Қасиетті РАМАЗАН айын қалай ШЫҒАРЫП САЛАСЫЗ?

0
3 514

​АЙТ мерекесінде ДӘСТҮРГЕ айналған 6 ШАРУА


Қасиетті РАМАЗАН айын қалай ШЫҒАРЫП САЛАСЫЗ?

иллюстрациялық фото: today.kz

Қасиетті Рамазан айынан соң барша мұсылман халқының мейрамы – Ораза айты келеді. Бұл бала күннен таныс берекелі мейрам. Ауыл болып ерекше бір берекесі тасып тұратын мереке деп мен алдымен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз меркесі мен осы Ораза айт мейрамын атар едім. Себебі, жадымда өте бір ыстық естелік, тәлім-тәрбиесімен қалған.


Осынау мейрамда біздің отбасымызда, тіпті әулет пен ауылымызда қалыптасып кеткен дәстүр бар. Ол да бір ретімен орындалатын, шегінен шықпай міндетті түрде жасалатын өте бір қарапайым шаруалардан тұрады. Қаншама жыл өтсе де бұл санамызға сіңіп, әдетімізге айналып кеткен мерекелік дәстүр десе болғандай.


Міндетті түрде үй әктеледі

Анам Айт мейрамы жақындағанда ең болмаса от жағатын бөлме мен кіре берісті әктеп-ақтап қоятын. Бұрындары түсқағаз, еурожөндеу деген болмайтын, оны тек қаладағы үйлерден ғана көруші едік. Барлық үйдің қабырғасы әк, оның қалай әктелгеніне де айнала көрші-қолаң сын айта кететін.

Ал анам үшін Айт мейрамы қарсаңында үйді әкеу, тазалау, кілем қағып, көрпе-төсекті күнге жаю деген Рамазан айының соңғы аптасында атқарылатын шаруалар еді. Оған біз де үйренгенбіз, Ораза айы аяқталар кезде өзіміз де іштей дайын жүреміз.


Міндетті түрде кір-қоң жуылады

Рамазан айының соңғы күндерінде, Айт мерекесіне екі күн қалғанда үйде міндетті түрде барлық кір-коң жуылатын. Тіпті, бір жапырақ майлық та қалдырмай жуып тастайтынбыз.

«Мейрамды таза қарсы алу керек» деген анамның сөзінен кейін осы күні таңнан бастап шаруамыз кір жуу болушы еді.

Бұл күні әкемнен бастап аға-інілерім есіктің алдын, айналасы мен көше жақ бетті тазартумен айналысады.


Міндетті түрде моншаға түсеміз

«Ертең - арапа» деген күні кешкісін монша жағып, біріміз қалмай бой тазалығын жасаймыз. Үйдегі ер адамдар әкемнен бастап күндіз шаш алдырып, қысқартып дегендей қажеттіліктерін жасайды.

Бұл да біздің қаншама жылғы отбасылық дәстүріміз болып қалыптасып кеткен. «Айтты таза қарсы аламыз» деген анам бұл дәстүрді орындауды Рамазан айы кіретін күні де ұмытпайды.


Тәтті-дәмді дайындаймыз

Рамазан айының соңғы күні бауырсақтан бастап қаттама, түрлі тәтті-дәмді тағамдар дайындалады біздің үйде. Әрине, барлық үйде осылай болар деп ойлайтынмын. Бірақ кейін келе оны да жасамайтындар бар екенін көргенде таңданғаным рас.

Бүкіл ауыл болып бауырсақтың иісі аңқитын күн болушы еді ғой ауылда...


Рамазан айын шығарып саламыз

Сол күні кешкісін үйде дәмді ас дайындалады. Үйде ешкім ораза ұстамаса да, анам соңғы күні қонаққа арнағандай етіп ас пісіреді.

«Рамазан айын шығарып саламыз. Қасиетті ай бізге ренжімей кетсін. Ендігі жылы Алла бұйыртып, жүрегімізге иман нұрын құйып, ораза ұстап, ауыз бекітуді нәсіп етсін. Алла отбасымызбен түгел амандықта келер жылдың Рамазан айын қарсы алуға жазсын!» деп әкем мен шешем ас қайырғанда ниет етеді.

Ал өмірден еретерек кеткен атам Рамазан айының соңғы күнінде көңіл-күйі болмай, Айт күнгі таңды күтіп, көзіне жас алып шығарып салушы еді. Тек өзі ғана еститіндей етіп күбірлейтіні есімде қалыпты. Кейін әігіме арасында әкемнің "Әкем жыл сайын келер жылда Рамазанмен көрісем бе, жоқ па?" деп көзіне жас алатын еді дегенін естіп қалатынмын...


Міндетті түрде айттаймыз

Иә, ең алдымен анам әкемнің Айт намазынан оралғанша дастарханды жайнатып қоюды тапсырады. Сосын отбасымызбен түгел бір-бірімізді құттықтап, жайылған дастарханға отырамыз. Әкем Құран оқып, тілек тілейді.

Содан соң анам бірінші болып екі жақтағы көрші-көлемді шайға шақыртуға асығады. Үлгерсе, бірінші болып айттық шай береді. Содан соң ауылдағы туыстардың, көрші-көлемнің үйіне айттап, мерекемен құттықтап отбасымызбен барамыз.

Айт күні ауылда тек қыдырумен, әр үйдің дастарханынан тәтті жеумен өтуші еді күніміз... Ақ ниет пен тілек ақтарылатын, адамдар да сол күні ерекше мейірімді, қолы ашық, қайырымды боп кететін.


Қазір де сол отбасымнан көрген-түйгенімді жасауға тырысамын. Мен де бір үйдің отанасымын бүгінде. Анамнан көргенімді, түйгенімді, бойға сіңіргенімді өз балаларымнан көргім келеді. Осы тәртіппен жыл сайын Рамазан айын қарсы алып, Айт мерекесін тойлаймыз.


Биылғы жылдың мерекесін әркім өз үйінде ғана тойлауға жазыпты. Бұрынғыдай алыс-жақынды үйге шақырып, өзімізде айттап бара алмайтынымыз анық. Аты жаман вирустың таралмауы, одан әрі өршімеуі үшін үйде болуымызға тура келіп тұр. Дегенмен, жоғарыдағы дәстүрге айналған шаруаларды атқару, ниет етіп, тілек тілеуге кедергі жоқ. Бала-шағаны да тәтті-дәмдімен еркелетіп, отбасы үшін берекелі дастархан жаюға ешкім тыйым салмайды.


Бастысы, келесі жылдың Рамазан айын еліміз аман, жұртымыз тыныш, отбасымызбен түгел қарсы алайық.

Қ.Сауран,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Жас БОСАНҒАН әйелге МҰНЫ міндетті түрде ЖЕГІЗУ керек


Құрсақтағы ШАРАНА үшін ПІТІР САДАҚАсын беру міндет пе?