Сәуірдің соңына дейін жалғасатын Наурыз тойлары, Ғашықтар күні, тіпті Соңғы қоңырауда сыйлауға болады...
Сурет: Pinterest
Табиғат оянып, дүние жаңаратын кез – адамдарды да жаңа өмірге, өзгеше қалыпқа шабыттандырады. Мерекеге толы бұл мезгілде жүректер махаббатқа, көңілдер мейірімге толады.
Көктемде атаулы күн болсын, басқа қарапайым күн болсын бір-біріңізге сыйлық сыйлаңыздар. Бойға рух, санаға серпін сыйлап, адамдардың арасы бұрынғыдан да жақын әрі жылы бола түсері сөзсіз. Бірақ тартуыңыз талай жылдан беріліп келе жатқан таптаурын болмасыншы. Жаңаша идеяға толы заманауи гаджет болса, берер әсері де бірнеше есе артық болады, сеніңіз.
1. Түстер терапиясын жасайтын шам
Түрлі-түсті жарық шығару арқылы «түстер терапиясын» жасайтын «ақылды» шамдар ерекше жайлы және көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Көктемнің гүлденуін және табиғаттың оянуын бейнелейтін жылы-жұмсақ, ашық-жарқын түсті болса, тіптен жақсы. Оларды қосып қою арқылы бөлмеде көктем атмосферасын жасау өте оңай. Ал «ақылды» функциялары өз қызметін қатар атқара береді. Мәселен, жеткіліксіз болып қалған Күн сәулесін беріп, айналаны шуаққа толтырады. Немесе жасыл желек не гүлдердің хош иісін таратады, тағысын тағылар.
2. Үй гүлдеріне арналған «ақылды» күтім жүйелері
Көктемде гүлдер мен өсімдіктердің өсіп-жетілуі ерекше маңызды. Жақыныңыздың осы кездегі шаруасын жеңілдету үшін «ақылды» гүл күтім жүйесі құрылғысын тарту етіңіз. Олар өсімдіктерді бақылап, суару, жарық және температура талаптарын автоматты түрде реттейді. Бұл көктемнің символы, табиғатқа қамқорлық жасаудың үлгісі ретінде керемет сыйлық болады.
3. Мини өсімдіктерді өсіру жүйелері
Үйде немесе кеңседе көктемді, көктемгі табиғаттың тамашаларын сезінудің таптырмас жолы – айналаны жасыл желекпен қоршау. Мини өсімдіктерді өсіру жүйелері – кішкентай гүлдер мен шөптер өсіруге арналған автоматтандырылған жүйелерді қамтиды. Олар қолда болса, әр гүлді бір-бір түбекке отырғызудың, әрқайсына қажетті күтім жасап бас қатырудың қажеті болмайды. бірнеше өсімдік түрі бір мини-жүйеге біріктіріледі. Олардың күтімін де автоматты жүйе өз мойнына алады. Сіз сыйлық еткен жақыныңызхға тек жасыл желекке сүйсіну және алғыс білдіру ғана қалады.
4. Гүлдер мен табиғат мотивтері бар смартфон қаптамалары
Жақын адамыңызға смартфонының үлгісіне сай келетін, көктемнің табиғи элементтері мен гүлдер, ағаштар немесе көк аспанның мотивтері бейнеленген қаптама ұсыныңыз. Бұл – кішкентай, бірақ әсерлі сыйлық. Әрі күнделікті қолында жүріп, көзіне түскен сайын сүйіспеншілік пен сыйластық артуына себепкер болады.
Бұл қатарда гүл, жасыл желек, т,б, бейнеленген, көктемгі табиғат мотивтері бар сенсорлық қаламдар немесе стилустар, Bluetooth-колонкалар, смарт сағаттар, басқа да құрылғылар мен аксессуарларды қарастырға болады.
5. «Ақылды» ауа сапасын бақылағыш
Сауда-саттық алаңдарынан ауа сапасын бақылайтын құрылғының сан алуан үлгісін табуға болады. Олар көктемде жиі кездесетін аллергендерден аулақ болуға көмектеседі. Әсіресе, бұрыннан аллергиясы бар адамдар үшін таптырмас құтқарушы бола алады. Өйткені мұндай құрылғылар көктемнің маусымдық өзгерістерін бақылауға және үйдің ішінде жайлы ауа райын сақтауға мүмкіндік береді.
6. Ақылды су бөтелкелері
Ағзаға жыл он екі ай су қажет. Әсіресе, көктемде. Тәуліктік су мөлшерін ішіп жүрі көптеген дерттің алдын алады әрі біраз жайсыздықтан құтылуға жәрдемі бар. Сондықтан, жақыныңызға сый ұсынып қуантқыңыз келсе, «ақылды» су бөтелкесі де тамаша таңдау. Олардың кейбірі күні бойы су ішуді еске салады, енді бірі тәуліктік мөлшерге жеткізуді қадағалайды, су температурасын қажетті қалыпта сақтайды, тағысын тағылар. Ең бастысы – көктемде ғана емес, жыл бойы өте үлкен пайдасын тигізеді. Соның арқасында сіз де ұзақ уақыт бойы алғыс арқалайсыз.
7. Смарт ароматерапия диффузорлары
Ароматерапияға арналған смарт диффузорлар көктемнің гүлдері мен табиғаттың тазалығын үйге әкеледі. Олар автоматты түрде ауаға көктемнің хош иісін таратып, кеңсеге немесе үйге жаңа леп береді.
8. Ұлттық нақыштағы ою-өрнекті гаджеттер
Наурыз айының басынан бастап, сәуірдің соңына дейін Наурыз мерекесінің лебі сезіліп тұрады. Сондықтан да Ұлыс тойының ұзаққа созылуы айыпқа саналмайды. Ендеше, қазақы нақышта безендірілген гаджеттер сыйлау сәуірдің соңына дейін орынды деуге әбден негіз бар. Қазақ ою-өрнектері бейнеленген флеш-карталар немесе USB құрылғылары, смартфон қаптамалары, смарт-сағаттар, Bluetooth колонкалар, зарядтау құрылғылары, ноутбук немесе планшет қаптамалары, портативті зарядтау құрылғылары, құлаққаптар, смарт-шамдар, т.б. кез келгені құнды сый болары сөзсіз. Асылында мұндай сыйлықты табаннан тозып іздемей, қалаған ою-өрнектеріңізді тапсырыспен бастырып алған ыңғайлырақ.
Көктемде сыйланатын гаджет жаңару, табиғаттың ояну символдарын, сондай-ақ мезгілдің әдемі әрі жарқын атмосферасын жеткізе алатын ерекше идея болғаны абзал. Мұндай сыйлықтар тек қана көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймайды, функционалдық тұрғыдан тиімді әрі пайдалы.
Дайындаған: Бауыржан МЕЙІРХАНҰЛЫ,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
ЕСЕП шығара алатын ТЫШҚАН жайлы білесіз бе?