Массаж роллері – ағзаны қалпына келтіретін фитнес-құрылғы

0
193


Массаж роллері – ағзаны қалпына келтіретін фитнес-құрылғы

Сурет: sun9-59.userapi.com

Массаж роллері – соңғы жылдары танылған, жиі қолданысқа енген құралдардың бірі. Бір қарағанда жай ғана спорттық сән секілді көрінуі мүмкін. Бірақ оның денеге нақты пайдалы әсерлері де бар. Әрине, бұл әсер құралды дұрыс және жүйелі пайдаланғанда ғана байқалады.

Массаж роллері – өз салмағыңмен жаттығу жасай отырып, фасция мен бұлшықетке қысым түсіретін құрал. Бұл әдіс бұлшықет пен тері астындағы дәнекер тіннің (фасцияның) қысылып қалған жерлерін босатып, қан айналымын жақсартады.


Қалай қолданылады?

  • Жаттығуға дейін: денені дайындау үшін бұлшықетті қыздыру үшін.
  • Жаттығудан кейін: денені босаңсыту және қалпына келу үшін.
  • Күннің кез келген уақытында: қатайып тұрған бұлшықеттерді босату үшін (мысалы, арқа, балтыр, сан).
  • Әдетте 1 бұлшықет тобына 30 секундтан 2 минутқа дейін уақыт бөледі. Қатты ауырсыну болса, тоқтату керек. Күнделікті жаттығудың жалпы уақыты – 5-10 минут.
  • Жаңадан бастау кезінде қысым деңгейі төмен, жұмсақ роллер қолданған абзал.
  • Роллерді баяу айналдырыңыз. Бір секундта 1-2 см ғана. Бұл триггерлі нүктелерді табуға көмектеседі.
  • Роллермен массаж жасау кезінде терең тыныс алуды ұмытпаңыз. Оның көмегімен парасимпатикалық жүйе белсендіріледі, тіндер жақсы босаңсиды.
  • Роллерді омыртқа бойымен, буын тұсында, тізе мен жамбас сүйектері тұсында айналдыруға болмайды.


Әсері қанша уақытта байқалады?

Икемділіктің артуы мен бұлшықет ауырсынуының азаюы роллерді тұрақты қолданудың алғашқы 1–2 аптасында-ақ байқалуы мүмкін. Ал фасциядағы құрылымдық өзгерістерді (мысалы, созылмалы кернеу кезінде) қалпына келтіру көбірек уақытты талап етеді. Жүйелі түрде жасағанда, оң әсер 4-тен 6 аптаға дейінгі аралықта байқалады.


Қандай пайдасы бар?

1. Жаттығудан кейін бұлшықеттерде жиырылу, түйілу байқалады. Роллер бұлшықетті «иіріп», оны тынықтырып, қалпына келуін тездетеді.

2. Қан айналымын жақсартады. Қысым арқылы қан айналымы артып, бұлшықетке оттегі мен қоректік заттар көбірек жетеді. Бұл қалпына келудің басты факторларының бірі.

3. Ісінуді азайтады. Жаттығудан кейін болатын микрожарақаттар мен қабынуды жеңілдетеді. Кейбір адамдарда бұл бұлшықет ауырсынуын азайтады.

4. Кинестетикалық сезім мен байланыс артады. Өз денеңді жақсырақ сезінуге көмектеседі. Әсіресе дене бөліктеріндегі кернеуді немесе асимметрияны анықтауға болады.

5. Кинематиканы жақсартады. Буын қозғалғыштығы (мобильділік) мен икемділік артады. Бұл қозғалыстың сапасына оң әсер етеді, жарақаттың алдын алады.

6. Мазасыздықты азайтады және босаңсытады. Роллермен массаж кезінде терең және баяу тыныс алу арқылы парасимпатикалық жүйке жүйесіне әсер ету стресс деңгейін төмендетіп, жалпы әл-ауқатты жақсартады.

7. Жарақаттың алдын алу ықтималдығы артады. Роллермен тұрақты түрде массаж жасау бұлшықет тіндерінің серпімділігін және қызметін сақтап тұруға көмектеседі. Бұл артық жүктеме мен жарақат алу қаупін азайтады.


Кемшіліктер мен шектеулер

Массаж роллері пайдалы құрал болғанымен, оның да кемшін тұстары мен шектеулері бар.

