Қаназдық бей-жай қарайтын ауру емес. Қанның аздығы темiрдiң жетiспеушiлiгiнен орын алады.
Қаназдық бей-жай қарайтын ауру емес. Қанның аздығы темiрдiң жетiспеушiлiгiнен орын алады. Егер ағзаңыз темiртапшылығына тап болса, онда түрлi дерттiң басталуы ықтимал. Қаназдарға қанды көбейтетiн тағам тұтынып қана қоймай, тұрақты ем қабылдау керек.
Диетологтар темiртапшылығына шалдыққандарға мiндеттелген диетаны ұсынады. Мамандардың айтуына қарағанда қаназдыққа тап болғандар күнiне 130 гр. ақуыз, 90 гр. май, 350 гр. көмiрсу, 40 мг темiр, 5 мг мыс, 7 мг марганец, 15 мг мырыш, 15 мкг кобальт, 2 гр. метионин, 4 гр. холин элементтерi мен С және В тобындағы дәрумендердi қабылдауы тиiс.
Күнделiктi тамақтану мәзiрiңiзде сиыр тiлi, қоян, күркетауық, тауық және сиыр етi, ақ саңырауқұлақ, қарақұмық пен сұлы жармасы, бұршақты өнiмдер, какао, шоколад, жұмыртқа, көктер, щабдалы, өрiк, мейiз, қараөрiк, алма, жемiс шырындары, бал мен гематоген секiлдi тағамдар мiндеттi түрде табылуы тиiс. Күнiне кем дегенде 1 дана алма жеудi әдетке айналдырыңыз. Сонымен қатар құрамында аскорбин қышқылы бар шырындарды да көбiрек iшiңiз.
Темiрдiң ағзаға сiңуiне кобальт, мырыш, мыс секiлдi элементтердiң рөлi зор. Сондықтан да құрамында осы элементтер табылатын тағамдарды да жиi жеп тұрыңыз. Мәселен:
- кобальт элементiн бауырдан, бүйректен, сүттен, бұршақ пен дақылдардан, қарлығаннан, қарақарақаттан, таңқурайдан, өрiктен, шиеден, алмұрттан, қызылшадан табасыз;
- мысты түрлi жармадан, бұршақтан, саңырауқұлақтан, бүлдiргеннен, қара қарақаттан, қарбыздан, ақжелкектен, бауыр мен сиыр етiнен табасыз;
- ал мырыш ашытқыда, бауырда, бүйректе, өкпеден, сиыр етiнде, iрiмшiкте, бұршақты өнiмдерде, саңырауқұлақ пен жұмыртқада көптеп кездеседi;
- жармалар, бұршақты өнiмдер, ақжелкен, аскөк, саумалдық, қымыздық, қызылша, асқабақ, таңқурай мен қара қарақат марганец элементiне бай.
Қаназдыққа тап болғандарға ем ретiнде шөп тұнбасын iшуге болады
1-шi ем
Темiрге бай итмұрын, аюбадам, қара қарақат жемiстерiнен дайындалған шырынды араластырып, күнiне 3 рет 1 стақаннан iшiңiз. Бұл тұнба аскорбин қышқылына өте бай. Аз күнде-ақ сiздi ауруыңыздан айықтырады.
2-шi ем
Қара қарақат, бүлдiрген, итошаған, қалақай жапырақтарын жақсылап ұнтақтаңыз. Араластырылған шөптiң 1 ас қасығын 1 стақан қайнатылған суға араластырып, 2 сағаттай жылы жерге қоясыз. Белгiленген уақыттан соң дайын болған тұнбаның 1/3 стақаннан күнiне 3 рет iшесiз. Емдi 6 апта үзбей жүргiзiңiз.
Шектеу қойылған тағамдар
Құрамында фитат, танат, фосфат, пектин, лектин, глицин-конглицин, оксалат заттектерi бар шай, жұмыртқаның сарыуызы, кофе, күрiш, нан тағамдарын аздап жеңiз.
Қаназдыққа арналған апталық мәзiр
Таңғы ас: 100 гр. тауық бауыры, 300 гр. қызанақ пен көктер қосылған салат немесе 200 гр. қарақұмық ботқасы, 200 мл шөп шай.
Екiншi таңғы асқа: 1 дана жұмыртқа пен 1 дана алма.
Түскi ас: 400 гр. көкөнiс сорпасы, 150 гр. тауықтың төс етi, 150 гр. қырыққабаттан жасалған салат және 1 дана апельсин.
Бесiндiк асқа: 100 гр. бисквиттен жасалған гематоген мен 200 мл итмұрын қайнатпасы.
Кешкi асқа: 100 гр. бал қосылған творог, 250 гр. сүтке пiсiрiлген сұлы ботқасы.
Жатар алдында: 200 гр. кефир iшiңiз.