Ораза кезінде әдеттегіден аз калория тұтыну спортпен айналысуды біраз қиындатуы мүмкін.
Сурет: media.iscanews.ir
Жылына бір келетін Рамазан айында мұсылман адамдар көптеген нәрселерден тыйылып жатады. Мезгілсіз тамақтанудан, ғайбат сөйлеуден, басқа да тыйым салынған біршама істерден. Олардың қатарына спортты, күнделікті жаттығуларды да жатқызу қажет пе?
Асылында, ауыз бекіткен уақыттарда спортпен айналысуға болмайды деген шарт мүлде жоқ. Саулық пен тәртіп үшін жаттығуларды жалғастыруға әбден болады. Ораза кезінде әдеттегіден аз калория тұтынатынымыз белгілі. Бұл спортпен айналысуды біраз қиындатуы мүмкін. Сондықтан аздаған өзгерістер енгізіп және сақтықпен жасау жеткілікті.
Диетологтар емдәм немесе ораза ұстану кезінде физикалық жаттығуларды да қатар алып жүретін болсаңыз, күніне тұтынатын калория 1200-ден кем болмауы керегін ескертеді.
Дәрігерден кеңес алыңыз
Ораза алдында бірінші кезекте емдеуші дәрігеріңізге қаралыңыз. Дәрігер жалпы ағзаңыздың жағдайымен, медициналық картаңызбен танысып, спортпен айналысуға қатысты тиісті кеңестері мен шектеулерді айтады. Өзіңіздің нақты қандай жаттығулар жасағыңыз келетінін, қандай нәтиже қалайтыныңызды міндетті түрде бөлісіңіз. Маман бұл жаттығулардың сізге зияны болатынын немесе қарсылығы жоғын жеткізеді.
Ал ораза ұстау кезінде қандай да бір ауырсынулар сезінсеңіз немесе қайсыбір тағамды жеу не одан шектелу зиянын тигізіп жатқанын байқасаңыз, жаттығуды да, ауыз бекітуді де дереу доғарыңыз. Уақыт оздырмай, дәрігерге тексеріліңіз.
Маман және өзіңіз анықтау керек басты нәрсе – жүрек-қантамыр жүйесінің саулығы жақсы ма? Ораза кезінде жаттығу жасауды көтере алатындай деңгейде ме? Осы сұрақтарға нақты «Иә» деген жауап алмайынша, екеуінен де уақытша үзіліс алған абзал.
Ақуыз қорын толықтырыңыз
Оразаға дайындық жасау кезінде ағзаңызды ақуыз қорымен толықтыруды ұмытпаңыз. Ауыз бекітпеген күндері ақуызды тағамдарды көбірек жеу қажет.
АҚШ Ұлттық медицина академиясының мәліметтері бойынша, ерлер мен әйелдер үшін ұсынылатын тәуліктік ақуыз мөлшері 46-56 грамм болуы керек. Шамамен 85-115 грамм майсыз ақуыз тұтыну арқылы сіз ағзаңызды 20-25 грамм ақуызбен қамтамасыз етесіз. Құрамы ақуызға бай азықтарды әр үш-төрт сағат сайын жеуге болады.
Жаттығу қарқынын бәсеңдетіңіз
Ораза ұстау кезінде физикалық жаттығулар жасауға болады. Тек олардың қарқыны баяу, энергияны азырақ жұмсайтындай болуы шарт. Әйтпесе ағзаңыз жетпей қалған қуаттың орнына ақуызды жанармай секілді жағып жібереді. Нәтижесінде ағзада ақуыз жетіспеушілігі орын алады.
Айталық, бұрын күнделікті жүгіретін болсаңыз, енді оның орнын жай ғана серуенмен, баяу жүрумен алмастырыңыз. Жеңіл йога жаттығулары немесе тай-чимен айналысыңыз. Үй шаруасын көбірек жасайтын болсаңыз, ондағы әрбір жүру, еңкею, заттар көтеру сынды әрекеттерді де жаттығу санатына жатқызуға болады.
Судың тәуліктік мөлшерін ішіңіз
Күндіз ауыз берік болғанымен, күн батқаннан қайта шыққанға дейінгі аралықта тамақтануға болады. Осы сағаттар ішінде тәуліктік су мөлшерін де ішу қажет. Бұл ағзаны сусызданудан сақтап, күндізгі уақытта шөл қысуын жеңілдетеді.
Су ішу мөлшерден кем болмау керек деп бірден литрлеп сіміріп салмаңыз. Ауыз ашқан кезде аз-аз жұтыммен екі стакан су ішіп, ас-ауқатқа сосын барып кезек беріңіз. Тамақтанғаннан кейін бірер сағаттан соң ұйықтағанға дейінгі аралықта ұрттап ішуді жалғастырыңыз. Ауыз бекітер астың да алдында және одан кейін суды ұмытпаңыз.
Жаттығуды жоспармен жасаңыз
Өз жағдайыңызды, дәрігер кеңестері мен шектеулерін ескере отырып, жаттығулар жоспарын алдын ала жасап қойыңыз. Жаттығу уақытын таңертең ерте немесе кешкі уақытқа, ауызашарға жақын белгілеген дұрыс. Жоспардан ауытқып, рұқсат етілмеген жаттығуды жасау немесе күндізгі уақытта орындау денсаулығыңызға соққы беруі әбден мүмкін.
Ескерту! Егер мынадай сезімдер орын алса, жаттығуды бірден тоқтатып, медициналық көмекке жүгініңіз:
- Қатты алқыну
- Бірден әлсіреу, бас айналуы
- Жиі көз қарауытуы
- Бірнеше секундқа болсын көру не есту қабілетін бірден жоғалту
- Бұлшықеттерді сезінбеу, оларды басқару қабілетінен айрылу
- Қатты шаршау
- Жүрек айнуы, құсу
- Шамадан тыс терлеу
Медициналық көмекке қол жеткізем дегенше бірер жұтым су ұрттаған артық болмайды. тек бірден көп мөлшерде сіміруден сақ болыңыз.
Аударған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
«Су перісі» – АРҚАҢЫЗДЫ аурудан ҚҰТҚАРАДЫ