МАСАДАН құтқаратын МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША барын білесіз бе?

0
1 123

Одан басқа да масаға талатпайтын заманауи гаджеттер жайлы


МАСАДАН құтқаратын МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША барын білесіз бе?

Дәл қазір – жаздың нағыз қызған шағы. Демек, көпшілігіміз мезгілдің қызығына батумен қатар, маса атты мәселесімен де бетпе-бет келіп жүрміз. Ол ғана емес, басқа да жазда «жыбырлап» көбейіп кететін жәндіктермен күресуге мәжбүрміз. Үйде, аулада, көшеде, табиғат аясында... Тыныштық бермейді.

Маса, шыбын, басқа да жәндік, шіркейлерге қарсы гаджеттермен «қаруланыңыз». Сонда жеңіске жететініңіз хақ. Заманауи технологияның мүмкіндіктерін пайдаланып, қай жерде жүрсеңіз де жан тыныштығына қол жеткізе аласыз.


МОБИЛЬДІ ҚҰРЫЛҒЫ масаны қорқытады


Қазір ұялы телефондар мен планшеттер маса мен шыбын-шіркейге қарсы әрекет ете алады. Дәлірек айтсақ, оған орнатылатын қосымша. Google Play, App Store дүкендерінен iOS және Android үшін жәндіктерге қарсы ондаған қосымша табылады. Олардың бәрінің дерлік логотипі ұқсас, сызылған шыбын-шіркей бейнеленген және атауында «Масаға қарсы» деген жазуы бар бар.

Қосымшалардың жұмыс принциптері жоғары жиілікті ультрадыбысты таратуға негізделген. Бұл дыбысты адамның құлағы естімейді, ал масалардың жүйке жүйесін тітіркендіреді.

Дүние жүзінде масаның 3600-ден астам түрі бар. Зерттеушілердің айтуынша, жәндіктің әрбір түріне дыбыс жиілігінің деңгейлері әрқилы әсер етеді. Сондықтан қолданбадағы бір түймені бассаң болды, масаларды қырып жібереді деп үміттенбеу керек екен. Сіздің аймағыңыздағы масаларға ұнамайтын дыбысты табу үшін әртүрлі жиіліктерді қосып, масалардың әрекетін бақылауға тура келеді. Бұған біраз уақыт та кетуі мүмкін. Қосымшалардың ең ыңғайсыз тұсы – осы. Оны әзірлеушілер де ескертеді. Бірақ мақсатына жету үшін әртүрлі жиілік деңгейлерімен тәжірибе жасауды ұсынады.

Мобильді құрылғы қазір бәрінің дерлік қолында бар. Қосымшаны тартып алу – тегін. Сондықтан, қолжетімді нұсқа деп санауға болады. Бір рет тартып алып, әсерін байқап көруге тұрарлық.


XIAOMI-ден соңғы үлгідегі шам

Yeelight Mosquito Repellent Lamp – атақты XIAOMI компаниясы осындай атаумен шығарған электрлі тұзақ құрылғысын таныстырды. Құрылғы жылы мезгілде қолайсыздық тудыратын әртүрлі жәндіктермен күресуге арналған. Тітіркендіргіш жәндіктерден құтылып, тыныш ұйықтауға мүмкіндік береді. Өндірушілердің айтуынша, осындай бір гаджет 45 м² аумақты тазалайды. Батареядан қуат алатын құрылғы автономды режимде 4 сағат үздіксіз жұмыс істейді. Қуатты үнемдеу үшін түнгі режимі бар, тәуліктің белгілі бір сағаттарында автоматты түрде қосу-өшіру режимін баптауға болады.

Шамның жарықдиодты элементі ультракүлгін сәулелерді қолданып, маса, шіркей, күйекөбелек және басқа да ұшатын зиянкестерді өзіне тартады. Содан кейін оларды әлсіз ток разрядының күшімен жояды. Гаджет тудыратын электр өрісі адамдар үшін қауіпсіз.


Маса сіздің аулаңыздан аулақ жүреді

Табиғат аясында немесе есік алдында, аулада емін-еркін тыныққыңыз келсе, масаның мазаңызды алмауын REXANT қолшамы қамтамасыз етеді. Шам ультракүлгін сәулелермен жәндіктерді тартады және оларды электр разрядымен лезде жояды. Құрылғының қуатты батареясы 30 сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Ең ыңғайлысы – шам әрбір үйден еш қиындықсыз табылатын микро-USB кабелі арқылы зарядталады.

Құрылғыны кез келген бетке орнатуға немесе ілмекке іліп қоюға болады. Корпусы су өткізбейтін етіп жасалғандықтан, тіпті жаңбыр кезінде де пайдалана аласыз.


Жағымды бонус: заманауи технология әлеміндегі соңғы жаңалықтар арасынан өте пайдалы болатын екі гаджетпен таныс болыңыз.

Американдық Chamelo компаниясы линзаның түсін, мөлдірлігін тез өзгерте алатын күннен қорғайтын көзілдірік жасады. Аксессуардың сыртқы түрін бірнеше минут ішінде өзгертуге болады. Кейбір үлгілері кірістірілген динамиктермен, микрофонмен жабдықталған. Ол қоңырауларды қабылдауға немесе дауыстық көмекшімен байланысуға мүмкіндік береді. Соның арқасында көзілдірік сымсыз құлаққап орнына да қызмет ете алады.

Жаңа өнімде линзаның екі түрі бар. Біріншісі ағылшын тілінен аударғанда «дүркін» деп аталды. Арнайы технология көзілдірік иесіне линзалар өткізетін жарық мөлшерін 17% -дан 63% -ға дейін реттеуге мүмкіндік береді. Мұны тіпті 1 секундта емес, небәрі 0,1 секундта жасауға болады екен. Бұл функция спортшыларға, соның ішінде жүгірушілерге айналаның көрінісін жылдам реттеу үшін пайдалы.

Линзаның екінші түрі – призматикалық. Олар түсін өзгерте алады. Төрт нұсқа бар: сары, қызғылт сары, қызғылт және ашық реңк. Түстерді жақтаудағы түймені пайдаланып ауыстыруға болады.


Kickstarter сайтында жаз үшін өте қолайлы, ыстық ауа-райында салқындатуға арналған кеудеше пайда болды. Koojack – жеңіл салқындатқыш кеудеше ретінде сатылады. Денені салқындату үшін жартылай өткізгіштік технологиясын пайдаланады. Құрылғы термоэлектрлік әсерге негізделген, онда панельдің бір жағы салқындатылса, екіншісі жылу шығарады.

Кеудешеге алты салқындатқыш пластина орнатылған. Әрқайсында жылуды шашырататын өз желдеткіші бар. Олар іске қосылғаннан кейін 3-5 секунд ішінде салқындық сезіледі.

Көкірекшеде температураны 25°C деңгейінде ұстай алатын біріктірілген басқару жүйесі бар. Сол жақ қалтасына жүйені қуаттандыратын 5000 мАч портативті батарея орнатылған. Бір зарядтағанда екі сағат салқындатуды қамтамасыз етеді. Басқа қалталарына ұсақ-түйек заттарды сала беруге болады.

Кеудешені қолмен немесе кір жуғыш машинада жууға болады. Тек алдымен желдеткіштерді, батареяны алып тастау керек. Желдеткіштердің өзін дымқыл шүберекпен және жұмсақ щеткамен тазалауға болады.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

500 000 ТЕЛЕДИДАР ТЕГІН таратылды