Ұзатудағы КҮЙЕУДІҢ СӘЛЕМІ көпшіліктің КӨҢІЛІНЕН ШЫҒУДА

0
181

Бұл дәстүр бұрыннан бар ма, қазіргілер ойлап тапқан тренд пе?


Ұзатудағы КҮЙЕУДІҢ СӘЛЕМІ көпшіліктің КӨҢІЛІНЕН ШЫҒУДА

Сурет: ЖИ

Соңғы кездердегі қыз ұзату тойының ең қызық тұсы, көпшілікті елең еткізер ерекше сәті – күйеудің тәжім етуі болып жүргендей. Бұрын ұзатудың сәні мен мәні басқа дәстүрлерден көрінсе, қазір күйеу жігіттің иіліп сәлем беруі жұрттың ерекше назарын аударатын рәсімге айналды. Осы сәт жақындағанда, көпшілік ұялы телефондарын қолына алып, қызық көріністі видеоға түсіруге дайын тұрады. Бұған әлеуметтік желілерге көптеп салынатын сансыз жазбалар дәлел.

Бір кездері ұмыт болып, соңғы уақытта қайта жаңғырған бұл дәстүр көпшілікке майдай жағуда. Тіпті кей жағдайда жаңа күйеубала ұмытып кетіп, оның орнына сәлемді дос-жолдастары жолдаса, соның өзін қайынжұрт та, қалың жұрт та асқан жылы шыраймен қабылдап, алғысқа бөлейді.

Бір қарағанда, бұл – көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын шағын ғана эпизод. Алайда желідегі күйеудің тәжім етуі көрсетілген әрбір видеоның астындағы пікірлерге көз жүгіртсеңіз, бұл әрекеттің мәні, тәрбиелік сипаты мен дәстүрге қаншалықты сай келетіні туралы түрлі пікір бар екенін байқауға болады. Бірі мұны жаңадан ойлап табылған қазақы салттың заманауи үлгісі десе, енді бірі тойдың көңіл көтеру үшін жасалған көрінісіне балайды. Ендеше, күйеудің тәжім етуі қайдан шықты, оның астарында қандай мән жатыр және бұл дәстүр қазақы ортада қалай қабылданады?

Бір кездері ұмыт болған дейтін себебіміз, мұндай дәстүрдің қазақта бұрыннан болғанын меңзегеніміз. Күйеудің тәжім етуі – кеше-бүгін пайда болған тренд емес. Қызық үшін ойлап табылған қарекет те емес. Бағзыдан бар рәсім. Бұған Ыбырай Алтынсариннің 1868 жылы жазған «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» атты еңбегінде айқын дәлел бар. Онда күйеу баланың қайын жұртына қандай жағдайда сәлем салатыны жазылған.

«Қалыңдығын алғаш рет көруге келген күйеу, шаруашылық жағынан қаншама есебіне жетік болса да, қайын атасының қатаң талаптарына, көбіне, еріксіз көнеді. Ақырында аларын алып, көңілі тынған қайын атасы, күйеудің ауылға келіп түсуіне рұқсат етеді. Ауылдан екі шақырымдай жерге шатыр тігіледі. Оған күйеуді қарсы алуға шақырылған әйелдер жиналады. Шатырға қарай келе жатқан күйеу мен оның жолдастары, әйелдер шатырдан шыққан кезде тегіс аттарынан түседі. Әйелдер жақындап келген кезде, күйеу бас иіп, тәжім етеді» делінген очеркте.

Очеркте көрсетілгендей, күйеу бала күйеуге арналған шатырға кіріп, қыздың жақын туыстарына да сәлем салуға тиіс.

