​«ҚҰДАҒИ ЖҮЗІКті» кім тағуы керек

0
4 827

Кез келген құдағи бұл жүзікті таға алмаған.


​«ҚҰДАҒИ ЖҮЗІКті» кім тағуы керек

фото: kz.all.biz

Қазақтың тұрмыс-тіршілігінде, дәстүрінде күні бүгінге дейін маңызын жоймайтыны болса, ол екі жастың үйленіп, шаңырақ көтеруі емес пе?

Екі елді бір-біріне туыс етіп, араны жалғаған қыз баланың да тағдырын шешетін немесе куә болатын бір бұйым болған. Ол - құстұмсық жүзік.

Сонымен қоса тағы бір ерекше тоқталып өтетін әшекейлердің бірі - құдағи жүзік.

Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Негізінен құстұмсық жүзікті бойжеткен қыз балалар тағатын сәндік бұйым, сақинаның түрі. Ата-бабаларымыз қыз баласын айрықша аялап, әлпештеген. Бақыт құсына балап өсірген. Құс тұмсықты жүзікті қыз бала ұзатылар кезде әкесі арнайы ырымдап, ұстаға тапсырыс беріп, қызы үшін арнайы соқтырған. Бұл қызы баланың барған жерінде сыйлы болып, әулетіне сүйкімді келін болсын деген мақсатпен қатар, жүзіктің құс тұмсығына ұқсас үшкір тұсы қызымды жамандықтан, бәле-жаладан қорғап жүрсін деген сенімі болатын.

Құстұмсық жүзік - бақыттың, құс тәрізді еркіндіктің белгісін білдіреді. Құстұмсық жүзікті ер балаларға да ырымдап таққан. Ер қолындағы құстұмсық - еркіндіктің, тәуелсіздіктің белгісі және қауіп-қатерден сақтап, жаудың сағын сындырсын деген мағынада. Сондай-ақ қазақтың хандары да қолдарына құстұмсық жүзікті мөр ретінде таққан (жүзіктерінде араб тілінде есімдері жазылған). Күмістен қалың және мықты етіп жасалған. Құстың тұмсығына ұқ­саған оюлармен әшекейленеді. Ізгі тілектер әшекейге түскен түрлі пішін, өрнек арқылы астарлы жеткізіліп отырған.


фото: el.kz

«ҚҰСТҰМСЫҚ» жүзіктің атқаратын міндеті

Үкілеп отырған қызы тұрмысқа шыққан ана бәрібір жат жұртқа кетіп бара жатқан қызы үшін уайымдайды. Дәс­түр бойынша ұзатылып бара жатқан қызы­ның қолындағы құстұмсық жүзікті ана­сы шешіп алып, қыз жасауымен бір­ге орамалға түйіп, сандығына салып жі­беретін болған.

Бұрынғы кезде қазіргідей байланыс құралдары, хабар алмасу тапшы болғандықтан, ұзатылған қызының хал-жағдайын осы құс тұмсық жүзік арқылы біліп отырған. Арада жылдар өтіп, қызының хал-жағдайынан хабарсыз отырған ата-ана қызының жығдайын білуге барған бауырлары немесе жолаушылар арқылы аманатын қолына ала алса, қызының барған жеріне сіңісіп, ата-енесімен, күйеуімен өз жұртымен тіл табысып, жақсы өмір сүріп жатқандығының куәсі ретінде қараған.

Құстұмсық жүзіктің ата-анаға қайтып келуі - жақсылықтың нышаны. Қызының құстұмсық жүзігін қолына алған әке-шешесі «қызым бақытты екен» деп қуанып, арнайы туған-туысын шақырып той жасайды. Сонымен қатар аманатты жеткізген жолаушыны да құр алақан жібермей, сый-сияпат көрсетіп, ат мінгізіп, шапан жауып, лайықты құрметін жасайды. Бұл құстұмсық жүзікті ырымдап, сіңлілері ұзатылғанда тағамыз деп сандықтың түбінде сақтайды. Бұл қыздарыма да әпкесінің жолын беріп, бақытты болсын деген ырыммен. Содан кейін құдағиына арнап таза күмістен құдағи жүзік соқтырып, сый-сияпатын, ризашылығын білдірген. Құдағи жүзікті қазір екі жақ та бір-біріне тағып жүр ғой. Бірақ бұрынғы кезде құдағи жүзіктің шығу тегі мынадай болған. Тек қыздың шешесі құдағиына арнап тағатын. Мұндай сый-құрметке кез-келген құдағи ие бола алмағанын ескерсек, бұл да бір адамды тәрбиелеудің бір жолы деуге келеді.

фото: syrboyi.kz

Ол басқа жүзіктерге ұқса­май­ды. Екі саусаққа қатар киілетін екі шең­берден тұратын жүзік - үстіңгі беті бір­тұтас болып келетін, әдемі тас­тар­мен безендірілген ұлт өнеріндегі біре­гей дүние. Жүзіктің бет жағындағы екі шаңырақ екі әулеттің жақындасқанын білдірсе, ортасында екі жастың бақытын қорғайтын тұмар орналасқан.

Құдағи жүзік жалпақ дөңгелек жердің, ғаламның, шаңырақтың піші­нінде жасалған. Астындағы саусаққа тағатын сақиналары екеу болып келеді. Оның себебі екі жұп, екі әулет мәңгілік бірге дегенді білдіреді.

Құдағи жүзік оң қолдың үшінші, төртінші саусақтарына киіледі. Жалпы айтқанда, жүзікті қыздың анасы құдағиына шын жүректен аналық қамқорлығы үшін сыйға тартады. Құдағи жүзікті көрген адам оның иесі сыйлы, қадірлі, аналық мейірімімен келінді тәрбиелеген құрметті ана екенін бірден білетін болған. Осындай марапатқа ие болу, құдағиынан сыйлық алу, бәрінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, бұл да үлкен мәртебе, құдағи жүзік тағылған күннің өзі тойға айналады.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


СЫНЫҚ АЙНАҒА ҚАРАМА: бұл ТЫЙЫМдардың мәні бар


«ҚҰРСАҚШАШУ» тойын НЕ ҮШІН жасаған