​ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

0
500

Пікірсайыс тақырыптарының ішінде технологияның қоғамға әсері, демократиялық қағидаттар, құқықтық мәдениеттің дамуы, білім беру жүйесін жетілдіру және жастар саясатына қатысты мәселелер бойынша түрлі көзқарастар талқылануда. Пікірсайысшылар әрбір тақырып бойынша терең зерттеулер мен логикалық дәлелдерге сүйеніп, өз ұстанымдарын қорғауда.


​ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

ERNUR.KZ. Қазақстан үшін маңызы зор мерекелер – Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай Шымкент қаласында «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық ауқымды пікірсайыс турнирі салтанатты түрде бастау алды. Бұл зияткерлік дода жастардың ой-өрісін дамытуға, шешендік өнерін шыңдауға және қоғамдағы өзекті мәселелерге деген көзқарастарын қалыптастыруға бағытталған.

Ауқымды зияткерлік сайыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қатысып, жиналған жастарға сәттілік тілеп, игі лебізін жеткізді. Ол өз сөзінде пікірсайыстың азаматтық қоғамды қалыптастырудағы рөлінің маңыздылығын және жастардың осындай танымдық алаңдарда белсенді болуы керектігін айтты.

Турнирдің географиялық ауқымы өте кең. Еліміздің 9 ірі өңірінен – Астана, Алматы қалаларынан және Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарынан 120-дан астам команда қатысуда. Бұл жас таланттар пікірсайыс алаңында өзара білімдері мен шешендік шеберліктерін сарапқа салып, өткір ойлар мен терең талдаулар арқылы жеңіске ұмтылуда.

Жарыстың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін төрелік ету жұмыстарына жоғары деңгейдегі мамандар тартылған. Шымкент қаласындағы үш жоғары оқу орнынан іріктелген тәжірибелі пікірсайысшылар және пікірсайыс қозғалысының аға буын өкілдері төрешілік етуде. Жалпы саны 70-ке жуық кәсіби төреші турнирдің әрбір кезеңінің әділ өтуін бақылауда.

Турнир барысында қаралатын қарарлар мен тақырыптар қоғамдағы ең өзекті және маңызды мәселелерді қамтиды. Пікірсайыс тақырыптарының ішінде технологияның қоғамға әсері, демократиялық қағидаттар, құқықтық мәдениеттің дамуы, білім беру жүйесін жетілдіру және жастар саясатына қатысты мәселелер бойынша түрлі көзқарастар талқылануда. Пікірсайысшылар әрбір тақырып бойынша терең зерттеулер мен логикалық дәлелдерге сүйеніп, өз ұстанымдарын қорғауда.

Екі күнге жоспарланған республикалық пікірсайыс турнирі ертең, яғни 19 қарашада қорытындыланып, үздік командалар мен жеке ойыншылар анықталып, марапатталатын болады. Бұл іс-шара Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамытудағы маңызды қадам болып табылады.