«Әйелдерге тәжім еткен соң қалыңдықтың жақын туысқандары оны қолтықтап, жолдас-жораларымен бірге, күйеуге арнап тігілген, кілем төселіп, жақсы төсек салынған шатырға әкеліп кіргізеді. Күйеу бала қыздың жақындарын иіліп тәжім еткен соң ғана жайғаса алады. Одан кейін қыз-келіншектер күйеуден сәлем салуын талап етуі мүмкін. Күйеу бала тәжім етуден бас тартса, шапалақпен ұрып, нұқып жібереді. Егер бұл көмектеспесе жұрт тарқап, қайын атасы күйеуді қуып шығады» деп жазған Ыбырай Алтынсарин ХІХ ғасырдың өзінде бұл салттың жоғалып бара жатқанын айтады.


Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында да Абайдың Ділдә ауылына келген сәтін «күйеулер бұл кезде төмен иіліп, тәжім қып тұр екен» деп жазылған.


Қазақ халқында күйеу бала қайын жұртына барғанда үлкендерге құрмет ретінде иіліп, тәжім еткенін этнограф Бұлбұл Кәпқызы да мақұлдайды.

«Қазір күйеуге сәлем салғызу салты азайып кетті. Келін түскенде сәлем салады. Ал күйеу өзінен үлкендерге, яғни жұбайының ата-анасына сәлем салады. Сәлем салып, үлкендерді сыйлап, қайын жұртына қызмет жасау күйеудің міндеті. Сәлем салғаннан оғаштық жоқ. Әдептен озбай, күйеу бала орнын білуі керек» деп пікір білдірген.


Алматы қаласының мемлекеттік архивінде күйеу жігіттің киіз үйдің кіреберісінде қыздың туыстарына иіліп, сәлем беріп тұрған фотосы сақталып тұр.

Сурет: www.bing.com

Фотосуреттің авторы — этнограф, фотограф Александр Людвигович Кун. Этнограф Досымбек Қатыран бұл суретте құда түсу немесе күйеу жігітті сынау сәті бейнеленген деп түсіндірген. Ол «Түркістан альбомы» топтамасындағы бұл сурет «Қырғыздардың (яғни, қазақтардың) үйлену салты» немесе «Күйеу жігітті сынау» деп аталатынын айтты. Этнографты айтуынша, жас жігіт қайын жұртына келгенде иіліп сәлем береді және ошаққа май құяды. Бұдан бөлек «шаш сипатар» және «қол ұстатар» деген жоралғыларды жасайды.

Бір ескеру керек нәрсе: келін күйеуінің ағайын-туыстарына сәлемді өле-өлгенше салса, ер жігіттің қайынжұртқа сәлем беру жорасы алғаш барғанда ғана орындалады, кейінгі бару сапарларында қайталанбайды.

Күйеудің сәлемін дүйім жұрт түгелдей жақсы қабылдауда десек, біржақсты пікір айтқанымыз. Ел арасында мұны қате және қажетсіз деп санайтындар да баршылық. Мұны жарияланымдардың астына жазылған кей пікірлерден байқаймыз. Сондай-ақ, этнограф Болат Бопайұлының бұл тақырыпқа қатысты қалдырған пікірі де осыған саяды. Ол күйеу бала үлкендерге құрмет көрсетіп, басын иіп амандасқанымен, келін секілді арнайы сәлем салу рәсімі болмаған, демек, қазіргі әлеуметтік желілерде кең таралған көріністегідей салт болмаған деп тұжырымдайды.

Жаңғыру мен жаңашылдыққа ұмтылысымыз жақсы. Алайда бұл қазақтың мәдениетін, соның ішінде той-томалақтың жөн-жоралғыларын айтарлықтай өзгерістерге ұшыратып жатқаны да жасырын емес. Күйеудің тәжім етуі де, бәлкім, соның бірі шығар. Десе де, маңдайы жерге тигенше еңкеймесе де, кеудесіне қолын қойып, басын ию арқылы қайынжұртына алғысы мен аманаттың салмағын қаншалықты сезінетінін білдірсе, несі айып?

Төре Сейітхан,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«СҮНДЕТ КӨРПЕ» мен «СҮНДЕТ ЖЕЙДЕ» жайлы білесіз бе?