​КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙДІ: ең кішкентай құлаққаптар және таңғаларлық фактілер

0
93

Жұтып қойған құлаққап асқазанда тұрып та жұмыс істеуін тоқтатпаған


​КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙДІ: ең кішкентай құлаққаптар және таңғаларлық фактілер

Көрнекілік фото: ir.ozone.ru

Заманауи гаджеттер нарығындағы басты трендтердің бірі — миниатюризация. Яғни құрылғылардың көлемін барынша кішірейтіп жасау. Мәселен, құлақ ішінде мүлде білінбейтін, тіпті жастыққа басыңызды қойып ұйықтасаңыз да кедергі келтірмейтін микро-құлаққаптар бар.


Әлемдегі ең кішкентай құлаққаптар

Rowkin Micro. Бұл – әлемдегі ең кішкентай сымсыз стерео-құлаққаптардың бірі. Ұзындығы 1,7 см ғана. Салмағы небәрі 3,1 грамм. Құлақ қалқанынан мүлде шығып тұрмайды.

Soundcore Sleep A20 / Bose Sleepbuds II. Қалыңдығы небәрі бірнеше миллиметр болатын бұл модельдер ұйқы кезінде тағуға арнайы жасалған. Бір бүйірмен жатқанда құлаққа батпайды. Сыртқы қорыл мен шуды бәсеңдететін ақ шу ойнатуға бейімделген.

Sony LinkBuds S. Әлемдегі ең жеңіл әрі ықшам құлаққаптар санатына кіреді. Құлақта бар-жоғы сезілмейтіндей етіп жобаланған. Салмағы – 4,8 грамм. Шуды белсенді басу функциясы бар. Олар

Earin A-3. Швециялық инженерлер жасаған бұл құлаққапта ешқандай батырма да, артық тіреуіш те жоқ. Тек миниатюралық цилиндр пішінінде жасалған. Салмағы 3,5 грамм шамасында.


Оқы, қызық!

  • Ең алғашқы миниатюралық құлаққап 1950 жылдары тыңшылар үшін жасалған. АҚШ пен КСРО арнайы қызметтері құпия келіссөздер кезінде ақпарат беру үшін құлақ ішіне жасырылатын алғашқы микро-қабылдағыштарды ойлап тапқан. Олар кәдімгі сұр түсті пластиктен жасалып, тері түсімен бірдей болып көрінген.
  • Салмағы қағаздан жеңіл, көлемі түймедей ғана корпустың ішіне 100-ден астам бөлшек сыяды. Онда микрофон, Bluetooth-антенна, процессор, драйвер (динамик) және литий-ионды аккумулятор орналасуға тиіс. Инженерлер бұл бөлшектерді микроскоптың көмегімен құрастырады.
  • Микро-құлаққаптарда диаметрі 5–7 миллиметр болатын түйме тәрізді аккумуляторлар қолданылады. Соған қарамастан, олар 3-тен 6 сағатқа дейін үздіксіз жұмыс істей алады.
  • Гиннестің рекордтар кітабына енген құлаққап бар. Есту аппараттары технологиясы негізінде жасалған Phonak Lyric құрылғысы айлап құлақ ішінде тұра беретін әлемдегі ең кішкентай аудио-құрылғы ретінде рекорд орнатқан.
  • Әуе компанияларының статистикасы бойынша, ұшақ орындықтарының арасынан табылатын ең көп зат – шағын сымсыз құлаққаптар. Көлемі кішкентай болғандықтан, ұйықтап кеткен жолаушылар олардың түсіп қалғанын байқамай қалады.