1. Бастапқыда ауырсыну тудыруы мүмкін. Алғашқы қолданғанда кей аймақтарда (әсіресе балтыр, жамбас, сан) қатты ауырсыну болуы мүмкін. Бұлшықет қатты түйілген болса, уқалау жағымсыз әсер етеді.

2. Жарақат немесе қабыну кезінде зиян келтіруі мүмкін. Егер бұлшықет жыртылған, сіңірге немесе буынға зақым келген, қабыну процесі (мысалы, бурсит, тендинит) бар болса, онда роллермен қысым түсіру жағдайды ушықтыруы мүмкін.

3. Дұрыс қолданбаса, пайдасынан зияны көп. Роллерді дененің барлық бөлігіне бірдей қолдануға болмайды (мысалы, төменгі арқа, мойын). Техника дұрыс жасалмаса, бұлшықетке, жүйке талшықтарына немесе сүйекке қысым түсіп, жарақат әкелуі мүмкін.

4. Тек симптомды азайтады, дерттің түп себебін емдемейді. Бұлшықетті босаңсытады, ауырсынуды азайтады, бірақ мәселенің түпкі себебі (мысалы, нашар қалып, теңсіз жүктеме, бұлшықет әлсіздігі) шешілмесе, ауырсыну қайталанады.

5. Кей адамдарға жарамайды. Жүктілік кезіндегі әйелдер (құрсақ маңында қолдануға болмайды). Варикоз, остеопороз, қанайналым жүйесінің аурулары барлар, қатерлі ісік диагнозы бар адамдар қолданар алдында міндетті түрде дәрігермн кеңесуі қажет.

6. Артық қолдану терінің көгеруіне және тітіркенуге әкелуі мүмкін. Тым жиі, тым қатты уқалау — тері астында қан құйылуына, көгеруге, сіңірдің тітіркенуіне себеп болады.

7. Жүйке жүйесі және қантамырлар ауруларын асқындырып жіберуі мүмкін. Әсіресе остеохондроз, омыртқааралық жарық, артериялық қан қысымы, тромбоз, перифериялық тамырлар аурулары кезінде массаж роллерін тек дәрігер рұқсатымен қолдану керек.


Қолдануға болмайтын жағдайлар

Массаж роллерін қолданудың өз пайдасы көп болғанымен, оны барлық адамға бірдей қолдануға болмайды. Кей жағдайларда роллермен уқалау денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан, қарсы көрсетілімдермен танысып алған жөн.

  • Жарақаттар мен қабынулар
  • Бұлшықет жыртылуы
  • Созылған немесе жыртылған сіңір
  • Буынның шығуы
  • Тері астындағы қан құйылу (гематома)
  • Қабыну процесі (мысалы: тендинит, бурсит, артрит)
  • Жұқпалы және қызу көтерілген аурулар
  • Жедел вирустық инфекциялар (тұмау, ЖРВИ)
  • Жоғары дәрежелі гипертония
  • Варикозды кеңейген тамырлар (әсіресе аяқта)
  • Тромбоз, тромбофлебит
  • Қатерлі ісіктер, тіпті ремиссия кезінде де
  • Остеопороз (сүйек сынғыштығы)
  • Жүктілік
  • Тері бөртпесі, экзема, псориаз
  • Жаралар, көгерген жерлер

Шартты түрде рұқсат етілетін жағдайлар (дәрігер кеңесімен)

  • Қант диабеті
  • Омыртқа жарығы (грыжа)
  • Нерв қысылып қалған жағдайлар
  • Бала жасындағы қолдану (балаларға арнайы жұмсақ роллер ғана, маман бақылауымен)

Массаж роллерлері – жай ғана фитнес құрылғысы емес, қалпына келтірудің ғылыми негізделген әдісі. Олар бұлшықет ауырсынуын азайтуға, қозғалыс икемділігін жақсартуға және жарақат алу қаупін төмендетуге нақты көмектеседі. Алайда оларды әмбебап құрал ретінде қарастыруға болмайды. Оны тек қосымша әдіс ретінде қарастыру керек. Жақсы нәтиже беруі үшін дұрыс қолдану, тұрақтылық және басқа сауықтыру тәсілдерімен үйлестіру маңызды.

Роллерді қолданбас бұрын дәрігермен немесе реабилитологпен кеңескен жөн. Әсіресе егер сізде созылмалы аурулар немесе жарақаттар болса. Ағзаның жеке ерекшеліктерін ескеру және қауіпсіздік техникасын сақтау маңызды.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Қисық аяқты түзетуге болады