Дененің өз-өзін қалпына келтіру қабілеті артады.
Тізерлеп жүру – бұл баяу, саналы қозғалыс пен тыныс үйлесіміне негізделген жаттығу. Ол адамды жермен «жұмсақ байланыстыру», денені төменгі орталық арқылы теңгеру және ішкі тыныштықты қалыптастыру мақсатында орындалады.
Жаттығу барысында тізе, жамбас және бел айналасында қан айналымы күшейеді. Дененің жылуы артып, энергияның төменгі бөлікте жиналуына көмектеседі. Тыныс реттеліп, ақыл-ой тынышталады. Дененің өз-өзін қалпына келтіру қабілеті артады.
Қытай медицинасы мойындаған
Тізерлеп жүру жаттығуы бауыр мен бүйрек қызметіне жағымды әсер етеді. Қытай медицинасына қарасты Даос ілімінде адамның тізе жастықшаларында «энергиялық нүктелер» орналасқан делінеді. Бұл нүктелер ішкі ағза мүшелерімен байланысқан. Сондықтан бұл нүктелерді жұмсақ түрде ынталандыру ішкі ағзалардың жұмысын реттеуге көмектеседі. Тізе қақпағы аймағында асқазанмен байланысатын нүкте де көп, оларға әсер ету арқылы асқорыту жұмысын да жандандыра аламыз.
Қытайдың дәстүрлі медицинасында тізе аймағындағы нүктелерді белсендіру – қан айналымын жақсарту, энергияның (ци) еркін өтуін қамтамасыз ету, дененің жалпы үйлесімін нығайту үшін қолданылатын әдістердің бірі. Сол себепті бұл жаттығу ағзадағы тепе-теңдікті сақтауға, шаршауды азайтуға және жалпы денсаулықты нығайтуға ықпал етеді деп саналады.
Қандай пайдасы бар?
Заманауи медицина тұрғысынан алғанда, тізерлеп жүру ауруларды тікелей емдейді деп нақты айтуға болмайды. Бірақ ол пайдасыз да емес екені анық. Мәселен:
- тізе буындарының қозғалысын жақсартады
- бұлшықеттерді күшейтеді
- қан айналымын белсендіреді
- жүйке жүйесін тыныштандырады
- бел мен жамбас аймағындағы кернеуді азайтады.
Осының бәрі жанама түрде ағзаның жалпы жағдайына жақсы әсер беруі мүмкін.
Артық салмақтан арылтады
Бұл артық салмақтан арылғысы келетін, әсіресе май жамбас аймағында көбірек жиналған
әйелдер үшін өте актуалды. Тізерлеп жүруді күніне шамамен 20 минут, тер шыққанша орындау қажет. Өзіңізді ынталандыру үшін жаттығуды бастамас бұрын жамбасыңыздың көлемін өлшеп алыңыз. Содан кейін әр апта сайын өлшем жасап, өзгерістерді салыстырып отырыңыз.
Көру қабілетін жақсартуға көмектеседі
«Көз қайда, тізе қайда? Бұлардың қандай байланысы бар?» деп ойлауыңыз мүмкін. Жоғарыда айтқанымдай, тізеде түрлі ағза мүшелерімен байланысатын нүктелер орналасқан. Сол себептен оны «сіңірлер сарайы» деп атайды. Сіңірлер бауыр меридианымен байланысты, ал бауыр көру қабілетіне жауап береді. Демек, тізерлеп жүру арқылы бауырдың жағдайын жақсарта отырып, көруді де жақсарта аламыз.
Тек бір кішкентай ерекшелігі бар. Көру қабілетіне оң әсері тиюі үшін тізерлеп жүру жаттығуын көзді жұмып орындау керек.
Сүйекті, шашты және тісті күшейтеді
Бұл жаттығуды орындағанда бел белсенді жұмыс істейді. Ал бел бүйрек арнасымен тікелей байланысты. Дәстүрлі қытай медицинасында бүйрек сүйектердің, шаштың және тістердің жағдайына жауап береді. Сондықтан бұл жаттығу остеопороздың алдын алуға, тістердің әлсіреуінен және шаштың түсуінен қорғайтын пайдалы амалдардың бірі болып саналады.
Бас пен аяқтың қанмен қамтамасыз етілуін жақсартады
Бұл жаттығу қанның үлкен шеңбердегі айналымын ынталандырады. Яғни қан бастың жоғарғы бөлігінен аяқтың ұшына дейін жақсырақ барады.
Кімдерге жасауға болмайды?
Тізерлеп жүру жаттығуын:
- тізесінде ауырсыну, қабыну немесе жарақаты бар адамдарға сақтықпен
- артрозы барларға дәрігер кеңесімен ғана жасау ұсынылады.
Жаттығу ешқашан өткір ауырсыну тудырмауы тиіс.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


