​ЖЕЛді күні ЖЕТІ ҚҰРТ тарату керек пе?

0
2 923

Желді күн жұрттың пиғылынан ба, пейілінен бе?


​ЖЕЛді күні ЖЕТІ ҚҰРТ тарату керек пе?

фото: nerulife.ru

Қазақта «пейіл» деген бір сөз бар. Қарап отырсақ, бұл сөз тек жақсы мағынада, бата-тілекте ғана қолданылады екен. Қазақтың қай батасын алсақ та «Пейілің кең болсын» деген жолдар кездеседі. Ал «пейіл» дегеніміз не өзі?

Бұрынғы ата-бабаларымыз мынау желдің қатты тұрып, қоймай қоюын адамдардың пейілдерінен деп білген екен. Соған орай «Пейілімізді ағартайық, ағайынмен тату болып, балаларды қуантайық» деген мақсатта «Желді күні жеті құрт, жер түбіне желді құрт» деп құрт істейтін әйелдер жеті құртын көшедегі балаларға таратып берген екен. Осылай ауыл-ауыл, көше-көше таратқан күні жел сап тыйылған екен.

Пиғыл демекші, халқымызда «Пиғылы жаманды құдай табады, тоны жаманды ит қабады», «пиғылынан тапты», «Құдай пиғылына қарай берді» деген сөздер бар. Адамның пейілі оң болса, ісі оңға басады, мәртебесі де артады. Ал пиғылы теріс болса, ісі кері кетіп, ел алдындағы абыройы­нан айырылады, соған қарай жазасын да алады. Сондықтан халқымыз «жақсы пиғыл жақсы сөзден басталады», «жақсы сөз - жарым ырыс» деп, оң пиғылға қолдау көрсетсе, теріс, жат, арам пиғылға «өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер», «пиғылы терiс хан төрелік етсе, ол жиған малыңды тәрiк етер» деп теріс баға берген. Пейіл мен пиғылдың айырмасы осы. Пейілің тура болса жүзің жарқын, ісің берекелі болмақ. Шариғатта да «Бергенге береке бар, пейілі түзу адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады» дейді. Сондықтан пейішке апарар пейіл екенін есте сақтап, жақсылық жасауға асығайық.

фото: ВКонтакте

Қазіргі күнде тек құрт тарату керек деген түсінік жоқ, жеті шелпек таратып, табиғаттың тосын құбылысынан сақтау үшін құдайы беруге де болады.

Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз осындай табиғаттың тосын құбылыстарына арнап ас беріп, Алладан дұға етіп, тілек тілеген. Жаңбыр жаумай, қуаңшылық болған кезде «тасаттық» ырымын жасаған. Мал сойып, Құдай жолына деп Құран оқытып, пенденің Аллаға жақындап, сыйынуынан біршама істер оңынан шешімін тапқан.

Табиғаттың тосын мінезінен Аллаға сыйынып, қатты дауыл тұрса да, жаңбыр нөсерлеп тоқтамай қойса да, адам ренішін айтпай, «Алла бізге қайырлы ет!» деп дұға етуі Алланың ісіне қарсы тұрмау, қайырын сұрау керек. Сонымен қатар, пайғамбарымыздан жеткен хадисінде келтірген жел тұрғанда оқылатын дұғаларды да жаттап жүрсеңіз нұр үстіне нұр болады.

«Аллаһуммә, инни әс-әлукә хайраһә, уә хайра мә фиһә уә хайра мә урсиләт биһи, уә әғузу бикә мин шәрриһә, уә шәрри мә фиһә уә шәрри мә урсиләт биһ!»

Иә, Аллаһ, расында мен Сенен оның берекетін, оның ішіндегі нәрселердің жақсылығын және онымен жіберілген игілікті сұраймын және оның кесірінен, оның ішіндегі нәрселердің зиянкестігінен және онымен жіберілген жаманшылықтардан Саған сиынамын!
Бірнеше күннен бері қатты желден қиындық көрген жандар ата-бабамыздың осы бір ырымын жасап, тәубамызға келетін сәт келген сияқты.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Шашты ОТқа тастау ДҰРЫС ЕМЕС


«Отқа шақыру» келінді СЫНАЙТЫН ДӘСТҮР ме?