Дүниежүзілік Wi-Fi күні мен Халықаралық Caps Lock күні жайлы білесіз бе?
Фото: i.pinimg.com
Күнтізбеде адамзаттың өнертабыстарына арналған ресми даталардан бөлек, ерекше мерекелер де бар. Олардың арасында компьютер пернетақтасындағы бір батырманы, эмодзиді, Wi-Fi-ды, резервтік көшірмені құттықтайтын күндер кездеседі. Бір қарағанда күлкілі көрінгенімен, астарында мән жоқ деуге де келмейді.
Мысалы, 28 маусым – Халықаралық Caps Lock күні
«Caps Lock» батырмасы мәтіндегі әріптерді бас әріпке ауыстырады.
Бұл идея компьютер инженері Дерек Арнольдқа тиесілі. Ол бас әріппен жазылған шексіз хаттар мен хабарламалардан шаршап, мұны бір жолмен әзілге айналдыру керек деп шешкен. Алғашында ол 22 қазанды барлық адам тек бас әріппен жазатын күн ретінде таңдаған. Бұл әзілді әлемнің түкпір-түкпіріндегі компьютер әуесқойлары мен әзірлеушілер тез іліп әкетті. Осылайша қарапайым қалжың біртіндеп халықаралық мерекеге айналды.
Уақыт өте келе бұл дәстүр екіге бөлінді. 22 қазанға 28 маусым қосылды. Бұл күн атақты телемаркетолог Билли Мейздің қайтыс болған күніне байланысты таңдалған. Ол көрермендерді тауар сатып алуға ынталандыру үшін қарқынды, айқайға ұқсас сөйлеу мәнерін қолданған. Сөйтіп, қазір жылына екі күн бойы бәрі Caps Lock арқылы әдеттегіден «қатты сөйлейтін» болды.
Бұл батырманың тарихы компьютерлерден әлдеқайда бұрын басталған. 1878 жылы Remington 2 жазу машинкасында Shift Lock пернесі пайда болды. Ол Shift батырмасын үнемі басып тұрмай-ақ, бас әріптермен жазуға мүмкіндік берді. Бұл сол кезең үшін үлкен жаңалық еді. Мәтін терушілердің уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетті.
Компьютерлердің пайда болуымен бұл батырма біртіндеп Caps Lock функциясына айналды. Ол тек әріптерді бас әріпке ауыстырып, басқа символдар мен сандарға әсер етпейді. Бірақ негізгі қызметі сол күйінде қалды.
Неліктен бас әріппен жазуды «айқай» деп қабылдаймыз? Интернетте баяғыдан қалыптасқан бейресми ереже бар. Бас әріппен жазылған мәтін айқай сияқты қабылданады. Бүгінде, әсіресе жас буынның көзқарасы бойынша, мұндай жазу агрессивті, әдепсіз және кейде тіпті тітіркендіргіш болып көрінеді. Көптеген чат, форум, жұмыс топтары сияқты онлайн қауымдастықтарда Caps Lock қолдануға тыйым салатын немесе оны шектейтін бейресми ережелер де бар. Пайдаланушылардың пікірінше, мәтінді тұтастай бас әріппен жазу қарым-қатынастағы шиеленісті күшейтіп, жағымсыз атмосфера қалыптастырады.
Бір ғана батырма интернеттегі мәтіннің эмоциясын өзгертіп жібере алады:
- «сәлеметсіз бе» – сауатсыз
- «Сәлеметсіз бе» – қалыпты
- «СӘЛЕМЕТСІЗ БЕ!» – біреу ашулы сияқты.
Сондықтан Caps Lock жай ғана пернетақтадағы батырма емес, цифрлық этиканың да кішкентай бөлігі.
31 наурыз – Дүниежүзілік резервтік көшірме жасау күні
Телефондағы суреттер, компьютердегі құжаттар немесе жұмыс файлдары бір сәтте жоғалып кетсе, олардың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Дәл осы мәселені еске салу үшін жыл сайын 31 наурызда Дүниежүзілік резервтік көшірме жасау күні өткізіледі.
Бұл күннің тарихы 2011 жылы басталған. Оның негізгі идеясы қарапайым: маңызды файлдардың бір ғана жерде сақталуына сенбеу және деректердің резервтік көшірмесін жасау. Сондықтан 31 наурызды «телефонымдағы суреттерді бұлтқа сақтайтын күн» деп қабылдауға болады. Өйткені смартфон жоғалуы, бұзылуы немесе ұрлануы мүмкін, ал бұлттағы немесе басқа тасымалдағыштағы көшірме естеліктерді сақтап қалуы ықтимал.
17 мамыр – Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні
Бұл күн әзіл үшін ойлап табылған мереке емес. Оны Халықаралық электр байланысы одағы атап өтеді.
