​Кестелі орамал сыйлау – сезімнің айғағы

0
2 423

Кестелі орамалды қыз жігітке не үшін сыйлайды?


​Кестелі орамал сыйлау – сезімнің айғағы

фото: ВКонтакте

Ұнатқан жігітке келісім берудің алғышарттарының бірі бұл қыздың жігітке өз қолымен тіккен кестелі орамалды сыйлауы. Бұл да қазақ халқының салт- дәстүрлерінің бірі болып табылады. Қыз баланың сүйіктісіне жібек матаның үстіне кестелеп сүйіктісіне арнап өз сезімін жазып сыйлық ретінде тартуын қазақта «кестелі орамал» дейді. Оған байланысты мына өлең жолдарынан көз жеткізуімізге болады.

Кестелі ақ жібек орамал,
Алыстан жолдаған сүйген жар.
«Жауынгер жарым, сен есіңе ал»,
Деп жазған оюлап хаты бар.


Қазақ дәстүрінде «қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Өз сезімін бірінші болып сөзбен жеткізбеген. Сондықтан бойжеткендер өз сезімін кестелі орамал сыйлау арқылы білдірген. Ал бозбалалар болса «селт еткізер» сыйлықтар, яғни білезік, жүзік, сырға, моншақ сынды сәндік бұйымдарды сыйлаған. Сол дәстүрдің жалғасын менің әкем мен анам да басынан өткізген. Шынымды айтсам, махаббат деген сезімнің ұлылығын дәріптейтін, оп-оңай қол жеткізе алмайтын тұнық, мөлдір сезім екенін әкем мен анамның махаббатынан білемін.

Ал кестелі орамалдың жайын мен әкем өмірден озғаннан кейін толықтай түсіндім. «Бұл қайдан шыққан салт?» «Неліктен олай болған?» деген сұрақтардың төңірегінде іздендім, қызығушылығым артты.

...Бұл әкем қайтқаннан кейін киімдерін жақын адамдарға тарату кезінде қалтасынан шыққан орамал.

Бұл кестелі орамал ескі, әбден сарғайған екен. Демек әкемнің қалтасынан қалдырмай алып жүргеніне қарағанда құнды дүние болды. Осы оймен ешкімге білдірмей өзім салып алдым. Әкемізді жер қойнына тапсырып, тірі адам тіршілігін жасайды деп әрқайсымыз өз мекенімізге кеттік. Бірақ әкеден қапыда айрылу оңай емес. Әкемізді ойлап көңіліме кірбің түсіп жүрген кезім.
Әкеміздің көзін көрген кісілерді, ұстаған - тұтқан заттарын көрсем әкемнің өзін есіме түсіріп жылап алатын едім.
Солай жүріп осы орамалды тауып алдым. «Жуып қояйыншы» деп ойладым да кейін көп тұрған нәрсе іріп кетер деп ол ойымнан айныдым.

Бұл қайдан шыққан орамал? Әкем тірі кезінде бет орамалдарын бізге жуғызып қоятын. Бірақ дәл осы орамалды ешқашан көрмеппін.

Кейін ойлана отырып, әкемнің кестелі орамал жайлы айтатын, еске алатын әңгімесі бар екені сап етіп ойыма түсті де, әкем үшін аса құнды, қадірлі болған бұл кестелі орамалдың сырын ұққандай болдым.
Әкем мен анам тірі кезінде сұраушы едім «екеуіңіз қалай таныстыңыздар?» деп.

фото: ademi-ai.kz
Сонда әкемнің айтқаны «Біздің жас кезімізде қыз бен жігіттің оңаша қалуы құпталмайтын еді. Жігіттер жағы әскерден келгенде, үйленгенде шағын отырыс болады. Сол отырысқа қыздар да шақырылады. Қыздар бөлек, жігіттер жағы бөлек отырады. Қыздармен бірге жеңгесі еріп келеді де, олар ауыз бөлмеде отырады. Қыз сыртқа шықса жеңгесі бірге еріп шығады. Сосын жеңгесінің қолына бір әшмөңкі үнді шәйін, орамал немесе әтір ұстататынбыз. Сонда да 15-20 минутқа ғана қызды қалдыратын. Сол кезде қызға сөз айтып үлгеру керек. Үлгермесең жеңгесі алып кететін. Келесі бір отырыста қыздан жауап күтесің. Қыз келіскен болса қолдан өзі тіккен кестелі орамал ұсынатын. Ұзату деген жоқ, қыз келісімін бергесін алып қашатын. Мен де сол кездегі үрдістен айнымадым. Шешең берген сол кестелі орамал бертінге дейін болып еді деп аяқтаған.

Ата-анамның шаңырақ көтергенін еске түсірсек биыл 53 жыл болады. 53 жылда мата тозып, кестесі іріп кететін болар.
Бұл біздің анамыздың үйретуімен тігілген орамал болуы мүмкін.
Қалай болғанда да әкем үшін анамның қолтаңбасы қалған, екеуінің жастық шағының, мөлдір сезімдерінің куәсіндей болған осынау сарғайған орамал қаншама сырды ішіне бүккендей

Осындай естеліктерді оқығанда қазақтың әдеп-ибадан аттамайтын, арлы қыздары мен сері жігіттерінің кіршіксіз сезімдерінен құрылған отбасының іргесі де қалайша берік болмасын?!

Ал осындай отбасында дүниеге келген ұл-қыз да әке-шешенің тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп, ұлт тазалығын, махаббаттың қадірін түсінеді деп ойлаймын.

Махаббаттың құны жоғары болған ол кезде, қазір шетелге еліктей ме екен жастарымыз сол сезімнің бағасын арзандатып алған сияқтымыз ба қалай?

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Шұлығын тесіп тастай беретін бала ӨТКІР МІНЕЗДІ болады


ТҮБЕК пен ШҮМЕКті төңкеруге болмайды