Жарапазан айту табыс көзіне айналды

0
6 151

«Сен қанша таптың, а?», «Қызыл қақпасы бар үйдегі ағай мәрт екен, қалтасынан 500 теңгені бір-ақ шығарды», «Еее, сендер анау көк крышаға барсаңдар, қалталарыңды томпайтып қайтасыңдар», «Енді екіге бөлініп, бармаған үйімізді аралайық», «30 минуттан соң осында жолығамыз»


Жарапазан айту табыс көзіне айналды

Фото kopilkaurokov.ru

«Сен қанша таптың, а?», «Қызыл қақпасы бар үйдегі ағай мәрт екен, қалтасынан 500 теңгені бір-ақ шығарды», «Еее, сендер анау көк крышаға барсаңдар, қалталарыңды томпайтып қайтасыңдар», «Енді екіге бөлініп, бармаған үйімізді аралайық», «30 минуттан соң осында жолығамыз» деген жас балалардың жарыса айтқан сөздері жағамды ұстатты. Аялдамадағы естіген әңгімемді санама сыйғыза алмай үйге келсем, жеңгем жүр бұлқан-талқаны шығып.

«Осылардың ата-аналары қайда қарап отыр екен?! Балаларына «жарапазан айтып, ақша тап» деп әдейі жібереді-ау шамасы. Әйтпесе әркімнің есігіне телміртпей, қазықтай етіп қағып қоюшы еді ғой. Шаршатты осы жарапазаншылар», деп ашуланған жеңгемнің сөздерін төрде отырған әкем жақтырмады.

Бұл кезде ауыз ашатын уақыт таяп қалған-тын. Жеңгем пісірген тәттілерін дастарқанға әкеліп, ауызашарға дастарқан дайындап жүр. Әкем аузын ашты да, намаз оқуға тұрып кетті. Құлшылығын жасап болған соң дастарқан басына жайғасқан әкем бір жөткірініп алып, әңгімесін бастады.

— Шырақтарым, сендер тоқшылық заманда өмір сүріп отырсыңдар. Алла қарындарыңды тоқ етіп отырған соң, сендер пейілдеріңді кеңейтіңдер. Келінжан, сіздің әлгі әңгімеңіз маған ауыр батты. Жас кезімде мен де жарапазан айтқам. Сонда ана үй құрт береді, мына үй нан береді. Тапқанымызға қарнымызды тойдыратын едік. Сол кездің адамдары ішерге ас таппай отырса да, жарапазан айтып келгендерді құр қайтармаушы еді. Алақандарына мына тәттілеріңнен салып берсеңдер, жақсы сөздерін айтып, батасын беріп кетер ме еді. Олар әлі періште ғой, тілеуін беруші Алла. Олар Алланы мадақтап, пайғамбарға салауат айтып, иман мен Рамазанның не екенін өлеңдетіп айтып тұр. Менің қарнымды тойдырып, бір сауап алсаңыз, әлгі балақайлардың көңілін тауып мың сауапқа ие болар едіңіз ғой, - деді әкем келініне қарап.

Ал жеңгем ұялды ма білмеймін, қысылды ма, әйтеуір жасына тұншығып қалды. Оған болыспақ болып «әкетай, олар жарапазанның байыбына барып жатқан жоқ. Бастысы тиын алса болды. Дүкенге қарап тұра жүгіреді ғой. Жаңа ғана осындай жайдың куәсі болдым.

Сіз «ұлтымыздың көне дәстүрін жаңғыртып жүрген балақайлардың айыбы жоқ» дейсіз. Бірақ оларды осы жолға салған ата-анасында бар айып. Жарапазан айтудың жөнін білмеген соң жарамазанды қысқа қайырып, тек теңге алатын тұсын ғана жаттап алған. Мұнысына ата-аналары да риза. Екеу-екеуден жұптасып алып, әр есікті қаққан кімге болса да ұнамайды. Бір-екі рет бетін қайтарса, қайта мазамызды алмайтын болады. Сіздер қанағат еткен құрт-нан бұларға керек емес. Уыс-уыс кәмпитіңізді көшеге шашып, бекерге обалға қаласыз. Олардың қалағаны теңге", - дедім мен де шыдамай.

Бүгінде үй-үйді аралауды қойып, көлік жүретін көшеге шығып, көпшілік жиналатын кафелерге кіріп жарапазан айтуды әдетке айналдырды. Тіпті, автобуста да жарапазан айтатындарды кездестіруге болады. Арзымайтын тиын үшін жанын құрбандыққа шалудың қажеті қанша? Мұны қадағалап жатқандар бар ма өзі?! Шектен шыққан балалардың ата-аналарына құзырлы орындар тарапынан ескерту берілу керек сияқты, дей бергенім сол еді әкем тағы да оларды жақтап қоя берді.

- Негізінде жарапазан айту қазақта баяғыдан бар салт. Бұл Рамазан айында орындалады. Біздің жас кезімізде әкелеріміз ауыл-ауылды аралап, сәресі уақытында жарапазан айтатын. Ол кезде қазіргідей оятқыш қайда. Ауыз бекіткен адамды сәресіге ояту үшін жасалатын амал еді. Ал бүгінде кешке ауыз ашып болғаннан кейін үлкенді-кішілі адамдар топтасып алып, жарапазан айтады. Таланты болса, домбыраға қосады. Оны естіген, көрген балақайлар іліп алады да, өз беттерінше қызық көріп, олар да үй-үйді аралайды. Мұның ешқандай сөкеттігі де, айыбы да жоқ шырақтарым», - деді.

Әкем ислам дінін насихаттайтын, жастарды тура жолға шақыратын, елді бірлікке баулитын, адамдардың қарым-қатынасын нығайтатын жарапазан туралы мұнан да көп әңгімелер, мысалдар келтірді.

Әкемнің айтуына қарағанда, көрші ауылда көп балалы әйел тұрған екен. Күйеуі ауыр науқастан көз жұмған соң, күндіз-түні балаларының қамы үшін жұмыс істеген. Сол әйелдің балалары Рамазан айы келгенде ерекше қуанады екен. Аналары әдемілеп жарапазан жаттатқызып, үй-үйді аралататын көрінеді. Кейде өзі де балаларына ере шығады екен. Балалары есейе келе түрлі аспаптарды меңгеріпті. Сөйтіп жарапазанды сол аспаптармен орындап, елдің ықыласына бөленген екен. Міне, жарапазанды домбырамен айту солардан қалған, деді.

- Дінімізді дәріптеп, иманға үйіретін мұндай тәрбиелік мәні бар істерге немқұрайлы қарамаңдар. Мүмкіндік болып жатса, немерелерім де жарапазан жаттап, ағайын-туғанның үйіне айтсын. Жарапазан өзгені де, өзін де тәрбиелейтін керемет дүние, - деді әкем ағам мен жеңгеме қарап.

Шынында да балаңыздың жарамазан айтатын ықыласы болса, онда ерінбей жарамазан сөздерін жаттатқызыңыз.

Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ.