​Үйдегі ЖЫЛУ БАТАРЕЯЛАРЫ сіздің СҰЛУЛЫҒЫҢЫЗҒА қарсы әсер етеді

0
38

Жылыту маусымында бет терісіне күтім жасаудың 6 ережесі


​Үйдегі ЖЫЛУ БАТАРЕЯЛАРЫ сіздің СҰЛУЛЫҒЫҢЫЗҒА қарсы әсер етеді

Сурет: ЖИ

Қыста, сыртта аяз болып тұрғанда, жылытылған жайлы үй нағыз жұмақтай көрінеді. Ең сенімді... Ең қауіпсіз... Ең жайлы орын. Бірақ біздің теріміз бұл пікірмен келіспейді. Өйткені, жылыту маусымы тері үшін нағыз сынаққа айналады.

Құбырлар мен батареялар ысып, айналаға жылы ауа таратқанда, тері жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүр болады. Үй ішіндегі құрғақ ауа оның жағдайын әжептәуір нашалатады.


Тұрғын бөлмедегі қалыпты ылғалдылық 40–60% шамасында болуы керек. Батареялар мен жылытқыштар қосылып тұрғанда бұл көрсеткіш 20–30%-ға дейін төмендеп кетуі мүмкін. Ауа неғұрлым құрғақ болса, тері бетінен ылғал соғұрлым тез буланады. Егер терінің қорғаныс қабаты әлсіреген болса, ылғал жоғалту күшейіп, су балансын қалпына келтіру қиындайды.

Температураның күрт ауысуы жағдайды одан әрі қиындатады. Киіммен қорғалмайтын бет терісі далада суық пен желге тап болса, үйге кіргенде жылы әрі құрғақ ауамен бетпе-бет келеді. Бұл қорғаныс механизмдеріне салмақ түсіріп, бұрыннан бар мәселелерді одан сайын ушықтыруы мүмкін.

Мәселен, жылыту маусымында бет жуғаннан кейінгі терінің тартылуы мен құрғап кетуі өте жиі орын алады. Бет ұшында, мұрын айналасында, иекте және ауыздың төңірегінде қабыршақтану пайда болады. Терінің сезімталдығы артып, кетпейтін қызару жүйкеге тиеді. Бет өңі солғын тартып, шаршаңқы көрініп тұрады. Тері ауруларының, әсіресе атопиялық дерматиттің өршуі сияқты мәселелер туындауы ықтимал.

Сондықтан жылыту маусымы басталғанда күтім тәртібін аздап өзгерту туралы ойланыңыз. Теріні ылғалдандыруға, қорғаныс қабатын сақтауға және сыртқы тітіркендіргіштерден қорғауға ерекше мән беру керек.


1. Жұмсақ тазалау құралдарына көшіңіз

Жылыту маусымында үйреншікті бет жуу құралдары тым агрессивті болып кетуі мүмкін. Әсіресе бетті «сықырлағанша» тазалап жуғанды ұнататын болсаңыз, бұл теріге зиян. Оның табиғи қорғаныс қабатын шайып тастайсыз. Тазалау үшін өткір хош иіссіз, құрамында тітіркендіргіш заттары жоқ, жұмсақ формулаларды таңдаған дұрыс.

Жұмсақ гельдер мен крем-гельдер, тазартқыш сүтше, гидрофильді майлар мен арнайы эмульсиялар жақсы. Бет жуатын су ыстық емес, сәл жылы болса жеткілікті. Ыстық су тері бетіндегі липидтерді кетіріп, құрғақтықты одан сайын күшейтеді. Жуынған соң бетті қағаз майлықпен ақырын құрғатыңыз. Терінің pH балансын қалпына келтіру үшін тоник жағыңыз.


2. Көз айналасы мен ерін күтімін ұмытпаңыз

Көз айналасындағы тері өте жұқа әрі сезімтал келеді. Сондықтан жылыту маусымында әдеттегіден қатты құрғауы мүмкін. Бұл аймаққа күтім жасау үшін құрамында глицерин, гиалурон қышқылы, пантенол және басқа да ылғалдандырғыш компоненттері бар арнайы құралдарды пайдаланыңыз. Оларды көзге тигізбей, теріні қатты созбай, ақырын жағу керек.

Ал ерінде май бездері мүлдем жоқ деуге болады. Сол себепті бөлме ауасы құрғағанда ылғалды өте тез жоғалтады. Ерінді құрамында вазелин, түрлі майлар мен жұмсартқыш заттары бар бальзамдармен қорғаңыз. Оларды күні бойы қажетіне қарай және ұйықтар алдында жағып жүріңіз. Тітіркенуді күшейтпеу үшін ерніңізді жаламауға және қабыршақтарын қолмен жұлып тастамауға тырысыңыз.


3. Косметиканың құрамына мән беріңіз

Күнделікті күтімге ылғалдандыратын, қалпына келтіретін және жұмсартатын компоненттері бар құралдарды таңдаңыз. Құрамынан гиалурон қышқылын, глицерин, бетаин, аминқышқылдарын, церамидтер, май қышқылдарын, холестерин, пантенол, өсімдік майлары мен ниацинамидті іздеңіз.

Ылғал жоғалтудан қосымша қорғану үшін құрамында сквалан, вазелин, диметикон және ши майы бар өнімдер жақсы көмектеседі. Құрғақтық пен қабыршақтану кезінде 2–5% концентрациядағы мочевинаға назар аударыңыз. Алайда терісі тітіркенген немесе розацеасы бар адамдар оны абайлап қолдануы керек. Себебі бұл компонент теріні ашытуы мүмкін.

Аталған компоненттердің бәрін бір құралдың ішінен іздеу міндетті емес. Мысалы, гиалурон қышқылы бар сарысуды құрамында церамидтер мен сквалан бар креммен үйлестіруге болады.

Күтім құралдарын сәл дымқыл теріге жаққан дұрыс. Сонда ылғалдандырғыш компоненттердің әсері күшейіп, жұмсартқыш заттар ылғалды теріде ұстап қалуға көмектеседі.

Егер бетіңіз қатты қабыршақтанса, оны декоративті косметика жағып жасыруға тырыспаңыз. Алдымен басты назарды бетті дұрыс күтуге, терінің қорғаныс қабатын қалпына келтіруге аударыңыз.


4. Пилингті мөлшерден асырмаңыз

Жылыту маусымында тері әдеттегіден көбірек қабыршақтанады. Бірақ бұл оңды-солды скраб пен пилинг жасауға себеп емес. Тері құрғап, қорғаныс қабаты әлсіреп тұрғанда тым белсенді тазарту мәселені шешпейді, керісіне, тітіркену мен тартылуды күшейтіп, ушықтырады.

Күнделікті күтімде барынша жұмсақ құралдарды қалдырыңыз. Бұл қышқыл мөлшері аз пилинг, гоммаж немесе энзимді ұнтақ болуы мүмкін. Қолдану жиілігі терінің түрі мен жағдайына байланысты. Тым құрғақ әрі сезімтал теріге 1,5–2 аптада 1 рет, қалыпты теріге аптасына 1 рет, аралас және майлы теріге аптасына 2 рет жеткілікті. Ал егер тері қатты құрғап, қызарып, қабыршақтанып тұрса, қорғаныс қабаты қалпына келгенше пилингтен бас тартқан жөн.


5. Қышқылдар мен ретинолды қолдану тәртібі

Жылыту маусымы басталғанда әр күтім құралына терінің реакциясын мұқият бақылаңыз. Қышқылдар мен ретиноидтар жиі қолданылса және терінің қорғаныс қабаты әлсіреген болса, құрғақтықты, қабыршақтану мен тітіркенуді күшейтіп жіберуі мүмкін.

Егер терінің тартылуы, қызаруы немесе қабыршақтануы байқалса, белсенді құралдарды сиретіп жағыңыз немесе уақытша үзіліс жасаңыз. Бірақ ылғалдандыру мен SPF (күннен қорғайтын крем) туралы ұмытпаңыз. Егер ретиноидтар мен қышқылдарды емдеу мақсатында дерматолог тағайындаған болса, қолдану кестесін дәрігермен бірге өзгерту керек.


6. Үйдегі ауа ылғалдылығын қалыпты деңгейде ұстаңыз

Егер үй ішіндегі ылғалдылық 30%-дан төмен түсіп кетсе, күтім қанша жерден мінсіз болса да, пайдасы шамалы. Тері бәрібір тартылып, құрғай береді. Сондықтан, ең дұрысы, ауа ылғалдатқыш сатып алып, соның көмегімен ылғалдылықты 40–60% деңгейінде ұстау. Ондай құрылғы жоқ кезде батареялардың жанына су құйылған ыдыстар қойып, суын уақытылы ауыстырып тұрыңыз.

Тағы бір маңызды нәрсе – бөлме температурасы. Сырттан тоңып келгенде қосымша жылытқыш қосып, үйді +25 °C-қа дейін ысытып жібергіңіз келетіні түсінікті. Бірақ температура жоғарылаған сайын ауаның ылғалдылығы төмендеп, құрғақтық күшейеді. Ең тиімдісі бөлме температурасын +20...+22 °C шамасында ұстап, үйді жиі желдетіп тұру.

Дайындаған: Х. Орал,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:

ТЕРМОТУШЬ – кірпік бояуының жаңа буыны

БОКСпен айналысу ӘЙЕЛдің өзіне СЕНІМДІЛІГІН арттырады

ЖУЫНАТЫН БӨЛМЕні таза ұстауға БІР ҚАСЫҚ ТҰЗ жетеді