ТҮРКІСТАН: Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті бауырлас елдер арасындағы бірлікті нығайтады

0
81

Бұл – түркі әлемі үшін тарихи әрі символдық маңызы зор оқиға.


ТҮРКІСТАН: Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті бауырлас елдер арасындағы бірлікті нығайтады

Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті бауырлас елдер арасындағы бірлікті нығайта түспек, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қасиетті Түркістан қаласы биыл Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммитін қабылдайды. Маңызды саммиттің өтетіні туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында Түркістан өңіріне жасаған жұмыс сапарында мәдімдеген болатын. Бұл – түркі әлемі үшін тарихи әрі символдық маңызы зор оқиға. Ғасырлар бойы түркі өркениетінің рухани орталығы саналған Түркістанда өтетін кездесу бауырлас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, түркі бірлігінің маңызын айқындай түспек.

Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бейресми саммиттер мемлекет басшыларына еркін пікір алмасуға, ортақ мәселелерді талқылауға және өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды саяси алаң ретінде қалыптасты.

Биылғы бейресми саммиттің Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Түркі халықтарының ортақ тарихы мен рухани тамырын тоғыстырған көне шаһар бүгінде түркі әлемінің маңызды мәдени және саяси орталықтарының біріне айналып келеді. Саммиттің басты тақырыбы «Жасанды интеллект және цифрлық даму» болады деп жоспарланған. Түркістан төріндегі алқалы жиынға ұйымға мүше және бақылаушы мемлекеттердің басшылары, түркі институттарының және халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады деп күтіліп отыр.

Түркістан төрінде өтетін бұл маңызды кездесу түркі мемлекеттері арасындағы бауырластық байланыстарды бекемдеп қана қоймай, түркі әлемінің халықаралық аренадағы беделін арттыруға да серпін береді. Бүгінде киелі шаһар өз тарихындағы аса маңызды жиынды өткізуге қорытынды дайындықтарын пысықтап жатыр. Түркілер төріндегі маңызды басқосу Түркі әлемін біріктіріп, бауырластық пен бірліктің туы биік желбірей түседі деген сенім мол.

Бөлісу