17 мамырдың тарихы 1865 жылы осы күні Халықаралық телеграф конвенциясына қол қойылып, Халықаралық электр байланысы одағының негізі қаланғанымен байланысты. Бүгінде бұл дата интернет, байланыс және ақпараттық технологиялардың қоғам өміріндегі рөлін түсіндіруге арналған. Яғни Wi-Fi, мобильді интернет, спутниктік байланыс, цифрлық қызметтер секілді күнделікті қолданып жүрген технологиялардың артында үлкен телекоммуникациялық инфрақұрылым бар екенін еске салатын күн.
20 маусым – Дүниежүзілік Wi-Fi күні
Бөгде жерге барғанда алғашқы қоятын сұрақтарымыздың бірі – «Wi-Fi-дың паролі қандай?». Ал 20 маусым осы сымсыз технологияға арналған. Дүниежүзілік Wi-Fi күнін атап өту бастамасын Wireless Broadband Alliance 2016 жылы ұсынған. Оның мақсаты Wi-Fi-дың адамдарды, қалалар мен қауымдастықтарды байланыстырудағы рөлін көрсету және интернетке қолжетімділігі жоқ адамдар арасындағы цифрлық алшақтықты азайтуға назар аудару.
17 шілде – Дүниежүзілік эмодзи күні
Телефон пернетақтасындағы кішкентай эмодзи белгілерінің де өз мерекесі бар. Дүниежүзілік эмодзи күні жыл сайын 17 шілдеде өтеді. Бұл датаны Emojipedia негізін қалаушы Джереми Бёрдж 2014 жылы ұсынған. 17 шілде кездейсоқ таңдалмаған, ол Apple компаниясының күнтізбе эмодзиінде көрсетілген датаға байланысты.
Қызығы, эмодзи бүгін жай ғана көңіл-күй білдіретін сурет емес. Ол кейде тұтас сөздің немесе сөйлемнің орнын басады.
25 қыркүйек – Дүниежүзілік ксерокөшірме күні
Технология тарихындағы ерекше даталардың бірі 25 қыркүйекке келетін Дүниежүзілік ксерокөшірме күні. Бұл күн құжаттарды бір батырмамен көбейту мүмкіндігін қалыпты нәрсеге айналдырған технологияның тарихын еске түсіреді.
Ксерокөшірме кеңселердің жұмысын түбегейлі өзгертті. Бұрын бір құжатты бірнеше адамға тарату үшін оны қайта теруге немесе арнайы баспаханалық әдістерді қолдануға тура келсе, ксерокс арқылы бірнеше минуттың ішінде ондаған дана жасауға болатын болды. Бүгінде қағаз құжаттың орнын электронды файлдар, сканерлер мен бұлтты сервистер біртіндеп басып келеді. Соған қарамастан ксерокөшірме аппараты мектептерде, университеттерде, кеңселерде, мемлекеттік мекемелерде және түрлі қызмет көрсету орындарында әлі де қолданылады.
Осы тұрғыдан алғанда, Дүниежүзілік ксерокөшірме күні «құжатты бір батырмамен көбейту» мүмкіндігінің артында бір кездері үлкен технологиялық жаңалық тұрғанын еске салатын ерекше дата.
14 қазан – электронды қалдықтар туралы ойланатын күн
14 қазанда Халықаралық электронды қалдықтар күні атап өтіледі. Бұл бастама ескі смартфондар, компьютерлер, теледидарлар, құлаққаптар және басқа да электронды құрылғыларды дұрыс жинау мен қайта өңдеудің маңызын түсіндіреді. Айтулы мереке алғашқы рет 2018 жылы ұйымдастырылған, кейін 14 қазанға ресми түрде бекітілді.
Бұл мереке технологияның екінші жағын көрсетеді: жаңа гаджет сатып алу оңай, бірақ ескісін қайда жіберу керек деген сұрақ әлдеқайда маңызды.
Біз технологияны күн сайын қолданғанымызбен, оған жеткілікті мән бермейміз. Wi-Fi жоғалса ғана оның қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Телефон сынып қалған жағдайда бұлттағы резервтік көшірменің қажеттігін сезінеміз. Ал пернетақтадағы Caps Lock байқамай қосылып кетсе, оның да «мінезі» бар екенін түсінеміз.
Сондықтан технологиялық мерекелер жай ғана көңіл көтеретін даталар емес. Олар күнделікті өмірімізге еніп кеткен гаджеттерге, цифрлық әдеттерге, интернетке, стандарттарға және осы жүйелердің артында еңбек ететін адамдарға бір сәт назар аударуға себеп.
Дайындаған: Бауыржан МЕЙІРХАНҰЛЫ,


