деген сенімнен туындаған. Бір жағынан, табанынан сүйемін деп кішкентай сәбиді төбесімен жерге құлатып алу қаупінен, жазымнан сақтандыру болса керек.
Әжемнің айтқан аңызы
«Ертеде ұзақ жылдар бойы бала сүйе алмай, бір перзентке зар болған әйел болған екен. Алладан жалынып бала сұрап, жалбарынып күні-түні перзент сұрапты. Арман-тілегі қабыл болған әйелдің құрсағына бала бітіп, қуанышы қойнына сыймайды.
Соншама жыл зарығып күткен сәбиі де айы-күні жетіп, аман-есен өмірге келіп, ата-анасын қуантыпты. Туған ұлын жерге көкке сыйғызбай, қолына ұстап, өзін де қоярға жер таппапты қуаныштан. Қатты жақсы көргені сонша күні бойы бетіне қарап өбектеп, өппеген жері қалмайды.
Сәбидің табанынан сүйсе, шықылықтап күлгеніне шаттанып, анасы да табанынан сүйе береді екен. Бала өсіп, ер жетіпті. Бірақ ержеткенде анасының үмітін ақтамапты. Үй бетін көрмейтін кезбе, қаңғыбасқа айналып, анасын тағы за зар жылатып, құсада қалдырып кетеді. Бала сөйтіп әр жерде қаңғып жүріп қаза табады.
Баласын аңсап зар жылаған анаға ұлының мүрдесі жетеді. Сонда баласынан безінбеген, сарғая күткен анасы соңғы сапарға шығарып салатын кезде де табанынан сүйіп қоштасқан екен деседі.
«Табанынан сүйме» деген тыйым осыдан қалса керек. Егер сәби кезінде шетінеген бала болса, оны жер қойнына тапсырардан алдын анасы баласының табанынан сүйіп қоштасатын үрдіс ел арасында бар.
Сондықтан, халық даналығы тыйым салынғанды жасамау керек, ырымға сенбесе де құрметтеу керек» деген болатын.
Аңыз әңгімемен әсерлеп жеткізгендіктен болар, мен де қазір баласының табаны мен желкесінен сүйіп жатқан аналарды көрсем тіксініп қаламын.
Мүмкін басқалар мән бермейтін шығар, ана мен бала туралы көріністі суреттейтін фотолардың да талайын көрдім, сәбидің табанынан сүйген. Бұл дұрыс емес, әр нәрсенің шегін білген дұрыс меніңше.
НҰР Әлем,
Тағы да оқыңыз:
«АБЫСЫН АСЫ» абысындардың өзара татулығын арттыратын ДӘСТҮР
«Тышқаншық салу» ЫРЫМЫН білесіз бе?