Бірнеше адам құлаққапты жұтып қойған

Уфалық Мария есімді әйел Apple AirPods сымсыз құлаққабын дәрі деп ойлап, басқа да капсулалармен бірге ішіп қойған. Тек біраз уақыттан кейін құлаққаптың бірі жоқ екенін байқап, оны жұтып қойғанын түсінген. Осы қателіктің салдарынан шағын электронды құрылғы пациенттің асқазанына түсіп, онда тұтас бір тәулік бойы болған. Мария әуелі құсу рефлексін шақыруды немесе іш жүргізетін дәрі ішуді ойлаған. Дегенмен, ауруханаға барып рентгенге түскенде, дәрігерлер құсуға да, іш жүргізетін дәрілер ішуге де, сондай-ақ ФГДС (гастроскопия) процедурасын жасауға да қатаң тыйым салды. Өйткені мұндай әрекеттер өңешті зақымдауы немесе құрылғыдағы батареяның зақымданып, ішке химиялық сұйықтық тарап кетуіне әкелуі мүмкін еді. Дәрігерлер жағдайды бағалай келе, асқынулар қаупіне байланысты ота жасамау туралы шешім қабылдады. Олар құлаққаптың ағзадан табиғи жолмен шығуын күтуді ұсынды. Дәрігерлердің кеңесімен табиғи процесті күткен Марияның ағзасынан құлаққап келесі күні ешқандай хирургиялық араласусыз шықты. Жағдай сәтті аяқталып, денсаулығына зиян келмеді.

Бұл оқиғадағы ең таңғаларлық жайт – сымсыз құлаққаптың адам денесінің ішінде болса да, өз жұмысын жалғастыруы болды. Мария журналистерге гаджеттің смартфонға әлі де қосылып тұрғанын, бірақ ол арқылы музыка естілмегенін айтыпты.

Мария құлаққап жұтып қойған әлемдегі алғашқы адам емес. 2019 жыл тайваньдық Бен Хсу есімді жігіт құлаққабымен ұйықтап қалып, түнде оны байқамай жұтып қойған. Оянған кезде құлаққаптың бірін таба алмай, «Find My AirPods» функциясы арқылы іздеген. Дыбыс сигналы өзінің ішінен шығып жатқанын түсінген ол дереу ауруханаға барған. Дәрігерлер рентген арқылы құрылғының асқазанында тұрғанын көріп, іш жүргізетін дәрі берген. Құлаққап табиғи жолмен шыққаннан кейін, оны жуып, кептіріп көргенде құрылғы әлі де жұмыс істеп тұрғаны белгілі болған.

Ұқсас жағдай 2021 жылы АҚШ тұрғыны Брэд Готьенің де басынан өтіпті. Бұл азамат үйде қар тазалап жүріп, музыка тыңдаған. Кешке қарай ұйықтар алдында құлаққабының бірі жоқ екенін байқаған, бірақ аса мән бермеген. Түнде су ішпек болып тұрғанда кеудесінде бір ауырлық пен қысылуды сезінген. Рентгенге түскенде, өңешіне AirPods тығындалып қалғаны анықталды. Дәрігерлер оны шұғыл түрде эндоскопия арқылы шығарып алған. Құрылғы тексергенде бұрынғыдай істеп тұрғаны, тек микрофоны нашарлай түскені анықталыпты.

2023 жылы тағы бір АҚШ азаматы Мо Кеннеди ұйықтап жатып AirPods Pro құлаққабын жұтып қойған. Түн ортасында шошып оянып, оны құсып шығармақ болғанымен, еш нәтиже шықпады. Ауруханадағы компьютерлік томография тексерісі құлаққаптың асқазанға түскенін көрсетті. Дәрігерлер асқазан сөлі мен батарея химиясы қауіпті екенін айтып, шұғыл түрде ота жасап, алып шықты. Ең қызығы, оның анасы қыздың асқазанында тұрған құлаққап пен Bluetooth байланысы арқылы ондағы дыбыстар мен күлкісі естіліп тұрғанын айтып таңғалған.

Бұл жағдайлар миниатюралық гаджеттердің (әсіресе Bluetooth құрылғылары мен кішкентай батареялардың) герметикалық тұрғыдан өте мықты жасалатынын көрсетеді. Алайда дәрігерлер литий-ионды батареялардың ағзада жарылу қаупі бар екенін ескертеді. Жоғары технологиялар әлемі әрдайым саналылықты талап етеді. Көлемі кішкентай болғанымен, атқаратын қызметі мен қуаты орасан бұл гаджеттерді қолданғанда сақтық пен гигиена ережелерін ұмытпаған жөн.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Трамптың «АЛТЫН» смартфоны кімдерді қызықтырады?