Көгентүптің баламасы ретінде ОСЫ САЛТты орындап жүрміз.
фото: gutx.vn
Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Әсіресе, балаға қатысты, бала тәрбиесіне байланысты салттар мен ырым-тыйымдар көп-ақ.
Көгентүп (салт). Туыс, ілік, жұрағат адамдардың қонаққа келгенде оның баласына ескерткіш, сый ретінде берілетін мал: (қозы, қой, бұзау, құлын, тай, бота, тайлақ, ат). Бұл бала үшін сый, қуаныш болса, оның ата-аналары үшін құрметтеудің белгісі десе де болады. Көгентүп беруді малды ауылдардың әлі де пайдаланып жүргені жақсы, жарасымды салттарының бірі.
Көгентүп (көгендік) - жақын туыс, ілік, жұрағат адамдардың баласына сый ретінде берілетін мал (қозы, қой, бұзау, құлын, тай, бота, тайлақ, ат) Кеусен, көгентүп дәстүрлері қазіргі тұрмыс-тірлікте қолданыста болғанмен, ел үлкендеріне болмаса, жалпы көпшілікке аты ұмытыла бастағанға ұқсайды.
Көгентүп салты туралы қазіргі күнде көп айтылмайды, десек те атауын анық білмегенімен, осындай салттарды ұстанып жүрген жандар көп. Әдеттегідей малмен емес, үйге алғаш рет қонақ болып келген балаға сыйлық беру үрдісі кең тараған.
Осы орайда , халықтың сүйікті жазушысы, қазақтың қайсар батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апамыздан асып ештеңе дей алмаспыз. Ол кісі қазақ дәстүрлерін насихаттап, жілігін шағып, майын ішіп жүрген адам ғой. Сондықтан, көгентүп салтының түсіндірмесін Зейнеп Ахметованың жазбасынан іздеп көрдік.
Жас баламен байланысты әдемі салттың бірі - көгентүп.
Қолға ұстауға жарап қалған бөпесін көтеріп немесе аяғы шыққан баласын жетелеп бірінші рет қонаққа апарғанда соған дәл біздің қазақтай мән беріп әтеуірлейтін ел жоқ шығар, сірә! Ағайын-туыс, жекжат-жұрат, көңіл жетер дос-жарандардың шаңырағына бала қонаққа барғанда: «Үйімізге алғаш келді, қадамы құт болсын», - деп көгентүп атайды. Көгентүп дегеніміз - балаға берілетін қозы-лақ, бота, бұзау немесе құлын. Бүгінгілер біле бермейді, «көген» - қозыларды байлайтын ұшы түймеленіп түйілген қысқа жіптер.
Оларды жуан арқанға тағып, қозыларды көгендеген. Бұрын қой сауылатын замандарда кез келген ауылда керіле құрылған көген болған.
фото: YouTube
Сонымен, көгентүп - баланың көгенінің түбі болсын, малының басы болсын деген ақ ниетпен берілетін төл. Қонаққа келген баланың ата-анасының қозы-лағының жоқтығынан емес, баланың өзге табалдырықты аттап қонаққа келгенін елеп, қадамына сәттілік тілеген пейілден шыққан салт. «Берсең балаға бер, қуантсаң баланы қуант» деген бабаларымыз. Өйткені бала болмысы пәк, олардың жүрегінде тозаң жоқ, балалар шынайы қуанады. Бір жағынан, жақын адамдар арасындағы жартыны жарып жейтін жанашырлық пен татулық қоюлай түседі. «Итің жақсы» десе риза болатын ақкөңіл қазақ баласын бағалап, басын құрметтеп жатқанда неге қуанбасын! Титімдей төлге емес, сыйлағанға марқайған ғой. Құдайшылығымызды айтсақ, әлгі екінің бірі, ерінбегеннің бәрі жамандай беретін Кеңес кезінде көгентүп салты малды ауылдарда ізін жоғалтпай жалғасып жатушы еді. Амал қанша, өткеннің бәрін өгейсітуге бағытталған саясат әлі бар, бірақ басқа қырынан көрінуде. Жаһандану деп, нарық деп, заманауи жаңа өмір деп, бір-бірімізге шынайы ниетпен жылы сөз айтудан қалып, қазақы сыйластығымыз сұйылды. Бұл күнде көңіл де сатулы. «Мен саған, сен - маған» дейтін есепке құрылған қарым-қатынасқа жаттығып барамыз. Ұлттың қадір-қасиетін сақтаған қайран текті бабалар-ай! Олар тарту-таралғыны қарымтасын қайтар деп бермеген, «қолдың кірі - дүниені» сол баяғы көңіл сыйластығы үшін, өзгені риза етіп, өзі қуанып жүруі үшін берген екен.
Көңіл сыйластығы дегеннен шығады, атаның Мәскеуде тұратын қызы Еленаны Бақытжан алғаш рет 2005 жылы елді көрсетуге алып келді. Бәкең екеуміз оны атаның туған жеріне апарғанымызда, ең алдымен, атаның нағашы жұртына бардық. Текебай биден тарайтын текті әулеттің бұл күнде ең үлкені атаның нағашы інісі Рахметқан көкем мен Қалдыгүл жеңешем еді. Олар елге сыйлы, ағайын арасында өте беделді, өсіп-өнген көпбалалы әулет. Біз келгенде көкем мен жеңешемнің немере-шөберелеріне дейін алдымыздан шығып қарсы алды. Сонда Қалдыгүл жеңешем Еленаны бауырына қысып :
- Айналайын, ұлы атаның сен де бір ұрпағысың, алдымен бізге келіп сәлем бергенің үшін жүрегімді табаныңның астына төсейін, - деп еміренді. Бәкең жеңешемнің мына ғажап тілегіне өзі де қатты тебіреніп тұрып, қарындасына аударып, түсіндірді. Басқа салтты ұстанып, езге діннің адамы болып өскен тілі басқа Елена егіліп жылап жіберді. Өйткені шынайы айтылған тілекті жүрегімен қабылдады, жүрегінен өткізді. «Мұндай сөздерді жасым алпысқа келсе де, естіп көрмеппін», - деп ағынан жарылды. Кейін кетер
кезде әр нәрсенің ретін тауып,қисынын келтіретін көргенді жеңешем тағы да: «Бала кезіңде алмаған көгентүптің жоралғысы болсын», - деп Еленаның қолына гауһар тасты жүзік салып, үстіне оқалы шапан жапты. Қызық болғанда, қырықтан аса қазақ
жазушыларының шығармасын аударған шебер Бәкең көгентүпті аудара алмай көзі бақырайды. Түсіндіре алмасын білген соң: «Қазақта алғаш келген адамды үйден құр шығармайды», - деп қана Еленаның санасы жететін сөзбен айтты.Көгентүп тек қана қазаққа тән, қазақтың мейірбан да дарқан көңілінен шыққан салт екенінің және бір жаңаша көрінісі осылай болып еді.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: